ҰЛТШЫЛДЫҚ пен ҰЛТСЫЗДЫҚ
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді», деп ұлтаралық қатынастардың өзінен өзі реттелмейтіндігіне, олардың астарында сан алуан әлеуметтік, саяси, психологиялық қайшылықтар барлығына назар аударды.
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді», деп ұлтаралық қатынастардың өзінен өзі реттелмейтіндігіне, олардың астарында сан алуан әлеуметтік, саяси, психологиялық қайшылықтар барлығына назар аударды.
Жаһандану заманында ұлттар мен ұлыстар, бір жағынан, топтасып, өзара байланысып, біртұтастыққа икемделсе, екінші жағынан, бұл үрдістің ұлттар (бұл мақалада ұлт ұғымын біз этностық мәнінде ғана қолданамыз) арасында күрделі қайшылықтар тудырып, ұлттық мемлекеттер мен олардың мәдениетінің тағдыры алаңдатып отыр. Оның көріністері ұлтшылдық деп ұлтсыздық қарама-қарсылығының шиеленісуінен де аңғарылады. Бірақ, әр аймақта, әр мемлекетте ұлтаралық байланыстар, оның адамдар санасындағы бейнесі, қабылдауы бірдей емес. Мақалада Қазақстанға байланысты ұлтшылдық, оның түрлері мен ұлтсыздық көріністерінің кейбір тұстары туралы ғана сөз қозғалады.
Ұлтшылдық у ма, бал ма?
Ұлттық сана мен ұлттық болмыс әр халықта өзін басқалармен салыстыру барысында қалыптасып, өзгеріп, жағдайларға икемделеді. «Біз» бен «оларды» саралап, өз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ажыратып, кейде тіпті таласып та жатамыз. Дегенмен, әр халықтың тарихына байланысты белгілі бір ұлттармен ғана қарым-қатынасқа түскендіктен, солар туралы жағымды, жағымсыз пікірлер, стереотиптер санаға орнығады. Ол байланыс әр түрлі деңгейде көрінеді. Қазақ халқының ұлттық санасында бірінші деңгейде Қазақстанда тұратын этностардың бейнесі, олардың ішінде орыс этносының тарихи жағдайларға байланысты келбеті қайшылықты, күрделі қарама-қарсылықтарға толы. Патша үкіметінің отарлау саясаты, қазаққа қиянаты кезінде «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңды болсын» деп сақтандыратын сөз де тудырды. Екінші деңгейдегі біздің санамыздағы образ Ресей халықтары мен бұрынғы одақтас республикалар халықтары. Сонымен бірге, немістер, француздар, қытайлар, америкалықтар, басқа да ұлттар соңғы кезде бізге жақын араласатын іскер серіктеріміз. Біз оларды енді танып-біліп жатырмыз.
Үшінші деңгейде бізбен тығыз қарым-қатынас, әрекеттестікте болмаған халықтар, олар туралы әдебиеттен, ақпараттық құралдардан көбірек білеміз.
Ұлтшылдық пен ұлтсыздық психологиясы өз ұлтын және басқа да жақын қарым-қатынастағы ұлттардың бір-бірін қабылдауына байланысты туады. Ұлт саясатын айқындау барысында бірқатар мемлекеттер ұлт ұғымына, ел халқының қалай түсінетініне мән береді. Ресейдің осы мәселеге арналған зерттеулеріне жүгінсек, сауалға жауап бергендердің 48,6%-ы ұлт қасиетті, адамға табиғаттан, Алладан берілген деп қастерлейді; 48,2%-ы ұлты арқылы адам отанын, ата-бабасын, тарихын танып, елін сақтайды депті; 41,2%-ы әрбір дені дұрыс адам ұлтымен мақтануға тиіс деген. 16,4%-ы ұлт адамдарды қауымдастырып, ортақ мақсатқа қол жеткізеді десе, 11,8%-ы болашақты айтпағанда, ұлт бүгінде көп жағдайда ескірген ұғым депті. 9,7%-ы адамдар тегіне қарамай, ұлтын өзі таңдауға құқылы болсын деген. Ұлттар мидай араласып, орыс ұлтына сіңісіп бара жатқан ресейлік қоғамда бұл жауап таңқаларлықтай емес. Сауалға жауап бергендердің 6,3%-ы ұлт ұғымы адамдарды жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды деп жауап берген. Ең бір назар аударатын жағдай, 50 жастан асқандар арасында ұлтты қасиетті деп санайтындар көбейе түседі.
Бұл мәселеге немістердің де пікірі көңіл аударарлық. «Шпигель» журналының зерттеуі бойынша, «Сіз үшін ұлт деген нені білдіреді?» деген сауалға 14 пен 29 арасындағы жастардың 31%-ы «ештеңені де білдірмейді» десе, 21%-ы «ескірген ұғым» депті. «Немістердің басқа да ұлттардан артықшылықтары бар ма?» деген сауалға 52%-ы «жоқ» десе, 45%-ы кейбір халықтардан артықшылықтары бар депті, ал 2%-ы тіпті фашистік ұстанымда болған. «Егер артықшылықтар болатын болса, немістер қай халықтардан артық? деген сауалға, 87%-ы поляктардан, 74%-ы түріктерден, 63%-ы орыстардан, 20%-ы француздардан, 11%-ы америкалықтардан деген.
Осылай біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары – құндылық, үшіншілер үшін ұлт патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат қажыр-қайрат береді. Бұл – әр халыққа тән ұлттық патриотизм. Сонымен бірге, ұлтқа бей-жай, болмаса жағымсыз пікірлер де баршылық.
Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі, тіпті өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан басқа ұлттардың құндылығы алыс, бұлдыр, көзге көрінерліктей бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Шынында да адамдарға өз халқының өзге де жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын психологиялық, идеологиялық тұрғыдан сендіру қиын емес. Осылай өз ұлтына өзгеде жоқ қасиеттер таңылады. Абай айтқандай, «ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…» ойлау қазақтарға да тән. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды. Бұл індетке терең шалдыққан өз ұлтын, ортасын басқалардан артық қоятын отарлаушы ұлттар.
Себебі, астамшылық міндетті түрде бөтен этностарға жағымсыз көзқарас туғызып, өз этносының артықшылығын мойындатуға тырысады. Кейде бұл құбылысты этностық нарциссизм – өзін өзі сүюшілік, менмендік дейді. Көне грек аңызы бойынша, Нарцисс судан өз бейнесін көріп, өзіне өзінің сүйіспеншілігі соншалықты, тіпті көз алмастан қарап, сол күйінде қатып қалып өмірден кеткен. Өлгеннен кейін ол нарцис атты гүлге айналған.
Адамның өз халқының мәдениетіне, тарихына көзқарасы әралуан. Әсіресе, империялық ұстанымдағы ұлттар астамшылық психологиясымен ерекшеленеді. Ол індетке шалдыққан ұлт өкілдері, ерекше жаратылған, тіршіліктің ішіндегі ең маңдай алдысы деп есептейді. Осыдан келіп басқалармен қарым-қатынасын оның ортасы, ұлты, нәсілі басқалардан артық деген қағидаға негіздейді.
Ұлттық өркөкіректік бара-бара ұлылық дертіне, ұлттық масаттанушылыққа, паңдыққа шалдықтырады. Ондай ұлттың өкілдері өздеріне ерекше құрмет, ерекше құқ талап етеді, осылай ұлтшылдықтың асқан түрлері шовинизмге, одан фашизмге ұласады, түптің түбінде өзін өзі құрытуға апарады.
Өмірде астамшыл ұлтшылдықтың көріністері бір-бірімен байланысып, ықпалдасып жатады. Менменсіген орыс шовинизмі еуропа ұлтшылдығы алдында төменшіктеп, бәсеңдеп қалады. Орыстардың «Чем быть азиатом в Европе, лучше быть европейцем в Азии» деуі, Ресейдің азиялықтарды айтқанына көндіру, мойын ұсындыру мақсатын айқындайды. Орыс интеллигенциясы өзін өзі танудан гөрі, Азияда нағыз еуропашылдар болғысы келді. Бірақ қандай тыраштанғанмен орыс отаршылдары орыстанудан, шоқындырудан, елді мекен, жер-су аттарын орыстандырудан аса алмады, еуропалықтардай ел басқарудың өркениетті үлгісін көрсете алмады. Дегенмен, қазақ зиялылары аз да болса орыс демократтарынан үйренді, орыс білімінен сусындады.
Астамшылдық психологиясы басқаларды кемсітумен, олар туралы әртүрлі ғылыми теориялар таратумен, халықтарды «ең мықты», «орташа», «төмен» деп жікке бөлумен қатар жүреді. Ол «теориялар» жылдардан жылдарға, ғасырдан ғасырға ұласып, ел ішінде наным-сенімдер қалыптастырады. Осылай астамшылықты негіздейтін «эволюция басқыштары» немесе «даму сатылары» деген тұжырым өмірге келді. Адамзат даму барысында халықтар әр түрлі деңгейден көрінеді, біреулер ілгерілеп, екінші тоқтап қалса, біреулері өрлеп алға баса береді. Сонымен, адамзатқа көз жіберсек, ол эволюцияның әртүрлі кезеңдерінде дамып келеді. Осыдан адамзат эволюциясының басқышы деген тұжырым жасалды. Ол басқыштың жоғарғы төрінде өркениетті деген елдер орын алса, төменгі басқыштарда өркениетті елдерге мәдениеттері ұқсас, үйлесімді мәдениеттер орын алады, ең төменгі басқышта орналасқан «мәдениетсіз», «жабайылар» орналасқан. «Эволюциялық басқыштарда» да орналасудың басты критерийі еуропа мәдениетіне сәйкестілігі, сондықтан да бұл пікір шындықтан аулақ, субъективті психологияға негізделген. Төменгі басқышта орналасқан көшпенділер жоғарғы басқыштарға орналасқан отырықшы халықтарды рухымен, ақыл-айласымен, білімімен, күшімен талай бас идіргені де тарихи ақиқат.
Басқалардан өз ұлтын жоғары бағалау, болмаса шовинизмнің көрініс алуы әртүрлі деңгейде этнос өкілдерінің ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдайларына, этносаралық өзара байланыстарды реттейтін мемлекеттің ұлт саясатына байланысты. Дағдарыстар жағдайында қаһарына мінген шовинистік топтар этносқа қарсы зорлық-зомбылық жасап, оны жер бетінен жоюға дейін барады. Шовинизмнің себептері әр түрлі: этносаралық қатынастарда өз мәртебесін жоғары санау, мүмкін болса этностарды бағындыру, сырттан келген мигранттардан сақтану, өз мүддесі үшін басқа ұлттың табиғи байлығына таласу, экономикалық бәсекелестікте қарсыласын әлсірету, тағы басқалар.
Ұлтшылдықтың тағы бір көрінісін мәдени консерватизм деуге болар. Ұлттың төл ерекшеліктерін тек өткен замандағы құндылықтармен, тұрмысымен ғана өлшеп, ол үлгілерді бүгінгі талапқа сай икемдемей, сол қалпында пайдалануға тырысушылық. Оны бүгінгі ұрпақтың қабылдауы не қабылдамауымен есептеспеу де дағдарысқа апарады.
Ұлттық астамшылық, шовинизм қай заманда сол ұлтты толықтай өз ықпалына икемдей алмаған. Ұлтаралық қатынастарға толеранттылық, төзімділік, сыйластық та тән. Этностар арасында бәсекелестік, сенімсіздік, жек көру де, ынтымақтастық пен бірлестік іс-қимыл жасау да қатар жүреді, болмаса кезектесіп те жатады. Ал отарланған, бағынышты ұлттардың ұлтшылдығының астарында патриотизм, өзін өзі сүю, ішкі ашу-ызаны сыртқа шығару, өзін өзі сақтаудың амалы жатыр. Кейде өзін басқаларға қарсы қойып, өзін өзі таныту, өз талабының дұрыстығын дәлелдеу үшін бағынышты ұлт өкілдері де астамшылық, ұлттық тәкәппарлыққа, этнопопулизмге ұрынатынын Абай екінші қара сөзінде қазақты сынға алғанын айттық. Бұл біз де мықтымыз деген жұбаныш сияқты. Абайдың салыстыру әдісін кейінірек саяси ғылымда компаративтік әдіс деп атады. Этностарды әртүрлі тұрғыдан, мысалы, демографиялық, кәсіби, білім, денсаулық, т.б. деңгейлерден даму үрдісін анықтау әлеуметтік ғылымда бүгін кең тараған оларды сабасына түсіретін ғылыми амал.
Сонымен, ұлтшылдық әр түрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды, қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық – «халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» (М.Шоқай. Таңдамалы. Бірінші том, 1998, 62-бет). Ұлтшылдық – ұлтты тәуелсіздіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы. Тағы да М.Шоқайша айтсақ: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек» (Сонда, 115-бет).
Ұлттық патриотизм және отарлау саясаты
Кеңес Одағында халықтар достығы, интернационализм идеологиясы екі қарама-қайшы үрдістердің қыспағында болды. Бір жағынан, ұлттық мәдениеттің дамуы, ұлттық театрлар, жоғары оқу орындарының ашылуымен бірге ұлттық интеллегенция қалыптасып, ұлттық сана өсті. Кеңес заманында әр тарапқа шашырап кеткен қазақ жері жинақталып, жаңа әкімшілік шекаралар айқындалды. Қазақтар Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген территорияға шоғырланып, сол жердің иесі болды. Олар өздерін тұтас ұлт (этнос) ретінде сезінді. Сөз жоқ, бұл ұлттық сана-сезімді көтеріп, қазақтың беделін өсірді. Осы атамекенде 1991 жылы Тәуелсіз Қазақ елі пайда болды. Екінші жағынан, кеңес билігі бір қолымен жаңа ұлт қалыптасуды қолдаса, екінші қолымен сол ұлтты тұншықтыруға тырысты, бірақ оларды жоя алмады. М.Шоқай айтқандай, «коммунистер «балғасымен жаншып, «орағымен» орып тастап» отырды. Осы екіұшты саясат терең қайшылықтарға әкелді. «Союз нерушимый республик свободных» деген жай ғана ұран болды. Кеңестік басқару жүйесі орыс билігі деп қабылданды. Жасанды достықтың әр жағында дағдарысқа толы күрделі жүйе жатыр еді. Одақтың іргетасына түскен сызат оны қиратып тынды.
Соңғы кезде кеңестік социалистік жүйенің ыдырауына байланысты ұлтшылдықты «әлемдегі ең құдіретті де қуатты күш» деп баға беретіндер де бар. Дегенмен, ұлтшылдық төңірегінде, оның пайда болу себептері мен мәні туралы ғылыми және саяси айтыстар толастар емес. Ұлтшылдық туралы жағымды не жағымсыз деп ой жүгірту, үзілді-кесілді пікір айтудан гөрі, оны қолдаушылар батыл, әділ істің адамдары ма, әлде қызба қанды даурықпалар ма деген ой келетініні анық.
Кеңестік қоғамтану әдебиетінде ұлтшылдық (национализм) тек жағымсыз мағынада, ұлттық менмендік, эгоизм, өз ұлтын басқадан жоғары қоюшылар, басқа ұлттарды өз ұлтының мүддесіне икемді, тіпті күшпен бағындыру, қудалау деген айдар тағылды. Ұлтшылдық деп өз ұлтын ең жоғары құндылық деп санап, оны басқалардан артықшылығын түсіну, халықтардың тең құқығын мойындамау, басқаларға шыдамсыз болу, аралас некеге тыйым салу деп біржақты баға беріліп келді.
1985 жылдан бастап, Батыспен байланыстар ұлғайған сайын, орталық билікке қауіп төндірген 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін, оған тіпті «Қазақ ұлтшылдығы» деген баға берілгеніне қарамастан, Балтық жағалауы, Грузия, Украинадағы ұлттық қозғалыстар ұлтшылдық төңірегінде терең ой салды. Оған жақсы-жаман деп баға беруден гөрі, оны ғылыми доктрина есебінде зерттей бастады. Енді тарихтың қозғаушы күші таптар дегеннен гөрі, ұлттық қауымдастыққа қарай ойыса бастады. Ұлттық құндылықтар мен мүдделерді тек таптық мүдделермен өлшеудің ақиқатты бұрмалауға соқтыратынына көз жеткізілді. Ұлттың тәуелсіздігінің табиғи қажеттілігі мойындалып, маңызды саяси қағидатқа айналды.
Сөз жоқ, жаңа тарихи ақиқатты тәуелсіздік алған елдердің байырғы халықтары мен метрополия әртүрлі тұрғыдан қабылдады. Тәуелсіздікті қазақтар, грузиндер, басқалар ұлт тарихындағы ұлы бетбұрыс, ұлттық жаңару деп қабылдаса, Кеңес Одағының ыдырауын, ұлттық қозғалыстарды, дербес мемлекеттердің өмірге келуін апат келтіретін ұлтшылдық деп бағалағандар аз болмады.
Байырғы ұлттардың тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола бастаған тұста, мұндай саяси жаңаруға дайын емес ресейліктер, одақтас республикада тұратын орыс диаспораларының бірқатар өкілдері бұрынғы кеңестік дағдыға салынып, тәуелсіздікті «этнократиялық революция», «этнонационализм» деп бағалады, әлі де одан айнығандары аз. Бүгін ұлтшылдық айдары Ресейдің автономиялы республикаларының ұлттық саясатына да таңылады. Ресейдің империялық саясатына қарсылық бұрынғы социалистік мемлекеттерде де анық байқалады. Ресейдің билігі мен қоғамдық санада ұлтшылдық ұғымын сөздің тек ескі мағынасында, тек зиянды саясат пен идеология деп қабылдау әлі де орын алып келеді. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресейдің саяси идеологиялық ықпалында қалып отыр. Ұлттық мүддені қолдау, мемлекет құраушы ұлттың талабы, отарлау саясатының ұлттың жанына салған жарақатын жазу, орнын толтыру, әлеуметтік, тарихи әділдікке қол жеткізуді, шынайы ұлттық патриотизмді елге зардап әкелетін идеология мен психология ретінде қабылдау әлі де көрініс алады. Қазақстандағы бірқатар орыстілді баспасөзде, орыстілді славян, еуропалық диспоралардың арасында қазақ мәселесін «нациократия», «русофобия», басқаларға қарсы бағытталған пиғыл деп ойлайтындар аз емес.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ұлттық патриотизм орыс халқына емес, империялық үстемдікке қарсы сипат алды. Тіпті интернационализм идеологиясын белсенді насихатталған сайын ұлттың тағдыры төңірегінде үрей, қорқыныш, сақтану, алаңдау сияқты психологиялық көріністер белгі бере бастады. Сонымен бірге, орыс, басқа да Қазақстанға қоныс аударғандардың ұлттық санасында туған топырағына деген қызығушылық, тарихи Отанын аңсау сияқты патриоттық сана ұялады. Сол себепті де Кеңес Одағы ыдырамастан бұрын, 70-жылдары орыс, украин, тағы басқалар тарихи отандарына орала бастады. 80-90-жылдардың басында 1 млн. 200 мың адам РСФСР, Украина, Белоруссияға оралды. 1991 жылғы қыркүйек айындағы зерттеулерге қарағанда, орталыққа деген көзқарастың жағымсыздығын Молдавиядағы орыстардың 79%-ы, Қырғызстанда – 54%-ы, Батыс Украинада – 59%-ы, Қазақстанда үш орыстың бірі сезген.
Өкініштісі, империя үстемдігіне қарсылықты орыс халқының бірқатары орыс ұлтына қарсылық деп қабылдады. Ал тәуелсіздік алған байырғы халықтардың арасында күнделікті сана деңгейінде ұлттық патриотизм жалаң этнопопулизмге ұласып жатқан тұстары да болды. Одақтас республикалар түгіл, Ресейдің автономиялы республикаларының байырғы халықтары іргесін Ресейден аулақ салуға тырысты. Оның себебі, біріншіден, «үлкен ағаның» салқын құшағы, көзге шұқитын «қамқорлығы», «мен білемін» дейтін өктемдігі халықтардың намысын аяққа басты. Сондай-ақ ұлттың мүддесін, сұраныстарын менменшіл кеңес билігі қанағаттандырмайтынына көз жетті. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі империяға қарсы шығуға болатынына көз жеткізді. Ұлттық патриотизм бүкіл социализм әлеміне тарады.
Империялық астамшылықтың тарихи тамыры тереңде. Ресей ғалымы И.В.Малыгина мынадай қорытынды жасайды: «В полиэтнический российской империи мощное развитие получил «государственный» или «официальный национализм», «национализм, который реализовывался посредством политики «русификации» инородческого населения страны» («Национализм как форма культурной идентичности и его российская специфика. «Общественные науки и современность», 2004, №1, 149-бет). Ғалымдардың айтуынша, бұл саясат 200 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді.
Н.М.Ядринцев «Сибирь как колония» атты 1892 жылы Санкт-Петербургте шыққан еңбегінде қазақ жерінде болған орыстану саясатының көріністерін баяндайды. Сібір казактары әдейі қазақ, қалмақ ауылдарын аралап, олардың балаларын, қыздарын, әйелдерін тартып алып тұтқында ұстаған. Көптеген орыстар қазақ қыздары мен балаларын сатып алып жүрген. Кейде әйелдерді, жетімдерді қазақтар орыстарға сыйға берген (12 бет). Олар православие дінін қабылдап, орыстармен отбасын құрып, бірте-бірте орыстанған. Орыстандырудың бұл жолы 1737 жылғы 16 қарашадағы патша жарлығымен бекітілген (13-бет). Кейде орыстар қазақ, басқа да халықтарды орыстандыру үшін оларға әдейі үйленген. Автордың айтуынша, төменгі сатыдағы кемшін қазақ, қырғыз, буряттарды асылдандыру үшін аралас неке аса тиімді.
Сібір, қазақ даласын «орыстың Индиясы» деп қараған патша әйел Екатерина ІІ отарлау саясатының жұмсақ либералды жолын таңдады, барлық ұлттар мен ұлыстардың келісімін қалады. 1763 жылы оның жарлығы бұратана халықтармен байсалды бағыт ұстанып, мейірімді, қысымшылық көрсетпеуді, заң жолымен әділ болуды міндеттеді. Бұл саясат орыс емес халықтарды орыстың құшағына тартып орыстандыруды көздеді. Дегенмен, орыстандыру дөрекі жолдармен жүзеге аса берді: осы мақсатта миссионерлік мектептер ашылды, оларға кейде қазақ балаларын зорлап тартты. Орыстандыру қазақтарды қорқытудың, олардан пара алудың жолына айналды (119-бет). Н.М. Ядринцев қазақты шоқындырудың жұмсақ жолын, православие дінін зорлап тақпай, оған бірте-бірте, діни кітаптарды қазақ тілі арқылы тартуды қолдады (120-бет). Ол саясат бүгін де жүзеге асуда.
Кеңес билігіне қарсы ұлттық патриотизм терең әлеуметтік психологиялық құбылыс екені белгілі. Басты себебінің бірі КОКП ашық жарияламағанмен, ішкі саясаттың негізіне айналған орыстану саясаты екені анық. Орыс мәдениеті, маркстік-лениндік идеологиямен бірге «жаңа» тарихи қауымдастық кеңес халқының тірегіне айналуға тиісті болды. Бұл жасанды үрдісті қолдау, қамшылау басқа этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін ығыстыруға, шеттетуге әкелді. Ұлттық дәстүрлер ұмтылып, орыс-славян дәстүрлері санаға терең сіңіріле бастады. Наурыз ысырып тасталып, христиандық жаңа жыл мерекесі мұсылман қазақ, өзбек, басқаларға таңылды. Қазақстанда қыс болмайтындай, «орыс қысын» шығарып салып, көктемді қарсы алатын болдық. «Русский характер» жалпыға бірдей мінез-құлыққа айналуға тиісті болды.
Бұл жерде бір мәселеге арнайы көңіл аударған жөн. Этносоциология ілімінде аккультурация деген термин жиі қолданылып, оны мәдениет, дәстүрлер мен наным-сенім алмасуы деп атайды. Сөз жоқ, кеңес елінде шынайы мәдениет алмасу, өзара жағымды ықпалдастықтың болғанын айтуымыз керек. Бірақ мәдениеттер қарым-қатынастарында бір мәдениеттің үстемдігі оның күш-қуатымен басқаларды бағындыруға, сіңіруге тырысқаны да ақиқат. Осылай мәдениеттер байланысы ассимиляцияға ұласып, басқа этностар өміріне қауіп төндірді. Ұлттың таза өзегін, арқауын, құндылықтары мен стереотиптерін, дәстүрлі мәдениетін сақтаған халық басқа, бөтенге сіңіп кетуге қарсы тұрады. Бұл бүгін америкалануға да, батыстануға да, басқа кері әсерлерге де табиғи қарсылық. Бұл ұлттың заңды қарсылығы, оның этностық өзегін, тілін, сана-сезімін сақтау қабілеттігінен туындайтын қарекет. Бүгін еліміздегі «Мәдени мұра» бағдарламасының мәні – ескілікті, көнені аңсау емес, ұлттың бай рухани мұраның иесін екенін ең алдымен ұлттың өзіне таныту. Екінші жағынан, бұл – жаһандану заманының тасқынынан, сырттай қысымынан қорғану. Сол қорғанудың бір амалы талай ғасырлар үстемдік жасаған империяның індетінен де арылу.
Бүгінгі ұлыдержавалық сана
Ұлыдержавалық сана орыс халқының мәдениетіне, психологиясына айналған 200 жылдан астам уақытта ол оның тұрақты менталитетіне айналды. Әрине, орыс ойшылдарының барлығы бұл дертке шалдықпады. Ресейде бұрын да, бүгін де демократиялық деңгейде ойлайтындар болған және бар. Оларға ұлыдержавалық авторитарлық ұстанымдағылар қарсы тұрып келеді.
Ұлыдержавалық саясат Ресей тарихында екі рет дағдарысқа ұшырады: 1917-1920 жылдары және 1980 жылдың ортасынан 1990 жылдың ортасына дейін. Оның себептері әртүрлі, бірақ ұлыдержавалыққа тосқауыл қойған ішкі тойтарыс, ұлттық патриотизм болды. 1990 жылы ұлыдержавалық сана орыстардың 20%-ына тән болған. Ал РФ халық депутаттарының 4%-ы ғана 1990 жылы осы ұстанымды болған. Демократияға беталыс бәсеңдеп, авторитарлық жүйе күшейген сайын, ұлыдержавалық астамшылдық та қанат жая бастайды. Соңғы социологиялық өлшемдер бойынша, «Қандай мемлекетте өмір сүргіңіз келеді?» деген сауалға, ресейліктердің 75%-ы 2008 жылы «Басқалар сыйлайтын әрі сескенетін мемлекетте өмір сүргім» келеді деген. Тек 19%-ы ғана «шағын, жайлы, ешкімге зияны жоқ мемлекетте өмір сүргім» келеді депті. Ал саяси элитада ұлыдержавалық пиғыл тіпті басым деп көрсетеді ресейлік ғалымдар («Общественные науки современность», №6, 2011, 13-бет).
Орыс жерлестеріміздің бірқатары әлі де Қазақстанға Ресейдің жалғасы деп қарап, елді мекендердің бұрынғы қазақ атауларын қайтаруға мүлдем қарсы. Бұл – отарлау саясатының, астамшыл психологияның көрінісі. Отарлаушылар, оның ішінде орыстар да елді мекендер, жер-су аттарын өзгертіп, байырғы халықтың тарихи санасын өз билігіне икемдеуге тырысқан (П.И.Ковалевский.Русский национализм и национальное воспитание. С.-Петербург, 1912 ж. 12-бет).
Ресей ғалымы М.Н.Руткевич «Крым или Семиречье являются исторической родиной многих поколений подавляющего большинства проживающих там русских» деген тұжырым жасады. Н.Назарбаевтың орыстардың Ресейге қоныс аудару ниеті бәсеңдеді дегеніне «Это не соответсвует действительности», деп Қазақстанның солтүстігі Ресейдің оңтүстік өңірінен, Сібірден ешқандай айырмашылығы жоқ, өмір сүру салты да бірдей, бұл Ресейге тиісті территория дейді. Орыс тілі көп қолданылатын, елді мекен атаулары орысша басым жерлер ресейлік жер деген ойды алға тартқан (М.Н.Руткевич «Теория нации: философские вопросы». «Вопросы философии», 1999 ж. №5). Осылайша жер-су аттары үлкен геосаяси мақсаттарға пайдаланылып отыр.
Бүгін Ресейде ұлыдержавалық сана әртүрлі түрде көрініс алуда. И.В. Малыгина бұл пікірді былай деп түйеді: «Нельзя не признать, что сегодня идеология национализма в России имеет чрезвычайно широкий спектр: от примитивной демонстрации идей шовинизма до более тонких форм, связанных с интерпретацией истории народа и его духовности. Особую озабоченность в обществе вызывает активизация русского фашизма» («Общественные науки и «современность», 2004, №1. 151-бет.) Бірақ ұлтшылдықтың тұрпайы, дөрекі көріністері орыс қоғамына түгелдей тән деуден аулақпыз.
Қатардағы азаматтар мен бірқатар интеллигенция өкілдерінің Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістікті қабылдауы назар аудартады. Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов «разделив страну на пятнадцать вроде бы независимых государств, большинство из них можно назвать так лишь потому, что от них ничего не зависит», деп Кеңес Одағының ыдырауын сынап, астамшылық танытады. Ғалым ұлттық патриотизмнің деңгейін тек Ресей құрамында болуымен өлшейді («Литературная газета», 19-25 қазан, 2011 жыл). Осыдан 20 жыл бұрын Ресейді менсінбегендер, енді сүйретіліп, жорғалап оның қол астына, Кеден одағына кіре бастады, деп түйеді көптеген ресейліктер.
Збигнев Бжезинскийдің айтуынша, Еуразиялық одақ туралы Н.Назарбаевтың тұжырымы дәстүрлі Ресейдің еуразиялық ой-пайымдарынан, орыс халқының үстемдігіне бас июден, мистикалық, жұмбақ қиялдан аулақ, нақты мақсатқа негізделген прагматикалық жоба (Великая шахматная доска. М.1999.135-бет). Бірақ ол Еуразиялық одақты Еуроодақпен салыстыру қисынсыз деп есептейді. Еуроодақтың мүшелері бұрын-соңды бір-біріне үстемдік жасамаған, отарлаушы және отарланған елдер болмаған, ешқандай мемлекет бұрынғы империяның мұрагері емес. Еуроодақ елдерінің артықшылығы да бар, кенжелеп қалған елдер дамыған елдерден дотация алып, интеграциядан экономикалық та, саяси да пайда табады. Автор демократиялық интеграцияға Ресей әлі де дайын емес деп есептейді (Сонда, 135-136-беттер).
З.Бжезинскийдің пайымдауынша, Ресей кеңестік империялық мұрадан әлі толық арылған жоқ. Билік әлі де коммунистердің қапсыра қысқан құшағында: «Продолжает существовать Мавзолей Ленина. Это равнозначно тому, что постнацистской Германии руководили бы бывшие нацистские «гауляйтеры» среднего звена, которые провозглашали бы демократические лозунги, а при этом мавзолей Гитлера продолжал стоять в центре Берлина» (127-бет).
Қазақстан дипломаты В.Ғиззатов Кеден одағын қолдай отырып, ресейліктердің шешімдер қабылдағанда өркөкіректік танытатынына, өз мүдделерін басқаларға қайтсе де мойындатқысы келетініне назар аударады («Қазақ әдебиеті», 6.04.2012). Расында да, Ресейдің 57%, Беларусь пен Қазақстанның әрқайсысының 21,5 %-дан ғана дауыстары бар. Әр мемлекет бір дауысқа ие болған жөн деген пікірді көпшілік қолдайды. Еуроодаққа 27 мемлекет мүше, бірақ бір мемлекет қарсы болса, шешім қабылданбайды. Бүгін Еуроодақ үлкен дағдарыста, бірақ оның құрылымы демократиялық қағидаларға негізделгенін айтуымыз керек.
Қазақ ұлтсыздығы
Социологиялық зерттеулер бойынша, ұлтқа деген ұстаным әртүрлі бағытта айқындалады. Бірінші бағыт-бағдарды психологиялық, мәдени, тілдік ортамен байланыс жасай отырып, ұлттық құндылықтарға артықшылық беретіндерді айтуға болады. Екінші ұстанымдағылар өз бойына екі не одан да көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілер – бір жақты, негізінен бөтен ұлт тіліне, мәдениетіне артықшылық беретіндер. Олардың ішінде қай тілді мен мәдениетті де меңгермеген, не басқа, не ана тілін білмейтіндер аз емес.
Ұлтшылдық ұлт мәселесіне осы әртүрлі ұстанымнан туады, ал бұл саладағы ой-пікірлер мен тұжырымдар алуан түрлі екенін көрдік: бір шеті патриотизмнен екінші шеті ұлттық ерекшелікті мойындамайтын, адамзатты бір тілге, мәдениетке икемдеуді қолдайтын космополитизмге дейін жалғасып жатыр.
Ұлттық құндылықтарға көзқарастың бір қыры ұлтсыздық, ғылыми әдебиетте ұлттық нигилизм дейді. Нигилистер ұлтқа мән берген құндылықтарды қайта бағалап, арзансытып, дінге де күмән туғызып, ұлт табан тірейтін тіл, мәдениет, дәстүрдің мәнін, беделін түсіреді. Нигилизм – отарлау саясатының салдары. Қазақ еліне басқа этнос өкілдерін шексіз қоныстандыру, байырғы халықты ұлттық азшылыққа айналдыру, қазақ мектептерінің азаюы, аралас некенің көбеюі, тілдік мәдени ортаның тарылуы елдің этностық келбетін өзгертті. Нигилистер ұлттық мемлекеттілігімізді жоққа шығаруға, ресейлік отарлау саясатын ақтауға дейін барады. Азамат соғысы жылдарында С.Сәдуақасов ел аралап жүріп, қазақтардың нақақтан көп өлгенін естіп: «Сендер не қайрат қылдыңдар?» – деп сұраса, оған: «Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Айдаған жаққа қойша жүре беру! Қырса, үндемей қойша қырыла беру! Біз мал емеспіз бе?» – депті қазақтар. «Қырыла береміз-дағы…», деп өздерін кемсітеді.
«Қырыла береміз-дағы» деген сөзі жүрегіме оқтай тиді. Бұл не деген жуастық, өлімге мойынсұнғандық? Бүйте берсе, бұл қазақ қашан адам болады!» – деп күйінеді ұлт қайраткері (С.Сәдуақасов, Танымдық зерттеулер, мақалалар. 2-том. Алматы – Алаш. 2003. 271-272-беттер). Намыссыз, басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, әдеттенген, қорлауға да үйренген қазақтар бүгін де жеткілікті.
Нигилизмге шалдыққан ұлттың өкілдері ұлттың ішкі байланыстарының әлсіздігіне, ұлттық намысының төмендігіне қарамастан, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі тірлігі көбіне ұрандатудан, болмаса даурығудан, бас иіп қостаушылықтан аспайды. Бүгінгі қазақтың психологиясында олардың әртүрлі жағымсыз көріністері байқалады. Қазақтың қонақжайлығы – жалпақшешейлікке, кішіпейілдігі – құлдық ұра берушілікке, елдігі – рушылдық, жүзшілдік, жершілдік микропатриотизмге, кеңпейілдігі ысырапшылдыққа ұласып жатады. Қазақтың мақтанышы бүгін даңғойлыққа айналды. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз?» – деп Абай айтқандай, бүгінгі қазақтың қуанышы кейде артымызға қарап масаттануға сүйенген.
Айта кетейік, әсіресе, еврейлерге тән ұлттың өзін өзі сынауы қазақтар арасында бүгін тіпті көрінбейді. Сынаудан гөрі өзімізді мадақтауға үйірміз. Өз ұлтын өткір сынау оны тазартудың жолы, себебі, өзіңнің кемшілігіңді өзің ғана білесің. Өз ұлтыңды басқаға сынатпай өзің сынау – өз намысыңды өзің қорғай алатындығың, өмірге төзімділігіңді байқатады. Сонымен бірге, ол – психологиялық жағынан ұлтты сақтаудың амалы.
Өзін әсіре, артық бағалау қазақтарда әртүрлі көрініс алып отыр. Басқа халықтардың тілінен, мәдениетінен, дәстүрлерінен мәлімет аз болғандықтан ба, бірқатар қазақтар өз тілін, мәдениетін жоғары қоюға әуес. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең таза, ең бай тіл деуімізге басқа түркі тілді халықтар қосыла қояр ма екен? Қазақтарға басқа халықтардың салты шамалы, қызықсыздау, өзінің құндылықтары өзінен артық, ғажайып көрінеді. Әр ұлттың символдары өзінше ерекше бағалы болуы тарихи отбасылық тұрмыстың айнасы екені ескеріле бермейді. Өзгені өзінің еті үйренген дағдысымен өлшеу ұлтаралық қатынастарда жиі кездеседі. Сондай-ақ өз ұлтының өкілдерінің кісілігі мол, әділ, шетінен батыр деп тану да қазақтар арасында да жиі ұшырасады. Кейде қазақтардың интеллектуалдық деңгейін жоғары бағалау да кездеседі. Сонымен бірге, басқа халықтардың университет, академиялары, өз ғылыми интеллигенциясы бағзы заманнан болғаны ескеріле бермейді. Халықтардың барлығы білімге, ғылымға қабілетті, әр ұлттың ұлы ғалымдары, ойшылдары болуы заңды. Бірақ тарихи жағдайларға байланысты мүмкіндіктер халықтарға бірдей бола бермейді.
Басқа ұлттарды өзіне сіңіру, қосып алу отарлаушы ұлттар мен сан жағынан басым ұлттардың саясатына тән. Өзге тілде сөйлейтін, этностық келбетін жоғалтқан қазақстандықтар, сол сияқты серб тілінде сөйлейтін, бірақ әртүрлі этносқа жататын югославтар социалистік ұлт саясаты салдарының көрінісі. Бұл – халықтар достығы, интернационализм емес, ассимиляция, басқа этносқа түгелдей, болмаса жарым-жартылай сіңісу. Әсіресе, саны аз этностық топ басқаға тез сіңіседі. Мысалы, Қазақстандағы шағын этностық топтар негізінен орыстанғандар.
Ұлтсыздану, басқа ұлтпен сіңісу, оның тілін, мәдениетін қабылдау – бірден емес, ұзақ мерзімге созылатын құбылыс, ұлт оның қаупін сезе бермейді, ол радиация сияқты ұлт организмін бірте-бірте әлсірете береді. Әр ұрпақтың құндылықтар мен тіл таңдауы әр түрлі жағдайларға, әсіресе, географиялық факторларға да байланысты.
Нигилизмге кейде жасанды, алдамшы патриотизм де итермелейді. Мысалы, Қазақстан сияқты тәуелсіздік алған бірқатар ұлттар БҰҰ-ға мүше болғанына, «ұлы» халықтардың оны мойындағанына, әлемдік қоғамдастыққа мүше болғанына мәз болып, өзінің тұрмысын, мәдениетін, дәстүрін, наным-сенімін сол «өркениетті» елдерге икемдеймін деп, өз тілінен, мәдениетінен жериді, тіпті қазақ болғанына намыстанады. Сырттан қарағанда қазақы мәдениет үшін бұлардың қылығы дөрекі, күлкілі көрінгенімен, бұл – кең тараған қасірет. Бұл жерде өзіңді өзің тануға, сыйлауға мүмкіндік жоқ, керісінше, өзгедей болу, «өркениетті елдердегідей» болу, «еуропалық мырзалардай» боламын деп тырысып, ұлт болмай қалу қаупі басым. Осылай жаңбырдан қашып, қарға ұрынғанның кейпіне еніп жатырмыз. Мұндай жағдайда тәуелсіздікті тек тәуелсіздік алу үшін алдық па, орыстану, батыстану, америкалану үшін алдық па деген ой туады. Ең қатерлісі – ұлттық құндылықтар жаһанданудың құрбаны болады. Ол мәдениеттің, тілдің, мәдени ортаның ластануынан да көрінеді. Сырт көзге бұл тыраштану, басқалармен тереземізді тең ету, ұлттық патриотизм болып көрінгенмен, шын мәнінде бұл жай ғана ұлттық даңғойлық, мансапқорлық. Бұл шынайы мәдениеттер алмасуы, алыс-берісі де емес, нигилизммен астасып жатқан үрдіс. Осындай көңіл-күй етек алған сайын «ұлт», «тәуелсіздік» идеялары бұлдыр бола береді. Ұлт жалған идеяға икемделген сайын жастар жағы «бақытсыз болмыстан» «бақытты өмір» жасап масаттана береді, айналып келгенде, өздерінің орыс, батыс, америкалық жастарға ұқсастығын үлкен мәртебеге саяды. Сондықтан да Н.Назарбаев «Бүгінгі уақытқа ілесемін деп өзіміздің ұлттық «мен» дегізерлік бітімімізді жоғалтып алмауымыз керек», деп даурықпаудан сақтандырды («Бейбітшілік және келісім саясаты». Астана, 2008, 129-бет).
Нигилизмнің әлеуметтік негіздері де бар. Техника, технологиясын, киімі мен тамағын молырақ шығаратын, жастарын көбірек оқытатын елдің тілі, мәдениеті, діні басым болып, өзіне тарта беретін сыртқы ықпалдың да барлығы белгілі. Екінші жағынан, отандық тауарлардың аздығы да ұлт мүддесін кемсітеді. Орыс, ағылшын тілдерінің басымдығы, жарнамалардың да басқа тілде басым болуы ұлттың еңсесін басып, жаңа отаршылдық жағдайда өмір сүретіндей көңіл-күй тудырады. Бүгін ақша, материалдық игіліктер ұлттық құндылықтардан, жалпы рухани құндылықтардан артық бағаланатын болды. Пайда идеологиясы өмірдің барлық саласын реттеуде, ашық айтсақ, бүгін кеңестік тоталитаризмді қаржы тоталитаризмі алмастырып барады. Бұл да ұлттық байлықтарды арзансытып, ұлтсыздыққа бейімдейді.
Ұлтсыздану басшылықтан, әкімшілік топта