Маралтай
Маралтаймен ең алғаш 1993 жылы жазда, Алматыға КазГУ-ге оқуға тапсыруға келген жылы, Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қилысындағы «Радуга» дейтін дүкеннің жертөлесінде таныстық. Ортақ танысымыз тоқайластырған. Оңы мен солын танып үлгермеген жас бозбалаға алғашқы дидарласу қызық әсер қалдырды. Ақын мазасыздау кейіпте көрінді. Ара-тұра тісін шықырлатып қойып, күтімсіздеу қалың бұйра шашын сілкіп тастап, көзін жұмып алып өлең оқиды екен. Көнетоздау жасыл кәстөмінің етегін темекі шоғы ойып тастапты. Кәстөм түгіл, бір-біріне өткел бермей тұрған қос қоғамның етегін әлеуметтік ағыстар шайып жатқан аласапыран шақ еді ғой.
Маралтаймен ең алғаш 1993 жылы жазда, Алматыға КазГУ-ге оқуға тапсыруға келген жылы, Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қилысындағы «Радуга» дейтін дүкеннің жертөлесінде таныстық. Ортақ танысымыз тоқайластырған. Оңы мен солын танып үлгермеген жас бозбалаға алғашқы дидарласу қызық әсер қалдырды. Ақын мазасыздау кейіпте көрінді. Ара-тұра тісін шықырлатып қойып, күтімсіздеу қалың бұйра шашын сілкіп тастап, көзін жұмып алып өлең оқиды екен. Көнетоздау жасыл кәстөмінің етегін темекі шоғы ойып тастапты. Кәстөм түгіл, бір-біріне өткел бермей тұрған қос қоғамның етегін әлеуметтік ағыстар шайып жатқан аласапыран шақ еді ғой. Бұған дейін Маралтай ақын туралы елге келетін газет-журналдардан там-тұмдап қана естігеніміз бар. Дәл сол тұста Нұрлан Мәукенұлы басқаратын республикалық «Жас қазақ» газетінде ақын Исраил Сапарбайдың «Қалам алып хат жаздым Маралтайға!» атты ақжарма жырлары жарияланған. Газеттің келесі санында ақын ағаның алаң жырларына Маралтай да үн қатыпты.
«Қалам алып хат жазыпсыз қағазға,
Бір бет өлең бақ бола ма бағы азға.
Сый бола ма күйі қашқан бәңгіге,
Ми бола ма ақылы азған сабазға.
Ішу керек, сіз де ішіңіз, ішем мен,
Кещелерді көріп күнде күшенген.
Тағдыр келіп сипағанша басымнан,
Ажал келіп әкеткенше кісенмен», – деп басталатын топтамаға елдің назары едәуір ауса керек… Маралтай әлдебір шаруамен Мақатаев көшесінің бойындағы, қазіргі «Атамұраның» кітап басу цехы орналасқан баспаханаға баратын болды. Шойын жолдың бойымен жаяу ілбіп келеміз. «Көкбазардың» тұсына келгенде: «Қалтаңда қара бақыр бар ма?» деді. Едел-жедел бірдеңелерді алып қолына ұстаттым. Діттеген жерге келгенде: «сен осы қақпа алдында күт, мен тез шығам», деген. Есік-терезесінен жел гулеп тұрған жаңа кезеңнің кезбе ақыны сол кеткеннен мол кетті…
Аунап ай, жылжып жыл өтті. Алғашқы талапкерлік жылдар табысты болмады. Емтихан сынақтарынан екі жылда да етпеттеп құладық. 1995 жылы ғана журфактың босағасынан бұлт сейілді. Студенттік билетті қолға алған шақта қалашықта Маралтай жайлы аңыз-шыны аралас әңгіме гулеп тұр екен. «Маралтай молада тұрады-мыс», «Маралтай ішпесе жаза алмайды екен», «Маралтай бақилық болыпты…» Санама сарт ете қалды. «Құдай-ау, мынау баяғы пақырыңызды баспахана қақпасының алдына «қағып» кеткен ақын емес пе!».
…Аудиторияға бойымыз үйреніп, алғашқы семестрдің сеңі бұзылып, жер лайсаңдана бастаған көктемнің беймаза күндерінің бірінде: «Маралтай қалашықта жүр екен», деген әңгіме жетті. Білім қуған бірінші курсқа бәрі таңсық. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, сонау Жамбылда жүрген Маралтай дауылдатып, жауындатып 5-ші жатақханаға кіріп келді. Баяғы Маралтаймен қайта таныстық. Әне-міне оқуларын тауысқалы тұрған Сағындық Рзахметов, Сәндібек Жұбаниязов, Бекжан Әшірбаев, Әмірхан Балқыбек, Оразәлі Баймұрат алыстан сағындырып келген ақынды 307-ші бөлмеде қарсы алды. Әлібек Шегебаев бастаған жас жігіттер «асай-мүсейді» реттеген боп жүрміз. Жұқа қалтамен жұпыны үстел жайылды. Жатақхана азан-қазан. Бірінен бірі жұлып әкетіп өлең оқиды. Әлібек гитарамен сызылтып әдемі әндерді салды. Отырыстың аяғы Маралтай ақынның «бенефисіне» айналып жүре берді… Ол суретті де шебер салады екен. Бас сұққан бөлмесінің керегесіне қас пен көздің арасында жалғыз көзді арудың суретін салды да жүре берді.
Өлеңге, өнерге деген құрметі бөлек, қауырсын қаламы қатая қоймаған бір топ жас Маралтайдың соңына ілестік. Аудиториядан мән, сабақтан сән кетті. Ал жатақхана бөлмелерінде аққу ұшып, қаз қонып жүр. …Иә, рас, Эзоп пен Крыловты, Луначарский мен Салтыков-Щедринді жеті атамыз секілді сұраған жерінде сайрап беріп тұрған соң, Темірбек ұстаз Қожакеевтің де көңілі жай. Кейде Мәкең салып ұрып аудиторияға кіріп келеді. Тіпті, бір жолы бізбен бірге Темірбек Қожакеевтің лекциясына келіп, артқы қатарда отырды. Ұсқыны келмей отырған ақынды ұстаз сезіп қалып: «Мына дудар бас ақын қайдан жүр?» – деді. «Жамбылдан! Маралтаймын!» – деп қысқа қайырды. «Маралтай болсаң өлең оқы!». «Аға, онда бұл аса қиын шаруа емес екен» деді де өңешін кенеп қойып:
– Аядай ғана айналып болмас жасымда,
Түлкіні көргем мәз болып күлген миықтан,
Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан,
Қартайған шақта қиядан құлап өлетін,
Қыранды көріп, көзінен сұмдық күй ұққам – деп басталатын өлеңін боздатты дейсіз. «Міне, жолдастар, нағыз сатира дегеніміз осы!» – деп Темірбек ағамыз ақынға риза болып, батасын берген.
Маралтай «жасақтарына» жанашырлық танытып, көп кеңшілік жасаған ұстаздарымыз – белгілі ақындар Бауыржан Жақып пен Темірғали Көпбаев. Сөйтіп, Маралтай күндізгі бөлімдегі және сырттай оқитын жігіттерді ертіп алып ақын ағалардың үйіне жорыққа шықты. Есімдеріне сырттай қанық болып жүрген көптеген ақын-жазушылармен сол тұста таныстық. Ішкі есеп те жоқ емес, таныса барып «табыспен» қайту. 1 мамыр күні Мұратбаев көшесінде тұратын көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті туған күнімен құттықтауға шұрқырап барғанымыз есімде. Қалашыққа жақын болған соң ба, мәдениеттанушы һәм ақын Әуезхан Қодардың «Весновканың» бойындағы үйіне сан рет бардық. Жатақ комендантының көңіл-күйі болмаған кездері Маралтай жаяу-жалпылап, белшеден балшық кешіп Әбубәкір Қайран ақынның үйіне тартады. Маралтайдың меселін кері қайтарған ақынды, сірә, көрмедік, бөтекесі бос болған сол бір тар кезең – кең екен ғой… Бәлки, біз жолыққан адамдардың пейілі көл-дария-ау шамасы. Марқұм Ғабиден Құлахметтің Маралтайды өбектеп, жанқалтасына ақша тығып жатқанын сан рет көрдік.
«Кеңсайдың» қолтығындағы ұлы аруақтарға сан рет барып тәу еттік. Әлгі бір «Әдилә» дейтін әйгілі аза-жырдың сондай бір зират аралап жүрген шағында шыққанын айтты Маралтай. Тарихын баяндайды, боздатып отырып оқиды. Аза бойыңды қаза қылады. Сондай бір өң мен түстің ортасында жүрген сортаң күндерде Тараздан Маралтайды қазақтың талантты ақыны, марқұм Серік Томановтың іздеп келгенін көрдік. Ол да сол бурадай буырқанып кеткен шағында өлеңнің өркешіне қонып алып Алматыға тартатын болса керек.
– Ақ көңіл басым, ақ көңіл басым,
Тоқтау болмайды-ау ақтарылғасын.
Жабы тірлікті жақтан ұрғасын,
Қайырылмай кетті бақ-қарындасым,
– деп байсал тартар шағында шашына қырау байлаған ақынның жырларын да тыңдадық.
Сол бір кезеңдер Маралтай Ыбыраевтың «Зоологиялық терминдер» мен «Қызыл өлеңнің» ортасында сенделіп, басын тасқа да, тауға да соғып жүрген сұрапыл шақ, өзін де, өзгені де аямай, өлеңін ғана аялап жүрген кезі екен. «Қан мен сүтке иленген» тағдырын жырға қашап, таңғы асы – Тәңірден бұйырып жүрген шағы еді. Ата-анасын, аға-бауырларын арғы дүниеге беймезгіл шақта аттандырған ақынның тағдырын ептеп сезініп қалғандай болдық. Шын мәнінде Маралтай өзінің тағдырымен де, шығармашылығымен де, жүріс-тұрысымен де әдеби ортаны өзіне жалт қаратты. Жастардың оған еліктеу дәуірі басталғандай көрінді, былай қарасаңыз тіпті де кісі қызығатын өмір емес. Екі жастың біріне келмей жақындарынан айырылған, түскен оқуда тұрақ таппаған, өз қолымен құрған ошақтың оты ерте сөнген, Жамбыл мен Алматының ортасындағы күре жолдың аңқасын кептірген кебісі жыртық кезбе тағдыр кімге үлгі болғандай? Бірақ сол тұстағы ең «модный» ақын – Маралтай еді. Студенттер қауымы оның өлеңдері шыққан басылымды қолдан-қолға тигізбей оқыды. Демек, айыл бауы үзіліп барып қайта жалғанған, жеке отау құрғанымен есігін қай жақтан ашарын білмей тұрған қоғамның шығармашылық кеңістігінің жыртығын ауыр тағдырлар мен жақсы жырға деген жан құмарлығы ғана жамап тұрса керек.
Бұл Маралтайға сөз қайдан қонды?
Ең алғашқы қасиетті сөз көктен түсті. Адамзатқа бағдаршам болған – сол төрт кітап! Ал, одан кейінгі үлкен сөзді тасқа қашаған ұлы билеушілер мен баһадүрлер – Күлтегін мен Тоныкөк. Туған ай – тураған ет, бөрілі байрақты бірінен бірі ала қашқан жаугершілік кезеңдер уақыт ағысын жеделдетті. Аспан астын ақырып сұраған Көк түріктер жүзжылдықтардың апшысын алаңсыз қуырды. Алтынға малынған ұлы бабаларды арқасына мінгізген асыл тұқымды тұлпарлардың тұяғымен жазылған тарих жылдам аунады. Жебе адырнадан керіліп үлгенше, ұлы өнер Майқының көмейіне барып қонақтаған. Сөз иесін тапты, жорықтар жүйесін тапты. Жер бетін картасыз басып алып жатқан сондай бір қиянкескі шақтарда тарих санасына сөз ұстаған қолбасшылар мен абыздар келді. Кешегі ақырып теңдік сұраған Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамберді, Қазтуған жыраулар мен зар-заман ақындары солардың сарқыншағы еді. Бұдан кейінгі кептің бәрі сарай маңындағы тарихшылар мен ажал аузынан аман қалып, жерошағын қыздырған темірші-ұсталарға мәлім. Ат арыған, тон тозған кезеңдер келді. Жерорта теңізі мен Ұлы қорғанның арасында алдаспанын қапысыз сермеген ұлы бабалар бірде қолдан, бірде жолдан шетінен ажал жастығына бас қойды. Қаройда қалғып кетіп, қапыда басы домалап түскен соңғы батыр-жырау Махамбет! Бекетайдың құмындағы дауыл тыншып, тілерсекке тұсау, басқа ноқта байланып, асаулық әдіра қалған өлара шақта түгел сөз Қарауылға көш түзеген. Қазақтың таңдайына біткен асыл сөз арнасын бұзып-жарып, ақтарылған қалпы ұлы Абайдың ауласына келіп түнеді. Тоқтатқан Құнанбайдың баласы. Сол Абай жазып қалдырған жалғыз кітапты ғасыр бойы таратып, талдап тарихқа қаттап кеткен ұлы тұлғаларда есеп жоқ. Атылды, асылды. Не баласыз, я моласыз қалғандары қаншама? Жан беру оңай ма? Бірінің сыртынан бірі ашыла сайрағандарын да замана желі бүгінге жеткізді. Өздері өлді, сөздері қалды. Қалай болған күнде де ұлт мұраты жолында өзінше жол тапқан Алаш арыстарының бәрінің аруақтарына мың тағзым! Кеңестің керзісін киіп жүріп алакөлеңке қоғамда қалам ұстаған шеберлер жайлы бөлек әңгіме. Жалаң аяқ жар кешті, қызыл аяқ қыр кешті. Әркім өз шеберханасында отырып небір сұрапыл образдар жасады. Қызыл үкіметтің тарымында жүрген қазақ халқының арман-мұратын жырлады, жазды. Қазақ әдебиетінің алтын дәуірін солар жасады. Сөздің жігін бұзбай, бұтарламай, бұра тартпай 86-дан кейінгі ұрпаққа эстафетаны сәтті тапсырып берді. Әрине, бұлар сөреде тұрғандар емес, тек ұлы аламанның кезекті айналымындағы бабы әрқилы жүйріктер еді. Кеңес күйреп, қазақ жеке отау құра бастаған қос жүйенің астаң-кестең ағысында тұрып үлкен міндет атқарған, бірақ әдебиеттегі лайықты бағасы әлі күнге өз деңгейінде берілмей келе жатқан, жуан ортасында Нұрлан Мәукенұлы, Әбубәкір Қайран, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Үсенов, Болат Үсенбаев, Светқали Нұржанов, Сабыр Адай, Бауыржан Жақып, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Қайрат Әлімбек, Темірғали Көпбаев, Гүлнар Салықбай, Амантай Шәріп сынды белгілі қаламгерлер құраған буынға деген кейінгі Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы бастаған толқынның ілтипаты бөлек болуға тиіс. Себебі, әдеби процестердің алмасу кезіндегі жауапкершілікті осы екі буын өткелден әдемі алып өтті. Сарайлардың аузына қара құлып түскен шақта өлең-сөздің көшін көшеге шөгерген 90-жылғылар қандай үлкен әдеби миссия атқарғанын өздері де кейіндеу сезсе керек… Жыр жорығында шеп құрған бұл қатарда Батырболат Айтболатұлы, Сәндібек Жұбаниязов, Қазбек Құттымұратұлы, Сағындық Рзахметовтің де есімдерін құрметпен атауға тиіспіз. Жорық шығынсыз болған ба? Өлеңнің ашық теңізіне шала керілген желкенмен сапар шеккен кезекті бір жорықта Әділ Ботпанов есімді талантты ақынның қайтпай қалғанын бізге Жарас Сәрсек ақын айтты… Мына бір өлең сол Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек бастаған ақындарға деген құрметтің бір сәті болса керек.
Үш оғылан
Асқақ едік, тәкаппар ек өр кеуде,
Қарғып өткен қиядан да, өрден де.
Балаң мінез балғындарды қарсы алған,
Үш оғылан көрінбейтін төрлерден.
Алғаш біздер Алматыға келгенде.
Жарас ақын ұсынған-ды жүрегін,
Ал Маралтай аралатты жыр елін,
Жорықтарға жол бастады сұрапыл,
Әмір қаған Элладада жүретін.
Үш оғылан жапырағы тоналған,
Медеу күтпей мейманасыз қоғамнан,
Ботпановты іздеп бара жататын,
Өлең атты планетадан жоғалған.
Айылдарын жимай бара жататын,
Қалашықты қимай бара жататын.
Өлеңменен өрнек салып КазГУ-ге,
Алматыға сыймай бара жататын.
…Жылдар озды, өтті уақыт қас-қағым.
Алатаудан естілді үш асқақ үн,
Жетісуға үш өзен кеп қосылды,
Ал үш өзен үш теңізге бастады.
Жаңылмады дей алмаймыз үтірден,
Алла жазған адасқан жоқ үкімнен,
Бөзге бола дай-дай болып жатқанда ел,
Бұл үшеуі сыйлықтарға түкірген.
Маусым, мамыр, сарша тамыз, ақпанда.
Соларға еріп түстік талай сақпанға,
Шалыс бассақ сол үшеуін даттаңдар,
Алысқа ұшсақ сол үшеуін мақтаңдар.
Бірін бірі тастамайтын қақпанға!
Сәлем жетсе Қазығұрттан, Жайырдан,
Көңіл шерін «Сарыбидаймен» қайырған,
Алматыны неге сүйді сол ақын,
Әке-шеше, бауырлардан айырған.
Өргізетін өзегінен түнде өлең,
Жан жарасын жалап жазған жырменен.
Алматыдан тауып алды ол өзін,
Өзін іздеп кетіп еді Сүмбеден.
Сол қалашық, көз де қалған байланып,
Сәл жүдеулеу.
Сәкіде отыр ойланып.
Кенет олар ағыл-тегіл жылады,
Өзі өлеңге, өлең оған айналып.
«Толқыннан толқын туады», дейтін ұжымдық жинақтағы жырларға тұшына алмай жүргенде, Маралтайдың «Ай-Нұр» атты айдың қиығындай ғана тұңғыш жинағы жарық көрді. Бұл кітап оқырман үшін өлең жинағы болғанмен, Маралтай үшін – төлқұжат десе де болады. Құжат атаулыдан жұрдай ақынды мілитса сан рет ұстап алып: «Құжатың қане?» дегенде: «Міне», деп қойнынан «Ай-Нұрды» көрсеткеніне талай куә болдық. Ол кездегі қызыл жағалыларда ептеп мейірім бар еді…
Сол кітаптың іші толған зар! Маралтайдың мақамымен айтылған замана зары! Жеке басындағы тағдырды ұлттық мұраттарға ұштастыра отырып жырлады. Әдемі өрілген рухты өлеңдерге қобыз сарынын әкеліп құйды. Рас, Маралтай өлеңге өзгеше мақам әкелді. Бәлкім аласұрған ақын «тағдырымен әзілдесіп, тіресіп» жүрген кей тұстарда сәтті пішін түзіп жібергенін өзі де сезбей қалған болса керек.
«Төменде қалдым ғой,
Биікке бағыт бақ болар ма екен?!
Ей, аласа арман, аптықпа!
Ақтық па?!
Е, оны бірде кірлетіп алғам,
Шомылып жүріп шаттыққа»
– деп басталатын әдемі әуезе осы ойымызға куә-дүр. Өлеңде төңкеріс жасау екінің бірінің маңдайына бұйырған бақыт емес. Маралтай төңкеріп тастады демейміз, бірақ тағдырымен өлеңді, өлеңімен тағдырын құтқарып қалды. Нәтижесінде әдебиет олжалы болды.
Ақында өкпе болмауы керек. Себебі, әдебиетшілер, сыншылар Маралтайға өз кезінде жылы сөздерін аз арнаған жоқ. Әдеби сын атқа мініп тұрмаса да, сол тұстағы сарғайған газет тігінділеріндегі Маралтай туралы жазылған үлкенді-кішілі мақалалар там-тұмап болса да ақынға берілген баға. Біздіңше, Маралтайдың өлең жұлдызы сәтімен туды. Қатар-құрбыларымен қанаттаса жүріп шығармашылықта біраз белеске көтерілді. Адам өз тағдырын қолдан жасамаса керек. Пенде баласының ішкі өзегі ернеусіз болса тағдырекең де түлкі-бұлаңға салып, құбылып береді. Абырой болғанда, Маралтай ескексіз қайық секілді замана желімен қақпақылданып бара жатқан тағдырының «тілін» тапты. Бәлкім, «ә» десе «мә» деп тұрған иесінен тағдыр да «жалықса» керек. Ақынға ақыл айтқан адамда есеп жоқ. Бірі құлағына сыбырласа, екіншісі газет бетінде өлең арқылы мұң шақты. Қалай болғанда да, оны шығармашылығы ғана құтқарып қалды. Едел-жедел ес жиды, етек жапты. Қаламның қуаты әлеуметтік тауқыметтердің иірімінен шыға алмай жүрген өмірді суырып алды. Мемлекет өзі жазған жырлардың жылуын сезіндірді. Басына баспана, қолына марапат ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды. «Мәртебелі поэзия!» үлкен жобасын бастап берді. Бүгінде ұлттық рухтың жалауына айналған Қазақ радиосында табысты еңбек етіп жүр. Мінәйі мінезіне қарамастан, ағалардың алақанында келеді.
Маралтай ес жиған кезде қоғам да түзеле бастаған. Ептеп езуге күлкі үйіретін мына бір жайтты айта кетейік. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңдерде он жылдан аса «аттан түспеген» Маралтай кезекті әңгіме-дүкен үстінде: «Өз тағдырымның қақпақылында жүріп ештеңе сезбей қалыппын… Ой Алла-ай, заман қатты қиын болған екен ғой, ә», дегені…
Біз киіз үйде туып, киіз үйде өсіп, алты жасына дейін электр жарығына жанары шағылысып көрмеген, заман ағысы ұсынған соңғы ғылыми-техникалық өркениеттің игілігіне исіне бермейтін талантты ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Президенттік стипендияның бірнеше дүркін иегері Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын қопара талдап-таразылауды сыншыларға қалдырып, адами болмысы мен бұйырған тағдырына шет пұшпақтап ғана тоқталдық.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.