Кезінде Қазақстан волейболының даңқы алысқа жайылғанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Октябрь Жарылқаповтай майталман маман іргетасын қалаған Алматының «Буревестник» клубы басында талай биік белестерді бағындырды. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында КСРО чемпионатының Жоғары тобына жолдама алған жерлестеріміз қысқа ғана мерзім аралығында өздерінің мықтылығын мойындатты. Шеберлер тобындағы алғашқы маусымда сегізінші орын алған «Буревестник» 8 орынға табан тіреген олар келесі маусымда төртінші сатыға жайғасты. 1967 жылы жүлдегерлер санатына қосылып, қола медальді иеленді. 1968 жылы біздің волейболшылар тағы бір саты жоғарылап, күміске жүлдеге қол созды. Ал 1969 жылы Қазақстанның волейболшылары өздерінің тарихи жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда кіл мықтылардың барлығын қапы қалдырған «Буревестник» айды аспанға бір-ақ шығарып, КСРО чемпионы атанды. Ол аз десеңіздер, 1970 жəне 1971 жылы Еуропа чемпиондары кубогын олжалады. Осы ұжымда шеберлігін шындаған ойыншылар уақыт оза өз дəуірінің теңдессіз ойыншыларына айналды. Алматылық өрендер Олимпия ойындары, əлем жəне құрлық чемпионаты жəне басқа да халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.
Міне, осындай даңқты команданың құрметіне жыл сайын осындай керемет жарыс ұйымдастырылуда. Биылғы бәсеке 11 желтоқсанда басталып, 15 желтоқсанда өз мәресіне жетеді. Қазіргі кезде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресейден келген командалармен қатар, өзіміздің «Буревестник-Алматы» клубы да бақ сынауда.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ