Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

«Миллионер» мегаполистер

3003 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қала – тіршілікке қан жүгіртер күретамыр, экономика тетіктері шоғырланған драйвер, мәдениеттер тоғысқан жайлы өмір сүру ошағы. Яғни алып мегаполистердің мемлекет дамуындағы маңызы жоғары. Бұл ретте 1981 жылы миллионыншы тұрғыны туған Алматыдан кейін араға ұзақ жыл салып, Тәуелсіздіктің ширек ғасыры өткенде Астана мен Шымкент қалаларының миллиондық межеге жетуі өте қуанышты жайт. Бұл – Тәуелсіздік жемісі. Өйткені қала ең алдымен жұмыс пен табыс көзі, сапалы әлеуметтік қызмет пен заманауи білім алу кепілі. Осы орайда миллион тұрғыны бар қалаларымыздың тынысына шолу жасаған едік.  

«Миллионер» мегаполистер

АЛМАТЫ

Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Ел тәуелсіздігі жарияланған, ерте­ден қалыптасқан келбетімен еге­мендіктің елең-алаң жылдарында елге ес болған, ел ертеңіне сенім боларлық іргелі істер­дің ұйытқысына айнал­ған аяулы шаһар. Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғаш­қы астанасы. Мем­лекеттіліктің қас­­­тер­­лі рәміздері мен институттары осы қала­да қалыптасып, бекіді. Тіпті, Кеңес Одағы сынды алып ел тарағанда құра­­мы­­на мүше болған елдердің келесі инте­­­гра­ция­лық алаңы ретінде ТМД ұйы­­мының құрылымы осы қалада қалан­ды. 1927 жылдан 1997 жылға дейін жетпіс жыл бойы қазақ елінің астанасы болған алып шаһарда бүгінде 1 848007 Статистика комитеті­нің дерегі бойынша тұрғын тұрады. Сон­дай-ақ қала 2,5 млн-ға жуық тұрғыны бар еліміздегі ең ірі агломерацияның да орталығы саналады. Бүгінде Алматы рес­пуб­лика­лық бюд­жеттің 30 пайызына жуығын қамт­ама­сыз етіп отырған бір­ден-бір донор қала. 

Құрылысы ұзаққа созылған Қазақ­стандағы алғашқы метрополитен 2011 жылы 1 желтоқсанда Алматыда пайдалануға берілді. Жыл сайын метро жолаушыларының саны артып келеді. Бір жыл ішінде 14 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсету деңгейіне жетті. Ұзындығы 11 шақырымнан асатын алғашқы бағыт 9 бекеттен тұрады. Қазір қаланың батыс бағытына жеткізетін бөлігінің құрылысы жүргізілуде.

Алматы – еліміздегі бұқаралық спорт түрлерін дамытуға ден қойып отырған шаһар. Бұл ретте 2011 жылы Астанамен бірге қалада қысқы Азиада ойындары өтсе, 2017 жылы қысқы Универсиада ойын­дары ұйымдастырылды. Осы халық­аралық жарыстар аясында көпте­ген заманауи спорт кешендері пайда­лануға берілді. Бұл нысандар қазір алма­ты­лықтардың игілігіне қызмет етуде. 
Алматы қаласының ірі іскерлік орталығы ретінде дамуы урбанизация үрдісін тездетті. Соңғы жылдары қала аумағына жаңадан құрылған екі әкім­шілік бірлестік – Алатау және Наурыз­бай аудандары қосылып, қала инфра­құрылымының дамуы кеңейе түсті. 

Қалада әсіресе, жол инфрақұрылымы жақсарып, үлкен жолайрық кешендері жүйесі қалыптасты. Бұл көлік кептелі­сін азайтуға, экологиялық ахуалды оңтай­ландыруға септеспек. Биыл қаланы сақина тәрізді айналып өтетін Үлкен Алматы айналма жолының батыс бөлігі­нің құрылысы басталды.

АСТАНА

Жаңа тұрпатты Қазақстанның ХХІ ғасырдағы келбетіне айналған Астана биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Алатаудан Арқа төсіне көшкенге дейін кеңестік кезеңде тың игерушілер, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облыс орталығы функциясын атқарып келген қаланың осы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы ел тарихында бұрын болмаған жедел қарқынмен өрбіді. Есіл өзенінің жағалауына тұтас жаңа қала салынды.

Бүгінде елдіктің нышанына айналған мемлекеттік-әкім­шілік, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, әлемдегі ең жас әрі футу­рист­ік сипатта салынған елорда пайда болды. Тоқсаныншы жылдары тұрғын­дары­ның саны 300 мыңға да жетпей­тін қалада бүгінде Статистика комитеті­нің дерегі бойынша 1 065 903 адам тұрады.

Астана – бейбітшіліктің қаласы. Бұл сипаттама шаһарға 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен берілді. Шын мәнінде, Қазақстан елордасы жаһандық үнқатысулардың ашық алаңына айналды. Мемлекеттер басшыларының басқосулары, Әлемдік діндер мен конфессиялар лидерлерінің съезі, әйгілі саясаткерлер мен қоғам және өнер қайраткерлерінің жүздесетін, пікір алмасатын айтулы жиындарын абыроймен өткізіп келеді. Атап айтқанда, геосаяси интеграциялардың маңызды платформасы ретінде қалыптасқан Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразия­лық экономикалық одағы және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше мем­лекеттердің басшылары ортақ бәтуаға келген саяси һәм экономи­калық басқосу­лардан бөлек, Астана экономика­лық форумы сияқты халықаралық жиындарды, Сирия процесі іспетті бітімгершілік мақсаттағы келісімдерді елорда төрінде өткізу дәстүрге айналды.

Ең бастысы, Астана былтыр ЭКСПО-2017 мамандандырылған халық­­аралық көрмесін ойдағыдай өткіз­ді. Бұл жаһандық маңызы бар жиын Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытуды қолдауға белсене қатысатынын паш етті. Қазіргі кезде ЭКСПО мұралары ретінде «жасыл энергетика» жобалары ел өңірлерінде жүзеге асырылуда. Сон­­дай-ақ көрмеге арнап салынған ауқымд­ы кешен аумағындағы «Астана» халық­аралық қаржы орталығы шетелдік капитал тарту­дың катализаторына, «Astana Hub» халықаралық ІТ стартаптар техно­паркі еліміздің инновациялық эко­­жүйесін дамытатын локомотивке, ІТ уни­­верситет цифрлы технологияларды кіріктірудегі ынтымақтастыққа жол ашатын жобалар ретінде белгілі бола бас­­тады. Кешен аумағында басқа да қала тұрғындары мен қонақтарына қыз­мет көрсету нысандары жұмыс істейді. 

Сонымен бірге әлеуметтік нысандар қатары артты. Елорда бүгінде меди­циналық туризмге қолайлы заманауи емханалар кластері, халықаралық стан­дартқа сай білім беру жүйесі қалып­тасқан және табиғаты қатаң болса да өмір сүруге қолайлы «ақылды қала» ретін­де дамып келеді. Қаланың жасыл бел­деуі ретінде егілген Астана орманы тәуел­сіздік жылдарында жайқала өсіп, 15 мың гектарға жуықтады.

ШЫМКЕНТ

Биыл мамыр айында Шымкент қаласына жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы қала тұрғындарының саны миллионға жеткенін жариялады. Осылайша, Елбасы Жарлығымен шырайлы шаһарға республикалық мәртебе берілді. Ал Түркістан облысы ретінде қайта құрылған өңірдің орталығы киелі қала Түркістан болып бекітілді.

Шымкент – елімізде тұрғындарының еңбекқорлығымен ерекшеленетін шаһар. Күнгей өңірдегі көп қалалардың тарихы тым тереңде жатыр. Шымкент шаһары­ның да тарихы сол қалалармен тамырлас болғандықтан кемі 2 мың жылдан аса шежіресі бар. Ал биылдан бастап қала­ның дамуында жаңа бетбұрысты кезең басталды. Соның бірі 2020 жылға дейін­гі даму тұжырымдамасы аясындағы «Шым­кент сити» жобасы. Бұл жоба үшін­­ші мегаполис атанған қаланың жаңа іскерлік және әлеуметтік кешенін қалып­­тастырады деп күтілуде. Қала мә­р­­те­­­бесінің өзгеруі инфрақұрылымда қор­­­даланған өзекті мәселелерді, тұр­ғын үй, әлеуметтік қызмет көрсету, ирри­­га­­ция­лық проблемаларды шешуге жол ашады. «Өмір адамға бір-ақ мәрте бері­ле­ді, оны Шымкентте сүру керек» деген Елбасы сөзіне сүйенсек, шынында шырайлы, бау-бақшалы шаһармен сауда-саттық, сервис жағынан таласатын қала елімізде аз. 

Бүгінде қала аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Сай­рам, Төле би және Ордабасы аудандарынан бірқатар елді мекен қала аумағына қосыл­ған соң жаңадан төртінші болып Қара­тау ауданы құрылды. Бұл қала елі­мізде автокөлік жолының ұзақты­ғымен ерек­шеленеді. Яғни, қаланың ішкі жол­дары­ның ұзақтығы 2135 шақырымды құрайды. 

Шымкент қаласының туристік тартым­­дылығы айрықша. Қаладағы сая­жай­лар мен тарихи орындар һәм қонақ­үйлер мен мейрамханалардағы қызмет көрсетудің жоғары сапасы мен тұр­ғындардың қонақжайлылығы туристік әлеуетті нығайта түсуге мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ Шымкент төмен көмір­­текті тұрақты дамуға арналған қала­­­лар тізіміне еніп, экологиялық бас­та­ма­лардың орталығына айналуды көздейді. Келер жылы қала аумағында веложолдар салу көзделіп отыр. 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»