Біз білетін Ғабең
Мүсірепов-110
Ғабең туған жерге ат басын бұрғанда жанына өзі жақсы көретін, шығармашылық өнерлеріне көңілі толатын ақын-жазушыларды, сазгерлерді, әншілерді ерте келетін. Сондай бір келісінде қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновты жолсерік етіпті. Өйткені, әлі жазылып бітпеген “Ұлпан” романының кейіпкерлері өмір сүрген өңірді аудармашыға көрсету ойында болса керек. Әр келген сайын облыстық «Ленин туы» /қазір «Солтүстік Қазақстан»/ газетінің басшылығы мені әрі ауылдасы, әрі қаламдас інісі ретінде қосып беретін. Осындай жанға шуақты жылышырайлы жолсапарлар кезінде тамаша сөз зергерінің қайсарлығын, жер сілкінсе де қозғалмайтын, даусын көтермей-ақ жайлап қана айтып, санаңа жеткізетін, қабақ шытпай-ақ ренішін білдіретін мінезіне талай рет куә болғаным бар.
Мүсірепов-110
Ғабең туған жерге ат басын бұрғанда жанына өзі жақсы көретін, шығармашылық өнерлеріне көңілі толатын ақын-жазушыларды, сазгерлерді, әншілерді ерте келетін. Сондай бір келісінде қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновты жолсерік етіпті. Өйткені, әлі жазылып бітпеген “Ұлпан” романының кейіпкерлері өмір сүрген өңірді аудармашыға көрсету ойында болса керек. Әр келген сайын облыстық «Ленин туы» /қазір «Солтүстік Қазақстан»/ газетінің басшылығы мені әрі ауылдасы, әрі қаламдас інісі ретінде қосып беретін. Осындай жанға шуақты жылышырайлы жолсапарлар кезінде тамаша сөз зергерінің қайсарлығын, жер сілкінсе де қозғалмайтын, даусын көтермей-ақ жайлап қана айтып, санаңа жеткізетін, қабақ шытпай-ақ ренішін білдіретін мінезіне талай рет куә болғаным бар.
Ғабең көбіне Жаңажолда тұратын інісі Әшімнің шаңырағына түсетін. Осы жолы да шымнан салынған үйінің алдына Көкшетаудан әдейі әкелінген жылжымалы дала қосы орнатылыпты. Ғабеңнің кірпияздығы, тазалығы мұқият ескерілгенге ұқсайды. Жатын бөлмелер таза. Жуынатын орын жеке. Қонақтар түн ортасы ауғанша әңгіме-дүкен құрысты. Ертеңіне қос жанында Ғафу Қайырбеков, Мүталлап Қанғожин үшеуміз жүр едік. Жасұлан Қадыров деген азамат келіп, Ғабеңді сұрады. Осы ауылдың тумасы екенін, шетте мектеп директоры қызметін атқаратынын білетінмін.
– Классик әлі ұйықтап жатыр, ал жарты классик ұйқылы-ояу, – деп бәрімізден бұрын Ғафу ағамыз жауап берді. Жарты классигі – Алексей Белялинов.
– Ғабеңді оятып жіберсең, Амандық, – деп ауылдасы ретінде маған қолқа салды. – Асығыс едік, үйге қайтып бара жатырмыз, сәлем бере кетейік.
Оятуға тура келді. Ғабең Жасұлан ағаймен және оның шешесі Зейтінмен шүйіркелесе әңгімелесті. Олар “Интернационал” кеңшарына соғып, қонақ болып кетуін өтініп еді, келісім бермеді. Сәлемшілер кеткеннен кейін Ғабең маған:
– Амандық, мен жақсы дем алып жатыр едім. Сәлем бере келгендердің бәріне оята бермегенің дұрыс, – деп ақырын ғана ескертті. Осы сәтте Ғабеңнің басты кейіпкерлерінің бірі – Игілікке берген мінездемесі есіме түсті. “Қастары қиғаш-қиғаш біткен қапа кісі паң да, тәкаппар да емес. Дауысын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетіп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп, қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді. Бірақ күш белгісін көрсетуді ол ұмытқан адам сияқты. Айбар барын өзі де жақсы білетін болғандықтан құдірет тізгінін қаңтарып ұстайды. Бұйырғаны – өтінгендей ғана, келісім айтқаны – бітім айтқандай ғана”.
Бұл Ғабеңнің дәл өзі емес пе? Ақырын болса да қатты батырып айтқан сөзден қатты ұялдым. Ағат кеткенімді аңғардым.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттан оқыған жылдары емтихан тапсыру сессиясына, Алматы жоғары партия мектебіне білім жетілдіру курстарына барып жүргенде Ғабеңе ауылдың амандығын жеткізіп, сәлем беріп жүрдім. Бір барғанымда есікті Ғазиза жеңгей ашты. Ғабең үйде екен. Ауыл-аймақты байыппен ғана сұрап, сыздықтай сыр тартты. Шылымды көп тартатынын байқадым. Мүштікті жайлап бұрап екіге бөліп, ішіне ақ бірдеме салады. Содан кейін бұрап, жауып, ұшына біздің сол кездегі сигареттерден ұзыншалау әрі жіңішкелеу шылымды кигізеді. Сосын сіріңкемен тұтатып, жайлап қана сорады. Менің әрі шұқшия, әрі таңдана қарап отырғанымды байқап қалған болу керек.
– Бұл сигаретті Америкадан досым жіберіп тұрады. Ал ішіне салатын зат никотинді өткізбейді, – деді.
Жұмыс бөлмесі қанша кең десем де, кітап толы сөрелер тұтас қабырғаны жауып тұрғандықтан тарылтып тұрғандай әсер етті. Құранның орысша нұсқасын осында алғаш көрдім. Күннің жарығы терезеге молынан түсіп, жарықтандырып тұр. Стол үстінде нешетүрлі қалың қатырма қағаздар, қарындаштар, резеңке өшіргіштер жатыр. Шығармасын ақ қағазға емес, дәптердікі сияқты торкөз беттерге жазатын көрінеді. Әңгіме арасында бір сөзді өшіргішпен өшіріп тастап, орнына басқасын жазды. Біз сияқты жолдың үстін не жиегін пайдаланбайды екен.
– Ғазиза жеңгең арабша да, латынша да, қазіргі орыс ғарпымен жазғанды да жақсы айырады. Әрі тез басады. Маған арапша жазған әлдеқайда жеңіл, – деді әңгіме арасында Ғабең.
Тағы бірде жолым түсіп Алматыға барғанымда қалыптасқан дәстүрімді бұзбай Ғабеңе сәлем беріп шығуды ұйғардым.
– Әңгімемізді далада жалғастырайық. Шашымды қырықтыруға дайындалып жатырмын, – деді.
Сөйтті де бөлменің бұрышында тұрған айнаның алдына отыра кетіп бетіне опа жаға бастады. Содан кейін үстіне иісмай шашты. Асықпаған күйі көп жиналды. Онсыз да әжімсіз беті одан сайын тегістеліп, тіпті жасарып кеткендей болды. Мен бұрын осы айнаның алдында қаптаған опа мен иісмайды жеңгейдікі шығар деп ойлайтынмын. Ер адамның өзін осылай күткенін бірінші көруім.
Сыртқа шығып, Ғабең тұратын үйден таяқ тастам жердегі Қазақстан компартиясы Орталық комитеті орналасқан ғимарат маңындағы гүлзар ішінде біраз әңгімелестік. Содан кейін ақырын басып, ғимарат ішіне енді. Шашын осындағы шаштаразда қырықтыратын көрінеді.
Бір аңғарғаным, Ғабең Еуропаның ғана емес басқа да елдердің дәстүрлерін бойына көп сіңірген сыңайлы. Бұлай дейтінім, Алматыға барған кезекті сапарымда пәтеріне телефон шалсам, Ғабең мен Ғазиза жеңгеміз тау жақтағы демалыс үйінде екен. Телефонын сұрап алып, Ғабеңмен хабарластым да, қай уақытта келетінімді айттым. Уағдаласқан уақытта барсам, Ғабең бірінші қабаттағы дәлізде тосып жүр екен. Екінші қабатқа көтерілдік. Бір бөлмеде жалғыз. Аз ғана әңгімеден кейін телефонды алып, қоңырау шала бастады.
– Ғазиза, шайың дайын ба? Амандық келді, – деді.
– Дайын, – деген жеңгеміздің сөзі естілді.
Басқа бір ғимаратқа баратын шығармыз деп ойлағанмын. Олай болмады. Бір бөлмеден шықтық та, көрші бөлмеге ендік. Жеңгей жылы шырайлы қарсы алып, қою шайын, коньягын құйып жатыр. Біраз отырып, әңгімелесіп, қоштастым. Ерлі-зайыпты адамдардың демалыс үйінде бөлек бөлмелерде тұрып жатқанына таң қалдым.
Ғабең сөзге сараң болғанымен, ойланып-толғанып, тоқ етерін түйіндеп бір-ақ айтушы еді. Сондай-ақ қалжыңға да кет әрі емес екендігін көрдім. Бірде ауылға партизан-жазушы Қасым Қайсеновті ерте келген. Қонақтарды Жаңажолда Ғабеңнің туған ағасы Хамиттың үлкен баласы Екпіннің ата-енесі Сералы мен Әсия да қарсы алып, өздері тұратын Суаткөлге қонаққа шақырған болатын. Ғабең Сергеевка қаласы маңындағы халық «Тың теңізі» атап кеткен су қоймасын көрсем деген ойын ишаралады. Келесі күні су қоймасына барар жолда Суаткөлге ат үстінен соға кетіп, түн уағында бір-ақ оралдық. Есік алдында Қасекеңе бір келіншектің жабыспасы бар ма. “Бауырым, амансың ба? Қандай қуаныштымын, аға! деп мойнына жармасты. Қасекең аң-таң.
– Аға, үйірінен адасқан қаз сияқтымын мен.
– Иә, сонда қалай?
– Менің елім – найман. Әке-шешеден ерте жетім қалып, балалар үйінде өстім. Дәм жазып осы жаққа тұрмысқа шықтым. Сізді естіген соң әдейі іздеп келдім, – дей сайрай жөнелді әлгі әйел.
– Қасым, туысыңды таптың ба, қалай? – деп қояды Ғабең байыппен.
– Айналайын бері кел, жаныма отыршы, – деп Қасекең келіншектің бетінен сүйіп, тұрмысын, бала-шағасын сұрап жатыр. Жиналған жұртты күлкі буып барады.
– Қарашы, әне, «қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген осы. Туысы келіп еді, бізді менсінбей кетті, – деп қояды біреулер. Осының бәрінің қалжың екенін батыр партизан артынан ғана білді. Оны ұйымдастырып жүрген Ғабең. Суаткөлден Сергеевкаға аттанар кезде Қасекең үйден бірінші болып шығып кеткен. Осы кезде Ғабең ауыл адамдарына:
– Біз қайтып оралғанша бір өткір әйелді дайындап қойыңдар. Қасым – Шығыс Қазақстан облысынан, руы – найман. Ол әйел сол жақтыкімін деп Қасымға жабыссын, не қылар екен, көрейік. Бір күлкі болсын, – деп тапсырып кеткен. “Әзілің жарасса – атаңмен ойна”, – деген осы-ау, сірә.
Міне, біз білетін Ғабең осындай адам болатын.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Солтүстік Қазақстан облысы.