16 желтоқсан қарсаңында облыста жаңа нысандар қолданысқа беріліп, тұрғындарға баспана кілті тапсырылды. Сондай-ақ, осы күні елімізді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Талдықорған қаласындағы облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанына ашылған Неонаталды хирургия орталығы жұмысын бастады. Жаңадан ашылған неонаталды хирургиялық орталық 60 төсекке шақталған. Реанимациялық бөлімде 9 төсек қойылған. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоздық аппараттар, ИВЛ, жаңа туған нәрестеге арналған «Жираф» реанимациялық үстелі, фототерапия аппараттары, кювездер, реанимациялық төсек-орындары бар.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында облыс орталығының Оңтүстік-Батыс ауданында 64 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптен күткен пәтерлердің кілтін иелеріне облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды. Жаңа баспанаға ие болғандар қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар, көп балалы, толық емес отбасылар және басқа да баспана кезегінде тұрған адамдар бар.
- Елбасы халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән беріп отыр. Осыған байланысты «Нұрлы жер», «7-20-25» және басқа да тиімді бағдарламалар қабылданды. Облыс бойынша биылғы жылы 706 мың шаршы метр тұрғын үй, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы алаңы 34,3 мың га болатын 72 тұрғын үй немесе 468 пәтер халық игілігіне берілді. Солардың бірі - бүгін сіздерге ұсынылып отырған үй, - деді пәтер иелерінң қуаныш бөліскен аймақ басшысы Амандық Баталов.
Жалпы, Тәуелсіздік күніне орай Алматы облысының бірнеше ауданында тұрғындар қоныс тойын тойлады. Мәселен, Қапшағай қаласында 50 пәтерлі, Алакөл ауданының Үшарал қаласында 60 пәтерлі, Көксу ауданының Балпық би ауылында 20 пәтерлі жалгерлік және несиелік тұрғын үйлер есік ашты.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы