Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2018

Ақтөбеде дәрігерлер Тәуелсіздік күніне орай пәтерлі болды

646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбеде Тәуелсіздік күніне орай Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері дәріптелді. Шараның ресми бөлігін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашты. Жиналғандарды облыс басшылығы атынан құттықтаған ол медицина жұртшылығының өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбеде дәрігерлер Тәуелсіздік күніне орай пәтерлі болды

«Тәуелсіздік жылдары ішінде Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы үлкен жетістікке қол жеткізді. Екі жыл бұрын құрылған медициналық кластердің арқасында бүкіл Батыс Қазақстан тұрғындарына күрделі жоғары технологиялық араласулар қол жетімді болды. Балалардың жүрегіне ашық ота жасау, органдарды ауыстыру, буындарды эндопротездеу біздің дәрігерлер үшін үйреншікті жұмысқа айналды. Медициналық қызметтер көрсетуде Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ және Ресей сияқты әлемдік көшбасшылармен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Барлық орталықтар озық жабдықпен жабдықталған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен ауылдағы жұмыстар жолға қойылды. Өңірде бір жылдың ішінде МЖС аясында 21 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды. Сіздердің адам өміріне араша болудағы күнделікті еңбектеріңіз үшін бас иемін», деді М.Тоқжанов.

Салтанатты шара марапаттау рәсіміне жалғасты. Ақтөбелік дәрігерлерге берілген марапаттардың ішінде «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, сонымен қатар, «Еңбек ардагері» медалі бар. Ол марапттарға ширек ғасырдан астам еңбек өтілі бар 14 медицина қызметкері ие болды.

Алты маман Денсаулық сақтау министрлігі мен Фармацевтика комитетінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Тағы 11 дәрігер диагностикаға заманауи технологиялар енгізгені және науқастарды емдегені үшін ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хаттарын иеленді. Медицина саңлақтарының бірсыпырасы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Сенім» Медицина қызметкерлері кәсіподағының республикалық қоғамдық бірлестігі атынан марапатталды.

Көптен күткен сәт – пәтер кілттерін табыстау шарасы болды. Эндокринолог Мөлдір Томарова, балалар хирургі Асхат Батыров пен анестезиолог Нұрмұхамбет Бигиев сынды жас мамандар баспаналы болды.

«Дипломымды алған соң еңбек жолымды Ақтөбе медициналық орталығында терапевт болып бастадым. Сонымен қатар, резидентурада тар шеңберлі біліктілік алдым. Эндокринологиялық бөлімде жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Біздерге мұнда науқастарды емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Пәтер алам деп ойламаппын да. Облыс басшылығына мереке қарсаңында жасаған сыйы үшін рахмет! Туыстарым мен әріптестерім таңертеңнен бері хабарласып, құттықтап жатыр. Бұл менің өмірімдегі ең толқынысты күн болды », - деді Мөлдір Томарова.