Марапаттарды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев тапсырды.
Марапат иелерін қуаныштарымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Тәуелсіздік күнінің мәні мен маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол егемендіктің 27 жылында еліміздің барлық салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін, Елбасы саясатының арқасында Қазақстанның алпауыт елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастықта абырой-беделге ие мемлекет болып қалыптасқанын айтты.
«Парасат» орденімен «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен наградталды. Одан бөлек, белсенді нұротандықтар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Астанаға – 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен «Нұр Отан» партиясының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Жалпы, мереке күндері «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен – 61, «Құрмет» грамотасымен 111 нұротандық наградталды. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары, Орталық аппарат пен партия тарапынан құрылған мекемелердің қызметкерлері, аймақтық және аумақтық партия филиалдарының өкілдері бар, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі.