Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2018

Қала полицейлері сандық жүйеде жұмыс істейді

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қауіпсіздікті жетілдіру мақсатында Алматы полицейлері заманауи режимде жұмыс істейтін болады. Жақында қала полициясының автопаркі 70 жаңа автокөлікпен толықты.

Қала полицейлері сандық жүйеде жұмыс істейді

Отандық әрі газбен жұмыс істейтін автокөліктердің әрқайсысы GPS-навигаторымен және видео-аудио анықтағыштармен жабдықталған. Осындай мәліметтермен бөліскен Алматы қаласы ІІД бастығы Серік Күдебаев  жол-патруль қызметінің планшеттер, төскеуделік видеорегистраторлармен қамтамасыз етілгендігін жеткізді. Озық технологиялық жетістіктер қала полицейлеріне хаттамаларды электронды түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Ал алдағы жылдың бірінші тоқсанынан бастап айыппұлдарды тәртіп бұзылған аумақта банк картасы арқылы бірден төлеу мүмкіндіктері қарастырылған.

Қазіргі кезде қала полициясының автопаркі көлікпен толық қамтамасыз етілген. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, бұл өз кезегінде полиция жұмысын барынша жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Қауіпсіздік жүйесінің сандық жүйеге көшуі сыбайлас жемқорлықпен күресуге де мүмкіндік береді. Ал қалада бейнебақылау камералары санының артуы  айыппұл салу мақсатында емес, көлік қозғалысын тәртіпке шақырып, жол-көлік оқиғаларын барынша азайтуға бағытталып отыр. Соңғы үш жыл ішінде қала бюджетінен полицияны жабдықтауға жеткілікті қаржы бөлінген, сондықтан да қауіпсіздік мәселесінде құқық қорғау қызметкерлерінен барынша  жұмыс тиімділігі талап етіледі.

Бүгінде қала полициясы материалдық-техникалық тұрғыдан барынша қамтамасыз етілген. Соңғы үш жыл ішінде 468 қызметтік көлік алынса, «102» қызметі жетілдіріліп, операторлар саны 2,5 есеге көбейген. Сәйкесінше  олардың жалақысы да 3 есеге ұлғайып отыр.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ