Әлемдік рейтингте ең үздік 16 балуанның ғана қатысуымен өткен «Мастерс» турнирінде еліміздің қос дзюдошысы қола медальға қол жеткізіп, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Олар – Елдос Сметов пен Ислам Бозбаев. Соның нәтижесінде екеуінің де жағдайы жақсарып, үздіктер тізімінде олар бірнеше сатыға жоғарлады. Атап айтсақ, осыған дейін 2 765 ұпаймен 13-орында тұрған 60 кило салмақтағы Сметов 7-орынға көтерілді. Қазіргі кезде оның еншісінде 3 665 ұпай бар. Ал 90 кило салмақтағы Бозбаев Гуанжоудағы жарысқа дейін 2 718 ұпаймен 15-орынға жайғасса, бұл күндері ол 9 орынды иеленуде. Оның қоржынында 3 518 ұпай бар.
Бүгінгі таңда Қазақстанның балуандары арасында ең үздік нәтиже Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі. 60 кило салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген қандасымыз 6-орынды (3 844 ұпай) олжалауда. Сондай-ақ, «ТОП-10» дзюдошының қатарында Ерлан Серікжанов (66 кило) пен Жансай Смағұлов (73 кило) бар. Олардың екеуі де 10-орынды иемденуде. Дәп қазір Серікжанов 3 400 ұпайды, ал Смағұлов 3 238 ұпайды иеленуде. Міне, ерлердің әлемдік рейтингісіндегі ең үздік бес жерлесіміз осылар.
Биыл «ТОП-10» балуанның санатына ене алмағанымен, келесі жылы мықтылар қатарынан көрінуге Елдос Жұмаханов (66 кило) пен Дидар Хамзаның (81 кило) мүмкіндігі мол. Қазіргі кезде 3 085 ұпайы бар Жұмаханов 11-орында тұрса, 2 586 ұпайға қол жеткізген Хамза 14-сатыға табан тіреді.
Әйелдер сайысында Қазақстанның дзюдошылары арасынан тек аса жеңіл салмақтағы Отгонцецег Галбадрахтың ғана аяқалысы тәуір. Бұл күндері ол 3 700 ұпаймен 9-орынды еншілеуде. Өзге қыздарымыздың қарқыны тым баяу.
Әлемдік рейтингте ерлер арасында Грузияның қос дзюдошысы көш бастап тұр. Олар – Варлам Лапартелиани (100 кило) мен Гурам Тушишвили (+100 кило). Өзге салмақ дәрежелерінде ресейлік Роберт Мшвидобадзе (60 кило), жапониялық Хифуми Абе (66 кило), кореялық Ан Шангрим (73 кило), ирандық Саид Моллаей (81 кило) және испаниялық Николоз Шеразадвишвили (90 кило) шашаларына шаң жұқтыратын емес.
Әйелдер рейтингінде Жапония мен Францияның тегеуіріні күшті. Күн шығыс елінің Цукаса Иошида (57 кило) мен Шизуру Араи (70 кило) сынды арулары алдарына жан салмаса, француздар қатарынан Амандин Бюшар (52 кило) мен Кларисс Агбеньенудің (63 кило) асығы алшысынан түсуде. Сондай-ақ, украиналық Дария Белодед (48 кило), голландиялық Гюше Стенхейс (78 кило) және кубалық Идалис Ортистің (+78 кило) өз қарсыластарына қарағанда шоқтығы әлдеқайда биік.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»