Зейнет жасында лайықты табыс алу үшін міндетті зейнетақы жарналарын, оның ішінде ерікті жарналарды да уақтылы және толық көлемде Қорға аударып отыру қажет. Қазақстандықтар ерікті жарналарды өзінің немесе (жұмыс істемейтін, табысы аз) туған-туыстарының пайдасына аудара алады. Бұдан басқа, жұмыс берушілер де жұмыскерлерін жұмысқа ынталандыру үшін олардың пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) аудара алады.
Қазақстанда өз қызметкерлерінің бүгіні мен болашағын ойлайтын компаниялар көп емес. Бірақ бар. БЖЗҚ мамандары отандық компаниялар тарапынан 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың тамызы аралығында аударылған ерікті зейнетақы жарналарының көлеміне талдау жасады. Талдау қорытындысы бойынша ЕЗЖ төлеуші-жұмыс берушілердің тізімі жасалып, жарналардың санына қарай, «БЖЗҚ» АҚ таңдауы бойынша 2018 жылдың үздік жұмыс берушісі» байқауының жеңімпазы анықталды. Ол – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы.
Қор басшылығының айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ – HR-саясаты (кадрлық саясаты) нақты қалыптасқан қазақстандық компаниялардың бірі. Онда қызметкерлер құрамы, олардың біліктілігі, жұмысқа деген ынтасы үлкен маңызға ие. Қазақтелекомның өтіп бара жатқан жылдың ең үздік компаниясы атануы – қызметкерлерінің бүгіні мен болашағын қамсыздандыруға ерекше көңіл бөлетін, әлеуметтік-жауапты, адал ниетті, қызметкерлері үшін ашық компания екендігін білдіреді. Өз кезегінде Қор басшылығы қолайлы еңбек жағдайларын жасауға, еңбек ұжымының зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға ұмтылатын компаниялар санының әлі де арта түсетіндігіне үміт артады.
Салтанатты марапаттау рәсімі Алматы қаласында «Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: қорытындылар, сын-тегеуріндер, даму келешегі» атты тақырып аясындағы дөңгелек үстел барысында өтті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ