Марат аға облыс, ауданда ондаған құрылыс ғимараттарын салған, өңірде бірінші болып сонау сенсенінші жылдары «Айдын» атты құрылыс кооперативін құрған жаңашыл азамат болатын. Амал бар ма, жаңашыл ағамыз осыдан 26 жыл бұрын 58 жасында өмірден өтті. Бұл турнир бұрын Қайрат Маратұлының жұбайы, Шығыстағы тұңғыш кәсіпкер әйел Әния Жамбылқызын еске алуға арналған болатын. Турнирді ұйымдастырған Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Мусиннің есімі кеңінен танымал, Қасым Қайсенов кентінде мешіт, ардагерлерге арналған мемориал салып берген.
Турнирге Зайсан, Бесқарағай, Ұлан, Өскемен, Семей қалаларынан 11 команда қатысты. Оның салтанатты ашылуында Марат ағаның жұбайы Мәрзия апай, замандастары, меценаттар қатысты. Тартысты өткен турнирде ақтық сайысқа «Алтай», Құрылысшылардың Мәдениет сарайы және ауған соғысы ардагерлерінен құрылған командалар шықты. Осы үш команда жүлделі орындарды иеленді. Бірінші орын алған командаға 500 мың, екінші, үшінші орынға табан тірегендерге тиісінше 300,200 мың теңге берілді. Басқа ардагерлер де грамоталар мен ескерткіш сыйлықтарға ие болды.
- Мақсатымыз бұқаралық спортты дамыту, Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау. Алдағы уақытта турнирді республикалық дәрежеге жеткізуді көздеп отырмыз. Қараңыздаршы, жасы 50, 60-тан асқан ағаларымыз волейболды қалай шебер ойнайды,-дейді Қайрат Маратұлы.
Турнир аяқталған соң Марат ағаға арналып құран-қатым түсірілді.
Оңдасын Елубай,
Өскемен