Мемлекет тірегі
Қазақстан Республикасын бүгінде күллі әлем мойындап, таныды. Оның халықаралық аренада үлкен беделге ие болуы, қыруар жетістіктерге жетуі орасан зор еңбек пен қажырлы қайраттың, сабырлылық пен төзімділіктің, бірлік пен ынтымақтың арқасы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында қаншама қиын да күрделі кезеңдерді артта қалдырып, сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған еркіндікке, ең басты байлығымыз – Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Егемен ел болып, еңсеміз көтеріліп, жарқын болашаққа жол ашылып, қазақы болмысымыз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғырды.
Қазақстан Республикасын бүгінде күллі әлем мойындап, таныды. Оның халықаралық аренада үлкен беделге ие болуы, қыруар жетістіктерге жетуі орасан зор еңбек пен қажырлы қайраттың, сабырлылық пен төзімділіктің, бірлік пен ынтымақтың арқасы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында қаншама қиын да күрделі кезеңдерді артта қалдырып, сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған еркіндікке, ең басты байлығымыз – Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Егемен ел болып, еңсеміз көтеріліп, жарқын болашаққа жол ашылып, қазақы болмысымыз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғырды. Осы тәуелсіздігімізді айқындап, құқықтық негізде қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданған болатын. Сонымен қатар, егемендігімізді нығайтып, еңсемізді түзеп, заманауи талаптарға сай бағытта даму жолында қосымша құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттілігі туындады. Соның салдарынан Қазақстан Республикасының бүкілхалықтық референдумында қабылданған Конституциясы өмірге келді. Қазіргі таңда саяси, әлеуметтік, экономикалық жетістіктердің жаңа сатысына құқықтық негіз берген, тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі болып саналатын Ата Заңымыздан еліміздегі барлық болып жатқан өзгерістер, жаңғыртулар бастау алатыны сөзсіз.
Ал кез келген мемлекетте қоғамдық-саяси қатынастардың барлығы да заңдармен, нормативтік құқықтық құжаттармен реттеледі. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының заңдары тікелей Ата Заңнан бастау алатындығы баршамызға белгілі.
Конституция – мемлекетіміздің тұрақты дамуының, бірлік пен ынтымақтың, бейбітшілік пен достықтың кепілі. Сондықтан да Конституция күніне ерекше назар аударылады. Конституция – біздің еркіндігіміздің негізі, бостандығымыздың нышаны және тәуелсіздігіміздің кепілі. Конституция қағидалары елімізді демократияландыруға, экономикалық дамуға, өркендеп өсуге, саяси тұрақтылыққа, бірлікке бастайды. 30 тамыз мемлекеттік мереке – Конституция күні деп жарияланған. Бұл жай мереке емес, еркіндіктің шашбауын көтерген, егемендігіміздің құқықтық мәртебесін айқындап берген саяси мереке. Сол кезде, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз қабылданып, оған қоса стратегиялық маңызды бағыттар айқындалып, бекітілген болатын.
Конституциямызда бекітілген құқықтық нормалар мемлекетімізде тұрып жатқан қаншама ұлттар мен ұлыстардың бірлесіп, бір үйдің балаларындай еңбек етулері үшін жағдайлар жасайды. Өйткені, біздің еліміз азаматтардың сөз бостандығы мен саяси құқық бостандығы айқындалған мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық жолмен, республикалық референдумда немесе заң шығарушы билік болып саналатын Парламентте ашық дауыс беру арқылы шешуді көздейтін демократиялық, әлемнің барлық дәстүрлі діндерін бір дастарқанға жинаған зайырлы, құқықтық және тек халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қағидасын ұстанатын, қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз, жаңа идеялары мен айтар сөзі бар егеменді мемлекет.
Ата Заң елдің құқықтық негіздерін, оның саяси, қоғамдық жүйесін айқындайды. Азаматтардың құқығы мен бостандығын және республикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған маңызды да басты құжат саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту арқылы әлеуметтік, экономикалық дамуға жол ашты.
Конституция – мемлекеттің халықаралық деңгейдегі құжаты. Оның бет пердесі, шынайы көрінісі деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Мәселен, Президент Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында 2012 жылдың шілде-тамыз айларында Қызылорда облысында іссапарда болдым.
Кездесулерде халықты қатты толғандырып жүрген көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтар болсам, жалпыға бірдей ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарының қазіргі таңда қатты тозығы жетіп, сапасы сын көтермейтіндігі сөз болып, ауыз су, жәрдемақы, ардагерлер туралы заң жобасына ұсыныстар енгізу сияқты мәселелер қамтылды.
Сонымен қатар, аудан орталығымен бірқатар елді мекендерді байланыстыратын автомобиль жолдарының жоқтығынан Лақалы, Отгон, Тасарық, Өркендеу, Аранды және Бекарыстан би-Майдакөл-Түктібаев-Қожабақы ауылдарының тұрғындары жол азабын тартып, қаншама қиындықтар көруде. Оған қоса осы өңірде шешімін таппай жатқан мәселелердің бірі ретінде бірқатар елді мекендерде халық ауыз суды уақытылы пайдалана алмай, су тапшылығын көріп отырғандықтары айтылды.
Атап айтқанда, су құбырлары пайдалануға берілген жылдан бастап осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей, тозығы жеткендігі анықталды. Жоспарланған қаржының уақытылы берілмеуіне байланысты бүгінгі күні 7 мыңға жуық тұрғын ауыз су тапшылығын көріп отыр. Енді мұның бәрін реттеу Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасында айтылғандай, жақсы жұмыс істегенде ғана, жүзеге асырылатындығы белгілі.
Биылғы жыл Қазақстан Республикасы үшін сәтті де табысты жыл болды. Оның бір дәлелі ретінде, Қазақстан ұлттық құрамасының Лондонда өткен XXX Жазғы Олимпиялық ойындардан толағай жеңіспен оралуын айтуға болады. Спортшыларымыз ел мерейін асқақтатып, Лондон төрінде Әнұранымызды жеті рет шырқатып, көк байрағымызды жеңіс төрінде желбіретті. Бұл да біздің Қазақстан Республикасының халықаралық аренада мақтан етер айтулы жеңістерінің бірі болып табылады.
Осы спортшыларымыздың арасында елімізге жеңіс сыйлаған, Қызылорда облысының тумалары екі дүркін олимпияда чемпионы Илья Ильин мен Марина Вольнованы ерекше атап кеткім келіп отыр. Олар ел қоржынына баға жетпес алтын және қола медальдарды түсіріп, қазақ халқының мерейін үстем етті. Осындай ұлдарымыз бен қыздарымыздың ұлы жеңісі мемлекеттік мереке – Конституция күні қарсаңында елімізге үлкен сый болды.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қазақ даналығы, сондықтан да біз елдігіміз бен бірлігімізді, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды баянды ету жолында болашақ ұрпағымыз, жастарды патриоттыққа, ұлтжандылыққа, адалдық пен адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Олардың бойына рухани құндылықтарымызбен қоса, егемендігіміздің қандай қиындықпен келгендігін, оның маңыздылығын сіңіре отырып, айтулы мереке Конституция күніне ерекше назар аударту қажет. Осының барлығын бойына сіңіріп, түсінген жастар келешекте еліміздің нағыз азаматтары болып жетіледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет ретінде алдымызда көптеген міндеттер тұрды. Солардың ішінде, ең басты міндеттердің бірі – тәуелсіздігімізді баянды ету, оны нығайту мен күшейту, құқықтық қамтамасыз ету болды. Өйткені, Кеңес дәуірі ыдыраған шақта ата-бабамыз аманат етіп қалдырған баға жетпес мұраға ие болып қалу оңай шару емес еді.
Осы жолда қаншама қиындықтар болды. Атап айтқанда, басымыз бұғаудан босап, тәуелділік пен жалтақтықтан арылып шыққан елімізді экономикалық, саяси, әлеуметтік дағдарыстар жан-жақтан қаумалап, күтіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, экономикамыз бен саясатымыз әлсіреген тұста көрінгеннің қолында кетуіміз ғажап емес еді. Бірақ осындай ауыр кезеңдерден Елбасымыздың арқасында мойымай шығып, бүгінде бәсекеге қабілетті, өзіндік басқару жүйесі мен мәдениеті қалыптасқан, әлем елдерінің қызығушылығын оятып, аяғынан нық тұрған қуатты мемлекетке айналдық.
Осылардың барлығы да біздің тарихымызда алтын әріппен жазылып, кейінгі келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Қожахмет БАЙМАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Нұр Отан» ХДП мүшесі.