20 Желтоқсан, 2018

Сергей Ершов: Темір қорытылған өлке ұмыт қалмасын

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сергей Ершов: Темір қорытылған өлке ұмыт қалмасын

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сында біздің тарихы­мыз­­дағы ұмытуға болмайтын негіз­гі мәселелерді атап өтті. Біз тарихымызды толыққанды түсіну және түйсіну үшін Ұлы даланың барлық қырлары объективті зерттелген әрі нақ­ты ғылыми деректерге сүйе­нуіміз қажет. Елбасы сол үшін өз мақаласында бірқатар ірі жоба­ларды ұсынып отыр. «Архив-2025» жетіжылдық бағ­дар­ламасы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» энциклопедия­лық саябағы, Ұлы дала тұлға­лары ғылыми-көпшілік серия­сы, «Түркі өркениеті: түп-тамы­рынан қазіргі заманға дейін», «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағы осы жобалар­дың аясында қамтылған. Бас­қа да жобаларды іске асыру «Қазақстан» атты мемлекеттік брендімізді қалыптастыруда және отандық туризмді дамытуда зор қолдау болатыны сөзсіз. 

Елбасы мақаласына орай Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге назар аударғым келеді. Ұлытау – ел ішіндегі киелі орындардың бірі. Бұл жер ғұн, көктүрік, Алтын Орда мен Қазақ хандығының орталығы болған. Ерте заманда бұл өлке­де тау-кен өндірісі дамып, қола, жез, қорғасын және темір қоры­тылып шығарылған. Орта және қола ғасырлар мен сақ заманында Жезқазған, Ұлытау мен Жезді аймақтарының кен орындарында жез рудалары­ның үлкен мөлшері өндірілді. Қазіргі таңда металлургияның ежелгі орталығының бірі ретін­де Талдысай мекені жақсы сақталып, оған тарихи ескерт­кіш мәртебесі берілді. 

Жезқазғанның солтүстік-шығысынан 50 шақырым жерде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның кесене­сі орналасқан. Одан сәл әрі Қазақстанның ежелгі ескерт­кіштерінің бірі, Қарахан кезеңіне дейінгі VIII-IX ғасыр­ларда салынған Домбауыл кесенесі бар. Ал Малшыбай ауылының тұсында ең үлкен әрі көрнекті ескерткіш – Алаша хан кесенесі тұрғызылған. Алаша хан туралы нақты дерек қалмаса да, ел арасында жүрген аңыздар аз емес. Жез­қазған қаласы­нан 85 шақы­рым жерде жартас­қа ежелгі суреттер салын­ған архео­логиялық ескерткіш – Терек­ті әулие орналасқан. Бұл тарихымыздағы ерекше ескерт­кіш екенін атап өткен жөн. Мұнда бабалары­мыз­дың материалдық, рухани және әлеуметтік өмірі­нің ерек­шеліктері туралы мәлі­меттер беретін тасқа қа­шал­ған петроглифтер сақ­тал­ған. Жал­пы алғанда Жез­қазған­ның айналасында он бес шақты кесене бар. 

Ұлытау өңірінің тарихы мен табиғатын жан-жақты насихаттау, ең алдымен өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуде аса маңызды. Бұл ретте, Үкімет Ұлытау өңірінде мәдени-туризм айма­ғын, соның ішінде тарихи ескерт­кіштерге апаратын жолдар мен инфрақұрылымды одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылдауы тиіс. 

Сергей ЕРШОВ,

Парламент Сенатының депутаты