Қазақстан • 21 Желтоқсан, 2018

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа ұсыныстары жарияланды

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесінен кейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшелері кезекті рет тоғысып, биылғы «жаңа өнімдер» мен алдағы жылға межеленген жоспарларды талқылады. Сондай-ақ қазір Парламент Мәжілісінде елдің көп пәтерлі тұрғын үйлер қорына күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесі көтерілгені аян. Осыған орай Қоғамдық кеңес мүшелері банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен бірге бұл бағыттағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің рөлін талқылады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа ұсыныстары жарияланды

Биыл алғашқы лекте екі мыңға жуық әскери қызметші жеңілдетілген заем алды

Әскерилердің баспаналы болу мәселесін шешуге, яғни жаңа әлеуметтік бағытта өнімдер әзірлеп, оны жүзеге асыру ісіне ТҚЖБ қоғам белсенділерін қоса жұмыл­­дырып отыр. Ал Тұрғын үй құры­­лыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамында осы тақырыпқа қалам тартқан танымал журналистер, қоғам қайраткерлері мен банк салымшылары кіреді. Сондай-ақ осы жолы Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатары толыққанын атап өткен жөн.

 Сонымен кезекті отырыста Қоғам­дық кеңестің төрағасы, белгі­лі журналист Сергей Поно­ма­рев «әскери өнімге» қатысты Алматы, Астана, Тараз және Се­мей қалаларындағы әскери бөлім­дер­ге барып, жаңа тұрғын үй бағ­дарламасының несие­лендіру шарт­тарын түсін­діріп, әскери қызмет­ші­лер­дің пікір­ле­рін біліп қайтқанын атады.

– Әскери бөлімдердегі сапарлар нәтижесінде банк клиенті атанған Отан қорғау­шы­лары­мыздың пікір-ұсыныстары жиналды. Қолға түскен ақпараттың бәрін банк басшылығына тапсырдым және алдағы жылы әскери қызметшілердің бұл ұсыныстары ескеріледі деп үміттенемін. Қазір оларға 1 845 жеңілдетілген заем берілген және 300-дей несие өтініші қаралып отыр. Банктің қолдауына Қоғамдық кеңестің бақылауы қосылып, әскери мамандар пәтер жалдаушыдан бас­пана иесі мәртебесіне өтуде. Бұл игі іс жалғасын таба бере­ді деп сенемін, – деді Сергей Поно­ма­рев.

Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі басқарма төрайымы Ләззат Иб­ра­ги­мо­ва­ның түсіндіруінше, би­ыл пулға іліге алмаған әскери қызмет­шілер Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкіндегі шоттарына ақша жинауды әрі қарай жал­ғас­тыра алады. Бұл үшін банк ба­рын­ша жайлы және қауіпсіз жағ­дай жасап отыр. Ең бастысы, әс­кери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе және қол сұ­ғыл­маушылық кепілі берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды. Оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3%-ға дейін баратынын айта кету керек.

Қаз­ақ­станда шама­мен 70 мың­­­­дай әс­кери қыз­метші тұрғын үй тө­­лем­­дерін алады. Демек бұл – тұр­ғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Сон­­дықтан ТҚЖБ осы аза­мат­­тардың бас­пана мәселесін ал­да­­ғы 5-6 жыл­дың ішінде шешуге ниетті.

Көп пәтерлі үйлердің көпшілігіне күрделі жөндеу керек

Елімізде бүгінгі таңда 146 763 мың шаршы метр көп пәтерлі тұрғын үй қоры болса, бұлардың са­лынғанына алды 60 жыл және олардың 1,8 пайызы апатты жағ­дайда, сондай-ақ 25 пайызы күрделі жөндеуді күтіп тұрғанын ескерсек, бұл мәселе көкейкесті екендігін көрсе­те­ді. Ал бұл іске 589 миллиард теңге қаражат керек. Сон­дық­­тан Парламент тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шы­лығы нары­ғы­ның құрылымын түп­кі­лік­ті өзгертудің кезі келгенін түсініп отыр. Өйткені 10-15 жыл­­дан кейін қалған үйлерге де күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізу қажет болады. Уақыт өте келе ол мемлекет үшін толайым мә­селеге айналмақ.

Осы орайда Мүлік иелері бір­лес­тігін (ОСИ) құру ұсынылып отыр­ғаны белгілі. Бірақ оны қай банк мойнына алады? Бұл салада аса күрделі қаржылық опера­цияларды жолға қою мен пәтер иелері болып табылатын салым­шылардың қара­жатын шоғыр­лан­дырып, тек тиіс­ті мақсатқа жұмсап, қолды болып кет­пеу­іне қандай қаржылық жүйе кепілдік бере алады?

Осынау аса маңызды жа­уап­­кер­шілікті «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мойнына алуға дайын. Сол се­беп­ті қаржылық ұйым арнайы бастама да көтеріп отыр. Банктің бұл мәселені шешу үшін қандай жолдар ұсынатыны туралы басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Қоғамдық кеңес мүшелеріне тарқатып, айтып берді.

– Бір жағы бұл тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылығы на­ры­ғын біріктіру үшін ғана емес, оны тәртіпке келтіріп, ашық­­­­тығын қам­та­масыз етуде де аса қажет. Өйт­кені әрбір отан­­­­­­да­сымыз жақ­­сы, жөндеу көр­­­ген үйде тұрып, күйлі болуға мүд­де­лі. Сон­дықтан да көп пәтерлі үй­­лер­­дің күрделі жөн­деуіне жұм­­­са­латын қаражатты бір жерге­ жи­нақтап, сол мақсатқа жұм­сау жайындағы аманатты ТҚЖБ мой­­нына алып отыр, – деді банк же­­текшісі.

Өйткені алдағы 10-15-20 жыл­­­­да қалған 65 пайыз тұрғын үй­­­­­­­лер­­­ге де күр­делі жөндеу қажет бол­­­мақ. Банк­тің есептеуінше жыл сайын бұл ба­ғытта 75 мил­­лиард теңге қара­жат жи­нақ­­­тау­­ға болады. Үш жылда оны 250 миллиардқа жет­кізіп, үлкен қор жа­сақтауға әб­ден мүмкіндік бар. Мұндай күр­делі жөндеу жұмыс­тарын қам­тамасыз етудің тиім­ді тетік­терін Батыс Еуропа, яғни Гер­мания, Венгрия елдері қол­­­данып келеді.

Қыс­қасы, есіктен еніп келе жатқан 2019 жылдың басында Мә­­жіліс пен Сенат бұл бағ­дар­­ла­­­­маны заңнамалық тұрғыда қарас­тырады.

Салымшылар сенімі

Қалай десек те төрт бірдей девальвация халықтың жи­нақ­тау­шы жүйеге деген сеніміне селкеу түсір­гені аян. Алайда Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі­н­ің салым­шы­­­лары бүгінде 1,2 мил­лион­ға жет­кенін ескерсек, банк са­лым­шы­лар сенімінен шығу үшін аз жұмыс атқарып отырған жоқ. Бұл – жаңа қоныс тойлар, бірін­ші баспаналы болу бақыты мен пайызы төмен жеңілдетілген несие­лер.

Сондықтан жаңа жобалар мен акция­лардан бөлек, Қоғамдық кеңес мүшелері банкпен бірігіп тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ең басты мақсатын, яғни табыс көлеміне қарамастан, барлық азаматтарға қаражат жинап, кейін үй сатып алуға немесе салуға тиімді несие ресімдеу мүмкіндігін беруді насихаттау­ды жалғастырып келеді.

– Халықтың қаржылық сауат­ты­лығының өсуі Қоғамдық кеңес­пен бірлесіп жүргізілген жұмыс­тар­дың нәтижелі болғанын біл­дір­еді. Бұған тұтынуды емес, қара­жат үнемдеп, ақша жинауды құп көрген Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі салымшылары санының өскені дәлел. 2018 жылдың 11 айы ішінде банкте 347 574 жаңа депозит ашылды. Жалпы алғанда, біздің банкте қазір 1,2 миллионнан астам адам баспаналы боламын деп қаражат жинап жатыр. Олардың шоттарындағы жалпы жинақ сомасы 583,3 млрд теңгені құрайды, – деді Ләззат Ибрагимова.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ