Алғашқы фронт-офис облыстық полиция департаментінде ашылған болатын. Бұл қолайлы ғимаратқа азаматтар келіп, арыздарын береді, анықтамалар алады. Олардың әрқайсысында жиырмадан аса мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.
Аудандар мен қалаларда жұмысын бастаған әр фронт-офисте қолайлы күту залы бар. Мысалы, Рудный қаласындағы фронт-офисте бүгінге дейін 1000 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қостанай облыстық полиция департаменті тылды қамтамасыз ету басқармасының бастығы Анатолий Чуйконың айтуынша, мұндай қабылдау офистері Елбасы Жолдауларында айтылған жоспарлы сервистік модельге өтуге жағдай жасайды. Жұмысты бұлай жаңаша ұйымдастыру азаматтардан түсетін арыздарды қабылдаудың мөлдірлігін қамтамасыз етеді. «Азаматтарды қабылдау» кеңсесінің тиімділігін Әкімшілік полициясы басқармасының бөлім бастығы Абзал Болатов айтты. Оған күн сайын ондаған азаматтар келеді. Фронт-офистің арқасында азаматтардың арызын қабылдау уақыты 10 минутқа қысқарды. Мұны келушілер де байқап, жақсы бағаларын беруде.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай