Оны ойнап отырған қарт музыканттың дудыраған аппақ сақал-шашы құдды бір таудан құлаған қар көшкінінің суретін әкеледі көз алдыңызға. Ал қарттың қасында сол «көшкіннен» түк те қаймықпай, басына ақ бөкебай шәлі тартқан шүйкедей ғана кемпірі отыр. Оның үстіндегі сұр пальтосы кезінде жұрт қызығатындай-ақ сәнді киім болғанға ұқсайды. Бірақ қазір өңі түсіп, жаға-жеңінің ұшы қырқылып, ескіріп қалғаны көрініп тұр.
Екеуінің алдында аузы ашық ескі қобдиша жатыр. Оған анда-санда сылдыр етіп тиын-тебен түседі. Бұл тыңдаушылардың оларға деген ризашылығы ма, аяушылығы ма, түсіну қиын...
Ерлі-зайыпты қарттардың бүгін Арбатқа амалсыздан шыққаны, иә болмаса, екеуі бірдей үйде құр қарап отырғанша, көшеден аз да болса табыс табуға бел буғаны − ол да бізге беймәлім.
Сақал-шашы аппақ музыкант әуелде батыстық классикадан үзіп-үзіп біраз әуен орындады. Тыңдаушыларға Алматының Арбаты бір сәтке Венаны елестетіп, одан соң Парижді, Мәскеуді еміс-еміс еске салғандай болды. Ашық жатқан қобдишаға әредік-әредік сыңғырлап ұсақ теңгелер түсіп жатты.
Кенет қарт баршамызға таныс, жанымызға жақын, көңілімізге ыстық «Қазақ вальсін» құйқылжыта жөнелді.
Май туса, гүлдер шешек атса жазда...
Тыңдаған жұрттың қабағы жазылып, жүзі жадырап, желтоқсан айында аяқ астынан күн жылынып, айналадағы ағаштар жапырақ жая бастағандай таң-тамаша күйге бөленді.
Арбаттың бойымен аяңдап, қыдырыстап жүрген көп аяқтар кідіріп, әуен төгілген жаққа қарай бұрылды. Ескі қобдишаға енді сыңғырлаған ұсақ теңгелермен қосыла шытырлаған жаңа банкноттар да түсе бастады.
Үрмелі аспаптың кернейінен ұшып шыққан қазақ музыкасының классикасы биік аспанға қарай самғап бара жатқандай бір қызық көрініс пайда болды.
Әйткенмен, осынау көңілді әуеннің өзегінде де мұң бар еді. Бірақ ол мұңның үрмелі аспаптың кернейінен шығып жатқаны, не болмаса, қарт музыканттың көңілінен төгіліп жатқаны баршамызға жұмбақ күйінде қала берді...
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»