Облыстың жер аумағы 14,6 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 10 миллион 782 мың гектарға немесе барлық жердің 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары – жайылымдық жерлер. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 1 миллион 110 мың 300 гектар жердің пайдаланылмай бос жатқандығы анықталды. Бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмапты.
Бүгінгі күні Ақмола облысында ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жер телімдерін бөлуде заң бұзушылықтар жиі кездеседі.
– Бізге меншік құқығын бұзу, жерді бүлдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау, жер телімдері меншік иелерінің және жерді пайдаланушылардың жер телімдерін пайдалану жөніндегі міндеттерін орындамауы, уақытша иеленіп отырған жерді одан әрі мақсатына сай пайдаланбай, жарамсыз күйге түсіру сияқты заң бұзушылықтармен күрес құқығы берілді, – дейді Ақмола облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының жетекшісі Талғат Мұхаметжанов.
Оның айтуына қарағанда, басқарма өз бетімен белгілі бір жер телімін басып алып, онда құрылыс салу, сөйтіп жерге заңсыз иелік ету көріністеріне де жауапты екен. Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, ел игілігі болып саналатын жердің берекесін сақтау үшін жұмыс істеулері керек.
Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізінде заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жері бес жыл ішінде өзінің бастапқы мақсатына екі жыл қатарынан пайдаланылмаса, онда үшінші жылы сот шешімі арқылы мемлекетке қайтарылып алынады. Шынтуайтында, бес жыл тым ұзақ әрі тиімсіз. Сондықтан Жер ресурстары комитетіне бұл мезгілді қысқарту жөнінде ұсыныс енгізіліпті. Бір жыл егін егіліп, келер жылы әлдебір себептермен егілмей қалса, ол жерді қайтарып алуға құқықтары жоқ. Жер пайдаланушылар осылайша ұзын-сонарға салып, жерді тиімсіз пайдалана берулері де мүмкін.
Қазіргі күні облыс бойынша 100 мың гектар жер бүгінгі иелерінен мәжбүрлеп қайтарып алудың алдында тұр. Бұл 2015 жылы жүргізілген тексерістердің нәтижесінде анықталған жерлер. 2016-2017 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесіне орай тағы да 212 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет есебіне қайтарылмақ. Өйткені олар да бір кезде иелері іске жаратамыз деп алуын алғанымен, түрлі себептермен кәдеге асыруға шамалары келмей, арамшөп басып, тозып бара жатқан егістік алқаптары.
Былтыр Ақмола облысы әкімінің шешімімен пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау үшін аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылған.
Биыл 299 мың гектар жер осындай тексерістермен қамтылып, жер заңнамасының 244 рет бұзылғандығы анықталды. Бұл жерлердің 297 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, қалған 2 мың гектары коммерциялық нысандарға бөлінген жерлер. Заң бұзғандарға 17 миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыста заң бұзушылық Атбасар
ауданында жиі кездесіп отыр. Аудандық прокуратурадан түскен ұйғарым хаттың негізінде басқарма 134 ауыл шаруашылығы субъектісіне тексеріс жүргізген. 50 мың гектар жерді қамтыған 27 тексерістің барысында 14 субъектіге өздерінің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай, қараусыз қалдырғаны үшін 657 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осы арада айта кететін бір жайт, көптеген серіктестіктің бейнеті мол мал шаруашылығынан қашып, тек егінмен ғана айналысатындығы. Мұның өзі шалғайдағы шағын ауылдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Егер екі саланы талапқа сай бірге жүргізсе, ауылдық жерде жыл бойы жұмыс көзі болар еді. Жұмыс болған соң, ауыл адамдары да туған жерін тастап кетпес еді. Біздің ойымызша, бұл орайдағы талапты күшейте түсу қажет. Жоғарыда айтылған тексерістердің нәтижесінде бұрын егін шаруашылығымен ғана айналысқандықтан, жайылымдық жері бос жатқан серіктестіктер біртіндеп мал сатып ала бастаған. Ал 7 субъект түсінік жұмыстарын жүргізу барысында ерікті түрде өз жер телімдерін иеленуден бас тартып отыр. 1462 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, аукцион арқылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілетін болады. Бұл бір ғана Атбасар ауданында орын алып отырған жағдай.
Соңғы жылдары 264,7 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. 653,5 мың гектар алқап егіс айналымына қайта енгізіліп, бос жатқан жерлердің көлемі бұрынғыға қарағанда қысқара түсті. Келер жылы 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді-дақылдар егіліп, диқан қауымы 5 миллион тоннадан астық жинаймыз деп дәмеленіп отыр. Егер жер бос жатпай, барлық егістік алқаптары талапқа сай пайдаланылатын болса, егістік көлемі де, өндірілетін өнім де бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді.
Бұрнағы жылдары серіктестіктер тарапынан жерді банкке кепілдікке қойып, несие алып, кейін не егін екпей, не несиесін қайтармай, дауға ұшырау деректері де кездескен. Мәселен, Біржан сал ауданында 107 мың гектарға жуық жер, Зеренді ауданында 6 мың 851 гектар жер кепілдікке қойылып кете барған.Серіктестіктер соттың шешімімен банкрот болып табылған. Екі ортада пайларынан айырылған халық зар қақсап қалды.
Жердің игілік екендігі ақиқат. Игілік бос жатпауы керек.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы