Халқымызда «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз», деген ұлағатты сөз бар. Тарих – бұл халықтың бүгіні мен болашағын айқындайтын бірден-бір маңызды көрсеткіш. Әр халықтың маңдайына біткен тағдырлы жолы осы тарих қойнауынан тамыр тартады. Сондықтан да төл тарихын ұлықтап, ата-бабалар салған сара жолды ұстанған халық қана кемел келешекке нық сеніммен қадам басары анық.
Бабалар мұратын жалғастырып, ел аманатын арқалап келе жатқан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, ең алдымен болашақ ұрпақтың тәрбиесіне бағытталып отыр.
Мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Ол «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталып, жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керектігін айтқан. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек екендігін, біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл əлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екендігін Елбасы тілге тиек еткен.
Бұл мақалада терең ой, ұлттық құндылықтарды бағалай білу, халық әлеуетіне зор сенім, ерік-жігер мен күш-қуат көрініс тапқан. Әр қазақты толғандыратын әрі болашақта өзінің үлесін қосуға жігерлендіретін, жаңа дүниетаным мен көзқарас қалыптастыруға мол мүмкіндік ашылып отыр.
Ендігі кезде, ата дәстүрді жалғастыру салт-сананы, қазақтың қолөнерін түлетудің, қанмен келген қасиетке деген адалдыққа берік болудың бірден-бір жолы деп білемін.
Біздің бабаларымыз білімге, өнерге жақын болған, әсіресе ән-жырлар, аңыз-әңгімелер, эпостар мен ертегілер арқылы ұрпақтарына тәрбие берген. Сал-серілер мен ақын-жыраулардың өнерлерінің бүгінгі күнге дейін жетуі соның айғағы. Жастайынан балаларды атқа үйір қылып, бәйгеге қатыстырған. Той-жиындарда, ас және басқа да шараларда өткізілетін қазақтың ұлттық ойындары бізді әлі күнге дейін басқа елдерден ерекшелендіріп тұратыны әрі мәні мен маңызы зор екендігі мәлім.
Балаларды епті, өнерлі, шебер етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Қазақта «ауызымен құс тістеген», деп жүйрік ат пен сол атты епті меңгерген шабандоз баланы айтып мақтан тұтатын. Ал қыздардың тәрбиесі отбасында ерекше орын алғандығы тарихтан белгілі. Аналардың қыз баланың тәрбиесіне өте үлкен көңіл бөлуінің, қыздарды болашақ жар, ана, шаңырақтың шырақшысы етіп тәрбиелеудің маңызы зор.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақталған тәжірбиесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, бір жүйеге түсіру, топтарға жіктей отырып зерттеу туралы Елбасының мақаласында орынды айтылған.
Біз осы мақалада көтерілген мәселелерді шешуге қандай үлес қоса аламыз деген сұрақ бәрімізді толғандыруы керек. Халықтың тарихи санасын жаңғыртуға, яғни жастарға ұлттық тарихтың маңыздылығын терең оқытуға ықпал етуіміз қажет. Мақаладағы ұсыныстарды жүзеге асырсақ, онда өз ұлтымыздың, тіліміздің, дініміздің, ата-бабаларымыздың тарихын сақтай отырып басқалардан кем болмаймыз.
«Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген халық даналығы бар. Ең бастысы, тарихи санасы нығайған ел ғана бәсекеге қабілетті болатынын ескеріп, Қазақстандай аса қуатты, мызғымайтын мемлекеттің мәртебесін биіктете берудің маңыздылығын халықтың зердесіне сіңіруіміз қажет.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Парламент Сенатының депутаты