Ғұлама
Тарих тағылымдары
Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделгенін бүгінгі жаһандану деген қым-қуытқа толы өмір айқын көрсетіп отыр десек, шындықты жасырғанымыз да, асыра бағалағанымыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адамдардың рухани азғанына баршамыз куәміз.
Кейбіреулер: «Қазақта дін болмаған, біз көшпенді едік», десе, екінші бір топ тағы бір уәж айтып, ат төбеліндей халқымызды: «Біздің дініміз – тәңіршілдік», деп Исламнан алыстатуға тырысатынын көріп жүрміз. Ал шындығында, ата дініміз әлімсақтан-ақ – Ислам. Ата-бабаларымыз осы хақ дінді ұстанып, ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүрген. Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», деген қағидасын берік ұстанған жұртымыз әрдайым имандылыққа ұйыған.
Тарих тағылымдары
Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделгенін бүгінгі жаһандану деген қым-қуытқа толы өмір айқын көрсетіп отыр десек, шындықты жасырғанымыз да, асыра бағалағанымыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адамдардың рухани азғанына баршамыз куәміз.
Кейбіреулер: «Қазақта дін болмаған, біз көшпенді едік», десе, екінші бір топ тағы бір уәж айтып, ат төбеліндей халқымызды: «Біздің дініміз – тәңіршілдік», деп Исламнан алыстатуға тырысатынын көріп жүрміз. Ал шындығында, ата дініміз әлімсақтан-ақ – Ислам. Ата-бабаларымыз осы хақ дінді ұстанып, ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүрген. Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», деген қағидасын берік ұстанған жұртымыз әрдайым имандылыққа ұйыған. Дінім Ислам деп түрлі көлдер мен шөлдерді, тау мен тастан арлы-берлі өткен Құнанбай қажы Кербаланың шөлінен де асып, жыл дегенде қажылықтан елге оралған. Тіпті, 1896 жылы Үндістанда оба ауруының шығуына байланысты Ресей патшалығы қажылыққа баруға тыйым салса да, қазақтар осы сауабы мол ізгі сапарға рұқсатсыз барған. Сөйтіп, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында да талай қазақ мұсылмандық парызын өтеп қайтқан.
Қазақ жерінде ежелден мыңдаған мешіт болған. Бас мүфтиіміз шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» (2009 ж.) атты еңбегінде Қазақ жеріндегі алғашқы мешіттердің ІХ-Х ғасырларда салына бастағанын тарихи деректер арқылы дәйектеген. Осы мағлұматтардың бәрі Исламның ежелден ұстап келе жатқан асыл дініміз екендігін айғақтай түседі.
Менің атам Ысқақ пірәдар ислам дінін берік ұстанған, имандылықты өмірінің мақсаты еткен кісі еді. Сол себепті туған жерім Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылынан осыдан бірнеше жыл бұрын мешіт салдырдым. Халықтың қуанышында шек болмады. «Ауылға Ысқақ пірәдар ту еткен имандылық қайта оралды», десті. Оған реті келгенде барып тұрамын. Мешітке кіріп, дұға жасаймын. Жаратушы иемізден еліме, халқыма тілек тілеймін. Асыл дініміздің көптің жүрегіне ұялап жатқанын көріп қуанамын.
Иә, Ислам діні Отанымызда орнығып, даму үстінде. Әйтсе де, оған жалпыхалықтық қолдау қажет. Сонда ғана ол биіктен биікке көтеріле бермек. Ұлтым деген әрбір қазақ әлемдік жаһанданудың құрбаны болмас үшін ана тілін, ата-баба діні мен ділін көзінің қарашығындай сақтауға бар күш-жігерін жұмсауы тиіс. Егер осы рухани құндылықтардан айырылсақ, жер бетінен қазақ деген ұлттың жоғалып кетуі әбден мүмкін. Бұл жай сөз, әншейін дабыра емес. Тарихқа көз жүгіртсек, алысқа бармай-ақ Ресейдің бодандығы мен атеизм тұсында КСРО деген империяда діні мен тілінен айырылған әлденеше ондаған ұлт пен ұлыстың айдың, күннің аманында-ақ жоғалып кеткенін көреміз. Соның мысалына Сібір халықтарын алайықшы. Діні жоғалып еді, тілі де, өзі де оп-оңай құрдымға кетті. Құдай одан сақтасын дейік.
Еліміз егемендік алғаннан кейін дініміз бен төл мәдениетімізге біржола бетбұрыс басталды. 1990 жылы дін мәселелерімен шұғылданатын діни басқарма дүниеге келгенімен, басшыларының білімі мен біліксіздігінің кемшіндігінен қалыптасуы тым баяу жүрді. Олардың пендешілік іс-әрекеттерін көріп мен де діндарлардан шет жүруге тырыстым. Сөйтіп жүргенде, 2000 жылы дінбасына белгілі ғалым, араб тілі мен мәдениеті, тарихы мен Ислам дінінің білгірі, иманды азамат Әбсаттар қажы Дербісәлі келді. Оны мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп жүрген жылдардан бері жақсы білетінмін. Кездесіп, пікірлесіп, сұхбаттасып тұрушы едік.
Ол дін қызметіне келгеннен соң арада 6 жыл өткеннен кейін Бас мүфти дін істеріне қандай оң өзгерістер әкелді? Діни істердің бүгінгі жағдайы қалай деген оймен 2007 жылы арнайы мақала жаздым («Жас алаш», №1, 2007, 1 қаңтар). Міне, одан бері де тағы да 6 жыл өтіп үлгеріпті. 12 жыл ішінде рухани басшымызға айналған шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің жұрт сүйсінер істеріне тағы бір көз жүгіртсем деген оймен қолыма қалам алдым. Өйткені, дін саласына жақын жүремін. Кешегі мен бүгінгіні салыстырамын. Бас мүфтимен түрлі мешіт ашылуларында, конференциялар мен симпозиумдарда бірге болып, уағыздарын, баяндамаларын тыңдап жүрмін. Намаздарда да болып тұрамын. Ол жалпы халық пен зиялы қауым арасына алтын көпір бола білуде. Дін адамымен діни тілде, зиялы мен зиялыша, жазушымен қаламгерлерше сөйлесіп, тіл табыса біледі. Сөйтіп, ол өткен 12 жыл ішінде отандастарымызға ғана емес, жалпы, мұсылман дүниесіне де жақсы таныс, белгілі тұлғаға айналды.
Ірі тұлға
Ол дінге ғылым арқылы келді. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ең алдымен, үлкен ғалым, парасат иесі. Оның, әсіресе, Қазақ даласынан шыққан тек 30-дан астам әл-Фарабилер, 50-ге жуық Таразилер, Баласағұни деген атпен – 10, Сайрами деген лақаппен 40-тан астам парасат иелері, сондай-ақ, өзіне ру, жер, қала аттарын ныспы етіп алған, әлем таныған 200-дей ғалымдарымыз бен ғұламаларымызды тапқаны үлкен жаңалық болды. Соларды іздеп табу, халыққа таныту мәдени тарихымызды Бұқар жыраудан бері қарай ғана қарастыру дертінен айықтырып, өскелең ұрпақтың ғасырлар тұңғиығында жатқан шындыққа үңілуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ, оларды табу арқылы «Қазақ халқы көшпелі болды, сондықтан бұларда мәдениет пен білім, ғылым дамымады» деген сыңаржақ пікірдің үстірт әрі негізсіз екендігін бағамдайсыз.
Алла тағала сүйген пендесіне ғана ғылым сыйлайды екен. Олай болса, ол Алланың сүйген пендесі. Сол себепті де Жаратушы иеміз оған дінбасылық секілді өте жауапты міндетті ең бір қиын да күрделі кездері жүктеді. Елбасылық пен Дінбасылық Алланың қалауымен ғана болатын іс дегенді оқығаным бар. Ол шынында да солай.
Әбекеңнің ғұламалығының өзегі имандылықта жатыр. Ғұламаңыз иманды болса, зор сый деп қабылдаңыз. Әбсаттар қажы Алланың бізге берген сол сыйы! Ендеше, қасиетін танып, қадірін білуіміз керек. Дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлінің сол қасиеті мен қадірін әлемнің біраз елдері біліп, танып та үлгерді. Танығандығы сол емес пе, осыдан біраз жыл бұрын мұсылмандар мен христиандар арасында кикілжің туғанда Францияның бас митрополиті Эммануель Әбсаттар қажы Дербісәліге хат жазып, татуластыру ісіне қолғабыс етуді сұрағаны.
Бас мүфтиіміздің бүкіл әлем сүнниттерінің және әл-Әзһардың ұлық шейхы доктор Мұхаммед Саид Тантауи, Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Абдолла Әбдел Мухсин ат-Түрки, Мәскеу және Бүкілресейдің соңғы екі патриархы, Қазақстандағы Православие епархиясының екі митрополиті, сондай-ақ, Түркия, Египет, Кувейт, Малайзия, Сингапур, Италия, Үндістан, Пәкстан, Балқан елдері, Франция, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сирия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанның ислам діні жетекшілерімен кездесіп, өзекжарды діни мәселелер жайлы үнемі ақылдасып, кеңесіп тұруы да оның ғұламалығын, білімдарлығын, ақыл мен парасатын, биік пайымын дәлелдейді дер едім.
2012 жылы мамыр айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі қарсаңында Мәскеу және Бүкілресей патриархы Кириллдің өзі өтініп, біздің Бас мүфтимен кездесуді сұраған. Ұшырасуда діни істерге байланысты келелі мәселелер талқыланған.
Бас мүфти жарғақ құлағы жастыққа тимей еліміздің аймақтарын аралап, шет ел асып, ислам дінінің алтын діңін, шынайы болмысын насихаттау жолында тыным таппай келеді. Көптеген халықаралық және республикалық конгрестер мен конференцияларға, симпозиумдарға қатысып қазақ, орыс, араб тілдерінде мазмұнды баяндамалар жасап жүр. Әлемнің небір аузы дуалы ділмарлары мен биік деңгейлі мамандарының алдында жыл өткен сайын ақ кемесі айдынданып келе жатқан Қазақ елі қанатын жайып, тамырын тереңдете түскен исламның мән-маңызы хақында көсілте кенен де кемел сөз сабақтап келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі мұсылмандар қауымының абыройы дер едім. Ол қазір еліміздің ислам дінінің басшысы ретінде әлемдік деңгейдегі дін басшыларымен тең тұратын, мойындалған ірі тұлғаға айналды.
Мәңгілік мұралар
Орта Азияның дінбасылары 2007 жылы Алматыға жиналып, оны Мүфтилер кеңесінің төрағасы етіп сайлағаны да жайдан-жай емес. 2012 жылдың көктемінде Лондонға барып келді. Англия астанасында оның мұнан екі жыл бұрын Алматыда орыс тілінде жарық көрген «Ислам – религия мира и созидания» атты кітабының ағылшынша нұсқасының тұсауы кесілді. Қазақстан түгілі Ислам елдерінің дін істері министрлері мен мүйізі қарағайдай қайраткерлері, ғалымдарының, дінбасыларының Еуропаның Англия сияқты елінде кітабы шығып, оның тұсаукесері қашан өтіп еді? Осы еңбегі арқылы ол Қазақстанды, оның тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тілі мен дінін, мәдениетін әлемге танытты. Қазақ қазақ болғалы да мұндай жайт бірінші рет болып отыр.
Ислам, ең алдымен, білім – ғылым. Мұны жақсы түсінген Бас мүфти діни қызметке кіріскеннен бері руханият айнасы саналатын имамдардың біліміне, білігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазір халықтың бәрі сауатты, оларды құрғақ сөзбен иландыра алмайсың. Сондықтан бүгінгі діни қызметкерлер тек діни білімді ғана емес, дүниәуи ғылымды да меңгеріп, көзі ашық, көкірегі ояу болғаны абзал. Ол үшін үнемі ізденіс қажет. Міне, осы мәселеге Бас мүфти ерекше көңіл бөліп отыр.
Еліміздің үш мыңдай дін қызметкерлерін аттестаттаудан өткізді. Мешіттер бір орталықтан басқарылатын болды. Мешіттердің ұлттық сипатқа қарай бөлінуін тоқтатты. Мұсылмандарға бірлік келді. Бұл біле білгенге аз жетістік емес.
Діни білімдерін жетілдіру мақсатында көптеген діндарлар өзара келісімге сәйкес бірқатар мұсылман елдерінде қысқа мерзімді курстарда оқып келуде. Мұның өзі дінге көрсетіліп жатқан қолдау. Өйткені, еліміздің болашағы жастар. Елді алға сүйреп, діни істі де алып барушы жас мамандар. Тағы айта кететін бір ж?айт – соңғы жылдары ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан діни сенім мектебі Әбу Ханифа мәзһабы аясында оқу бағдарламасына діни пәндермен қатар, дүниәуи сабақтарды да оқытатын Ақтөбеден, Алматыдан, Үшқоңырдан (Шамалған), Астанадан, Оралдан, Шымкенттен, Сарыағаштан, Павлодардан, Тараздан ашылған медреселер Әділет министрлігі және Білім және ғылым министрлігі тарапынан лицензия алды.
Мұсылман қауымына осы мәзһаб бойынша дін насихатын тарататын «Асыл арна» кабельдік телеарнасы тәулік бойы діни-танымдық материалдар беруде. Осының бәрі – Алла тағаланың тәуелсіз елімізге берген жақсылығы. Ал ол осындай сәтті қалт жібермей, уақытында пайдаланып қалуға күш салуда.
Ұтымды ұсыныстар
Ғылым, білім дегеннен шығады, Мүфти хазірет Дінбасы болып сайлана салысымен, Елбасы алдына жоғары діни оқу орнын ашу керектігі жөнінде мәселе қойып, көмек беруін өтінді. Ол үшін Алматы қаласында мысырлықтар тарапынан оған дейін тұрғызылып, бос тұрған Ислам мәдени орталығының ғимаратын Діни басқармаға беруді сұрады. Елбасы ұсынысты қабыл алып, бұл мәселені шешу үшін Мысырға үкіметтік комиссия жіберді. Нәтижесінде, Алматыда қос ел президенттерінің есімін иемденген «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті университеті ашылды. Ол жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды, араб тілі мен әдебиетінің мұғалімдері мен аудармашыларды дайындауда. Сондай-ақ, онда Ислам негіздері мен араб тілін үйренгісі келетіндерге тұрақты курстар да жұмыс істейді. Университеттің ендігі мақсаты – тек имамдар ғана дайындап қоймай, жоғары білімді, ғылыми дәрежесі бар мамандар дайындауға қол жеткізу. 2012 жылы Білім және ғылым министрлігі оқу ордасының өтінішін қанағаттандырып, исламтану мамандығы бойынша магистратура және докторантура ашуға рұқсат беріпті. Бұл да үлкен жетістік. Бұл да шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің тікелей еңбегінің нәтижесі деп білемін. Өйткені, Бас мүфти жанын сала отырып, 2001 жылы университет ашуға талпыныс жасамағанда, мұның бәрі тәтті арман болып қалар еді.
Ілкімді істер
Имамдардың білім деңгейін үнемі жетілдіріп отыру – ҚМДБ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Өйткені, терең білімді, исламның қыр-сырына қанық, дініміздің түрлі саласын жетік меңгерген имам ғана халыққа дұрыс жол көрсетіп, ақиқатты жеткізе алмақ. Түрлі ағымдар және оның шығу тарихына бойлай отырып, ақ-қараны ажыратып бере алады. Ал мұнан хабары шала-шарпы дүмше жұртқа не айтпақ? Осыны жете ұғынған Діни басқармаға имамдардың білімін жетілдіретін ислам институты ауадай қажет еді. Бірақ, бұған арналған не оқу ғимараты, не құрылысқа қажет қаржы да тапшы болатын. Осындай қысылтаяң шақта Бас мүфти Ислам даму банкінен көмек сұрады. Олар хазіреттің өтінішін жерге тастамай, Қ.И. Сәтбаев пен Тұрғыт Өзал көшелерінің қиылысындағы екі қабат ғимаратты сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, Діни басқарманың меншігіне берді. Ондағы бөлмелер дәрісханаларға айналдырылып, намазхана, медпункт, кітапхана, асхана мен жатақхана да іске қосылды. 2002 жылы институт ашылысымен алғашқы 40 имам оқу мерзімі 4 айлық курсқа қабылданды. Содан бері имамдарға Діни басқарманың жетекші қызметкерлері мен «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің тәжірибелі ұстаздары дәріс беріп, имамдардың білімдерін шыңдап келеді.
Тағы бір байқағаным, соңғы жылдары дінімізді мерзімдік басылымдар арқылы насихаттау ісі де жақсы жолға қойылды. Республика көлемінде шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы діннен ұзақ уақыт бойы қол үзіп қалған қандастарымыз үшін сырттай оқып, үйрететін үлкен рухани мектеп іспетті. Бұл басылымдардың таралымы жылдан жылға өсіп, еліміздегі беделді басылымдардың біріне айналды. Жалпы, ұлтына, дініне, халқының болашағына алаңдайтын еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары дініміздің насихатына, имандылықты арттыруға өз үлестерін қосып, халықты жік-жікке бөлгісі келген іріткі салушы жат ағымдардан сақтандырып, олардың теріс-ниет пиғылы мен іс-әрекетін әшкерелей беруі тиіс.
«Біріңді, қазақ, бірің дос…»
2012 жылы 20 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде Бас мүфтидің осы басылымның президенті Сауытбек Абдрахмановқа берген ғибратты сұхбаты жарияланды. Оны оқи отырып, дін саласы бойынша танымым одан да бетер артып, көкжиегім кеңейіп қалды. Сонда айтылғандай, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет, әсіресе, халқымызға имам Ағзам Әбу Ханифа жолын кеңінен насихаттап, бар қазақты осы мәзһабта болуға шақыруда екеніне көзім жетіп риза болдым. Біз төрт мәзһабты да дұрыс санайды екенбіз. Дегенмен де, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабы біз үшін абзалырақ екенін білдім. Халқымыздың көптеген салт-дәстүрі осы мәзһабпен сабақтасып, астасып жатыр. Дініміздегі шамалы алауыздықтың өзі дінге бет бұра бастаған қандасымызды адастыруы мүмкін. Ол үшін мызғымастай бірлікпен қатар, діни білім де керек. Осы ынтымақ-бірлікке еліміздің мұсылмандарын бір шаңырақтың астына біріктіруге күш салып келе жатқан Әбсаттар қажы Дербісәлі басқаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өлшеусіз қызметіне Алла тағала разы болсын дегім келеді. Өкінішке қарай, соңғы кездері ынтымақ-бірлігімізге сызат түсіруді қалайтын, бірнеше аят пен хадисті жаттап алып, асыл дінімізге терең бойламай жатып: «Мен мазһабпен жүрмеймін, олар адасқан» деп ұлық имам – Әбу Ханифаға көпе-көрінеу тиісетін дүмшелер шыға бастапты. Бұл, әрине, сауатсыздық. Осындай топтың негізсіз пікірі мен қалың бұқараны түсінбестік пен күмәннан арылту мақсатында Бас мүфтидің «Ұлық имам Әбу Ханифа» атты көлемді еңбегі былтыр құрылған «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қорының демеушілігімен мыңдаған таралыммен жарыққа шығып, еліміздің барлық мешіттеріне тегін таратылды. Іле орыс тіліне де аударылып, оқырман қолына тиді. Бұл қордың да құрылуына Дінбасының ықпал-әсері аз емес. Бұл күнде осы қор отыздан астам бүгінгі сұраныстағы отызға тарта ең қажетті діни оқулықтар мен кітап, кітапшаларды шығарып, мешіттер арқылы жамағатқа тегін таратуда.
Кешегі атеистік кезеңнен қалған әсер болуы керек, қоғамымызда әлі де болса діни қызметкерлерге күдікпен қарап, дінге үрке қарау бар. Әсіресе, менің қатарымдағы аға буын өкілдерінің сөзі кесек болғанымен, имандылық жолындағы әрекеттеріне көңілім толмайды. Сонымен қоймай, солардың көбі сын таққыш. Егер де дініміз дамысын десек, бірінші кезекте, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған діни қызметкерлерге басшы-қосшы, жас-кәрі демей құрмет көрсетуіміз керек. Сонда ғана елімізде дініміздің мәртебесі көтеріледі.
Өлеңмен өрілген өсиеттер
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2010 жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Аллаға мадақ» діни өлеңдер мүшәйрасын өткізді. Мақсат – Исламның құндылықтарын тек мешіттердегі діндарлардың уағызы немесе баспасөзде жарияланатын мақалалар арқылы ғана емес, сонымен қатар, халқымызға етене жақын жыр жолдары арқылы да насихаттау еді. Қазақтың жай сөзінің өзін ұйқастырып, өлең етіп сөйлейтіндігіне өз кезінде немістің әйгілі ғалымы В.В.Радлов та тамсанған екен. Халқымыздың дана ақыны Абай да өлеңді сөз патшасына теңеген.
Мүшәйра «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші», «Әз пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.)», «Көркем мінез – көркіміз» деген тақырыптар аясында М.О.Әуезов атындағы біздің академиялық драма театрында өтті. Жұрт сыймай қалды. Себебі, бұл үш тақырып та Исламның негізгі мазмұны мен мәнін қамтиды. Мүшәйраға мыңнан астам өлең түсті. Оған мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерінен бастап, қазіргі әдебиетімізде өзіндік орны бар, танымал ақындар мен суырыпсалма айтыс ақындарына дейін қатысып, өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Жыр додасына түскен өлеңдермен қалың көпшілік те таныссын деген ниетпен www.muftyat.kz сайтында жарияланды. Жеке жинақ та шықты. Бәйгені қорытындылауға арналған салтанат кешінен түскен қаржы қаладағы жетім балалар үйлеріне аударылды. Бұған қуандым, сүйсіндім, риза болдым.
Қажылардың қамы
ҚМДБ атқарып отырған ауқымды жұмыстардың бірі – қажылық. Жыл өткен сайын қажылық парызын өтеуші отандастарымыздың саны да, сапасы да артуда. Мәселен, былтыр 4 мыңнан астам отандасымыз қажылық парыздарын өтеп қайтыпты. Биыл бес жарым мың отандасымыз Меккеге барды.
Қажылық фирмалардың жұмысын діни басқарманың қажылық істер бөлімі үйлестіруде. Сонымен қатар, жыл сайынғы қажылық маусым Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің атсалысуымен іске асады. ҚМДБ-ның араласуымен 2008 жылдан бастап, Әділет министрлігімен бірлесе отырып Қазақстанның қажылық миссиясы қызмет етуде.
Бүгінде миссияға қажетті қаражат жағы да тиісінше шешіліп келеді. Миссия Меккеде уақытша офис пен көлік жалдауға, қажыларға дәрігерлік көмек көрсетілетін арнайы жабдықталған бөлмелер ашатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, қажылыққа барған азаматтарға жетерліктей дәрі-дәрмек алып баруға да миссия жауапты. Бұл дәрігерлерге қажылық кезінде Мекке, Мединеде тегін дәрігерлік көмек көрсетіп, ем жасауына елеулі септігін тигізуде. Миссия құрамында журналистердің атқарар істері де аса маңызды. Олардың уақтылы жіберген ақпараттарының арқасында ел мұсылмандары өміріндегі үлкен іс-шараның барысы мен ондағы хал-ахуалды біліп отыруға мүмкіндік туды.
Аллаға шүкір, еліміздің халықаралық қауымдастықта беделі жыл өткен сайын артып келеді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына абыройлы төрағалық етсе, 2011 жылдың мамыр айынан 57 мемлекеттің басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға. Мұсылман елдерінің басын қосып отырған халықаралық беделді ұйым жөнінде, оған төрағалықтың маңызы мен мәні, оның мақсаты мен құрылу тарихы турасында және т.б. мәселелерге байланысты баспасөзге сараптамалық материал беруді Дінбасының өзі қолға алған. Қысқа уақыт ішінде ол «Қазақстан – Батыс пен Шығыстың алтын көпірі» (Ислам Конференциясы Ұйымы және Қазақстан) атты көлемді мақала жазып еліміздің бас газетіне жариялады («Егемен Қазақстан», №529-532 (26375), 14 желтоқсан, 2010 ж).
Діни мерекелердің мерейі артты
«Мәуліт ән-Набауи аш-шариф» Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – ел мұсылмандары үшін ерекше мереке. Бұл мейрам жыл сайын атап өтіледі. Онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне кеңінен тоқталып, мәуліт оқылып, салауат айтылып жүр. Ал 2012 жылғы мәуліт мерекесі ерекше өтуімен мұсылмандардың есінде ұзақ уақыт сақталады десек, артық айтпағанымыз. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына 6 мыңдай адам жиналып, тамаша діни-мәдени шараның куәсі болдық. Әсіресе, театрландырылған көріністер көптің көңілінен шығып, көздеріне жас алысты. Діни айтыс пен илаһи әндер де жиналғандарды серпілтіп, ата-дінімізге деген махаббатын күшейте түскені сөзсіз. Әрине, республикалық деңгейдегі мұндай шараны өткізу өздігінен оп-оңай бола қоймайды. Бұл да шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған діндарларымыздың ізденіске толы жемісті еңбегінің нәтижесі деп ұғындық.
Ал қасиетті Рамазандағы мың айдан қайырлы Қадір түні 2000 жылдан бері жалпыхалықтық мерекеге айналғаны көпшілікке аян. Содан бері «Қазақстан» және «Хабар» арналары тікелей эфир арқылы репортаж беріп жүр. Оның бағдарламасы телеарна қызметкерлерімен алдын ала діни басқармада пысықталып, елордадағы «Нұр Астана» мен Алматы орталық мешіттерінен тікелей эфирге шығып жүргені сүйсінтеді. Мұндай шаралар халқымыздың ислам жөніндегі білімін көтеруге үлкен ықпалын тигізуде. Бұрындары Қадір түнінен мағлұматы аз жұрт бүгінде сол түнді бүкіл отбасы мүшелерімен асыға күтетін жағдайға жетті. Қадір түні туралы толыққанды материалдар алдын ала республикалық басылымдарда да жариялануы үрдіске айналды. Алла нәсіп етіп, Құрбан айт еліміз бойынша ұлттық мерекеге айналды.
Әрине, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің ата дініміздің дамып, аяқтан тұруы үшін атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Мен тек соның жаныма жақын деген білім беру, мәдени-діни шараларының бір парасын ғана тілге тиек еттім.
Дінің тұрсын дін аман
Ол үнемі «Еліміз ресторандар мен казинолардың көптігімен емес, иманды азаматтарымыз бен мешіттеріміздің көпшілігімен мақтануы керек», дейді. Бұл – қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, кейде болса да ұшырасып қалатын жағымсыз да келеңсіз жайттар имансыздықтан да туындайтыны ешкімді де таңдандырмайды.
Әйтсе де, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау кезінде дін мәселесінде де өз шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер әлі де жетерлік. Соның бірі мешіт имамдары мен молдаларының тұрақты жалақы алмауы, оларға әлеуметтік жағдай жасалмауы дер едім. Осы қиындық аудан мен ауылдардағы мешіттерде білімді де білікті діндарларды тұрақтандыруға кедергі болып келетіні айтылуда. Мұны шешу үшін Дінбасының тікелей бастамасымен республикалық «Зекет қоры» құрылды. Оның қаншалық нәтиже берерін уақыт көрсете жатар. Қазақ елі өзінің мемлекетінің құрылу, қалыптасу кезеңін бастан кешіп жатқан кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы тұтқасын шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттей белгілі ғалымның ұстауы, халықтың дінімізге деген құрмет пен құлшынысын туғызғаны көңілде сенім ұялатады. Аллаға шүкір, бүгінде сол сенім ақталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан талай іргелі жұмыстар атқарылып, халқымыздың Исламның қайнар бұлағынан сусындауына бар мүмкіндіктер жасалуда.
Жыл сайын қасиетті Рамазан айы қарсаңында Дінбасымыз үлкен үндеумен шығып жүр. Онда ол осы қасиетті ай құрметіне азық-түлік, киім-кешек бағаларын еш болмаса 10 пайызға дейін төмендету, осы айда әзәзіл арақ-шарапты сатпау, дастарқандарға оларды қоймау, ұсынбау, ресторандарға жолатпау секілді шақырулары халық көңілінен шығуда. Мұны да Бас мүфтиміздің қарапайым халық жағдайын ойлаудан туған ұсынысы деуге болады. Бұл оның қашанда халқымен бірге болып, оның өтініш, тілегіне құлақ қойып отыратынын білдіреді.
2012 жылы мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінде осындай ерен еңбегі, үлкен беделінің мойындалуы ретінде оның Әлемдік дінбасылары кеңесінің мүшесі болып сайлануы еліміз үшін де үлкен абырой, құрмет деп білемін.
Қазір республикамыз өзінің қалыптасу кезеңін бастан өткеруде. Егер Елбасы мемлекет басшысы ретінде Отанының амандығы, экономикасы, саясаты, халықаралық қатынасы секілді сүбелі істерді жүзеге асырып жатса, Бас мүфти оның рухани таянышы, сүйеніші ретінде дінаралық, ұлтаралық ынтымақты, имандылықты жүзеге асырып, Президентімізге, халқымызға рухани тірек бола білуде.
«Халықтың ризалығы Алла тағаланың ризалығы» деп жайдан-жай айтылмаған. Сол себепті, Бас мүфтиімізге ризамыз.
Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.