Ал «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты тақырыппен өткен Президент шыршасына аймақтағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар аз қамтылған отбасыларынан шыққан, балалар үйінде тәрбиеленген оқушылар, оқу үздіктері шақырылып, жалпы саны 200 бала шат-шадыман болды.
«Жастар» сарайында өткен Президент шыршасының кішкентай қонақтарын танымал ертегілер мен мультфильмдердің кейіпкерлері, аниматорлары, бишілер, әншілер мен цирк әртістері қарсы алды. Балалар көгілдір экран арқылы өз құттықтауы мен аталық ақ батасын жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне ұзақ қол соғып, ризашылық білдірді.
Өз кезегінде соң жетісулық жас өрендерді облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, ізгі тілегін айтты.
- Қымбатты балалар! Сендер жаңа ғана ел Президентінің өздеріңізге арнаған жүрекжарды лебізін тыңдадыңыздар. Елбасы өз тілегінде сендердің тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқан бақытты балалар екендеріңді атап өтті. Осы құндылықты сақтап, бағалай біліңдер. Біз өз тарапымыздан сендерге және барлық ізгі бастамаларға әрқашан қолдау көрсететін боламыз. Ең бастысы, жақсы оқып, зейінді болып, үлкенді құрметтей біліңдер. Бұл мереке сендер үшін ұйымдастырылып отыр. Жаңа жылда аяулы армандарың орындалсын, сендерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тілеймін! Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! 2019 жыл сендерге мол қуаныш, жақсы жаңалықтар алып келсін! – деді Президент шырасына қатысушыларға аймақ басшысы.
Мереке барысында балаларға қыс мезгілінің ерекшеліктері мен жаңа жылдық таңғажайыптар туралы театрландырылған шоу көрсетіліп, естеліктер сыйлық табысталды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы