31 Қазан, 2012

Бата бер, Ата!

1544 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бата бер, Ата!

Елін сүю, Жерін сүю, барлық адамдарға тән қасиет секілді.

Жері мен Еліне деген сүйіспеншілік – бұл Отанға деген махаббат!

Отан деген не?

Отанды қалай сүйеді?

Бұл сұрақтарға жауап ретінде біз өз түсінігімізді баяндап көрелік.

 

Елін сүю, Жерін сүю, барлық адамдарға тән қасиет секілді.

Жері мен Еліне деген сүйіспеншілік – бұл Отанға деген махаббат!

Отан деген не?

Отанды қалай сүйеді?

Бұл сұрақтарға жауап ретінде біз өз түсінігімізді баяндап көрелік.

Сүйіспеншілік атты ұлы патриоттық сезім (егер бойында бар болса) – өз шаңырағын, туған ауылын, сосын тұтас Қазақ байтағын ыстық етпей қоймайды. Ақыл-есін жия келе әр азамат Отан деген сөзге тұтас Қазақ байтағын сый­ғы­затын болады. Осындай сезім үстінде отырғанда: «Отанды сүйе білу керемет қасиет. Қазір сол Отаның туралы ойлан да, көз алдыңа елестетші! Отан деген не? Не көріп отырсың? Ол саған несімен ыстық?» деп сұрай қалса, әрине, адамның бірден сасып та қалуы мүмкін. Ал ойланып алып барып жауап қайтаруға да болады. Ал маған осы сұрақтарға жауап іздеуге тура келсе, менің көз алдыма бала кезде жалаңаяқ табанымды күйдірген Тереңшағыл мен Итқараның құмдары, Ақмыш бұлағы мен Шерғала тауы елестер еді. Содан кейін барып «Менің Қазақстаным!» деп көкірек кере мақтанышпен айтқы­затын Көкшетаудың Оқжетпесі, Баянауыл көлдері, Шыңғыстаудың Жидебайы, Алматының шыңдары, Бетпақда­ла­ның құмдары, Үстірт пен Сарыарқа атты қазақтың ен даласы көз алдымнан тізіліп өте бастар еді. Мен шынымды айтып отырмын. Бұлар менің Отаным, бұлар жер аттары.

Отан деген түсінік тек қана жер атауларына бола қалыптасады десек, қателескен болар едік. Отан ұғымын бойыңа сүйікті ететін нәрселер көп. Оның мағынасы ұлы.

Отан – ол тек қана бүгінгі Қазақстан Республикасының көрікті жерлері емес!

Отан – ол ғасырлар бұрын шейіт болып кеткен өлілердің рухы мен моласы да.

Ол – тірілердің азаматтық келбеті мен өнері де.

Отан – елің мен жеріңнің барлық жақсысы мен жаманы да.

Мен – Отанын сүйетіндердің бірімін!

Менің Отаным – Маңғыстаудан басталатын Қазақстан!

Менің Отанды сүю атты қалыптасқан қасиетімде Доспамбет пен Ақтамберді жырларының, Жиренше мен Асан Қайғы ойларының да үлестері аз болмас. Олардың асқақ рухтары маған азаматтың қандай болу керектігін, азаттықтың қандай қажет екендігін жіктей түсіндіріп, болмысымды қалыптастырды деп ойлаймын.

Елдің қасиет тұтып, тәу етуге шұбырып жататын Түркістан мен Бекет Ата мешіттері менің Отаным атты кеңістігімнің биік шоқылары секілді.

Әулие Домалақ Ана мен Айша Бибі күмбездері, Баян Сұлу мен Қыз Жібек жырлары әйел затына деген құрметіңді, сүйіспеншілігіңді арттыра түседі.

Астана мен Алматы, тіпті жермен-жексен болып жатқан Сарайшық пен Сығанақ, Отырар мен Сауран да кез келген қазақтың Отанға деген сезімін қалып­тастыруға еңбек етуде.

Алматының апорты мен Шиелінің қауыны да Отаныңды ыстық ете түседі.

Кісінің патриоттық сезімдерінің нұрлана түсуіне олардың замандастарының парасаты мен кісілік тұлғаларының, өнері мен атқарған істерінің де әсер етері сөзсіз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен бастасақ, бұл ті­зім­ге менің өзіме әсер еткендерді: әке тұтқан Нұр­пейісов пен Нұршайықовтарды, аға тұтқан Әбіш пенен Олжас­тарды, іні тұтқан Иманғали мен Қырымбектер, Мұхтар Құл-Мұ­хаммед пен Бейбіт Сапаралы секілді ардагерлер мен азаматтар аттарын тізе бастар едім. Бұлар және мыңдаған елім деп еңбек етіп жүргендер – Отан атты Ақ Орданың шаңырағын көтеріп тұрған адал бақандары. Мен үшін достарым, сырластарым Қойшығара мен Ақсе­леу­лер­дің орны тым ерекше… Міне, менің Отаным осылар!

Менің Қазақстанымды, Отанымды сүюіме осы секілді жерлер мен мақсатты еңбек еткен арманы асқақ ерлердің, рухтар мен аруақтардың әсері болғаны ақиқат нәрсе.

Менің Маңғыстауды соншалықты сүюіме өнерлі ауыл­дастарымның да: әншілер Күріш пен Ізбасардың, күйші­лер Сержан мен Аманның да әсері аз болмаған болар.

Осылар – менің Отаным!

Жақын арада, бір сәтті күні, Астанадан Ақтауға ұшатын ұшақта Әзірбайжан Қонарбаев пен Боранбай Тілепов есімді азаматтарға көрші отырып қалған екенмін. Қазақ зағиптар қоғамының (Ақтаудағы) оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Боранбай інім Астанада өткен зағиптар жиынынан келе жатқан болып шықты.

Әзірбайжан таныстырып жатыр. Бір-бірімізге қойылған бір-екі сұрақ-жауаптан соң мен Боранбай болмысын байқап та қалдым. Қос жанары жоқ болса да жүрегінде, санасында жанған шырағы маңайына сәуле шашып тұрғандай әсер етті.

Зағиптар жиыны туралы әңгіме еткен ол бір кезде: «Сайын аға, мен сізді жақсы танимын» дегені. Солай деп алып ол менің өлеңдерімнен үзінділерді жатқа оқи бастады. Байқап отырмын, оқығаны тек қана туған жерге, ел мен өнерге арналған патриоттық, отансүй­гіш­тік шумақтар екен.

Бірінен кейін бірін шұбыртып оқып отыр, айтып отыр. Әзірбайжан екеуміз таңдана тыңдап қалыппыз.

Ақ сағым таулар қалыпты-ау кеуіп бұлақсыз,

Ақ шағыл құмдар, ормансыз, нусыз, құрақсыз.

Жол түсіп егер Маңғыстау жерін бассаңыз,

Жатсынбай жақын тартасыз оны, бірақ, Сіз…

Міне, Сайын аға, сіздің Маңғыстауыңыз осындай деп қояды…

Шұғыла шашып мейiрiн мыңға тарата,

Алысты жақын етедi ғажап бiр Ата.

Желей гөр Ата, жебей гөр Ата – бата бер,

Ер Бекет-Ата, Әулие-Ата, Пiр-Ата!

Ер Бекет-Ата, Әулие-Ата, бата бер Ата,

Пiр Бекет-Ата!

Сіздің қазір ел аузында айтылып жүрген «Бекет Ата» атты әніңізді естіген сайын өз басым кенеттен қанаттанып кеткендей, бір қамқорым бардай сезінетін әдет тауып алыппын. Көз көрмейді, бірақ Атаның басына бірнеше рет барып қайттым.

Отанын сүйген, елі мен жерін сүйген осы зағип жігіт менің Отан туралы түсінігімнің шекарасын кеңейте түсті. Сол кеңістігімнен осы зағип жігіт те өз орнын тауып орнығып еді.

Мен – маңғыстаулықпын. Маңғыстау – ұрпақтар басын бірлікке шақырып, рухани тазалыққа үндеп жататын 360 әулиесі бар өлке. Солардың ішінде Бекет Ата орны ерекше.

Әкелеріміз әр ас қайырған сайын батасына Бекет атын қосып: «Мединада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деп, батасына қосып отыратын. Бала күннен құлаққа да, жүрекке де орныққан түсінік еді, бұл.

Шешелеріміз шошынып қалса «Бекет» деп өзін жұбатып жататын.

Адамдар «Бекет атсын» деп, өзінің ақтығын дәлелдейтін.

Көпшілік әйелдер Бекет атын атамай жай ғана «Ата» дейді.

Сол сөз бұ кезде жұрт аузына да жиі түсетін болыпты. «Ата басына барып қайтамын» – дей салады.

Қылмыстылар мен суайттар да Бекет атына жалынып, бір кешірім етеріне сенеді… Өзінің кінәсі мен күнәсінің салмағын Бекет Атаға жасаған құрметімен жеңілдетпекке тырысып құрбандық шалып, садақа беріп жатады.

Ұзақ жолға шыққан жолаушылар «Бекет» деп жолға шығып, оның қамқор болатынына сеніммен аттанады…

Біздің өлкеде Маңғыстау мен Бекет атына деген мақтаныш пен құрмет сезімі әр азаматының көкірегінде десем, қателесе қоймаспын.

Елінің батырлары мен билерін, ақындары мен әулиелерін шаттана жырға қосу барлық ақындардың міндеті секілді. Біз де құралақан емеспіз.

Үстіміздегі жылы мен де «Бұл Маңғыстау – Ер Бекеттің Отаны» (592 жол) және «Адай деген жұртым бар» (350 жол) атты көлемді шығармалар жазыппын. Үзінділер келтіре кетейін…

Бұл Маңғыстау – Ер Бекеттің Отаны

Маңғыстауым – ата-бабам мекені,

Ежелгі елміз, тамыр терең кетеді.

Шақырады мені бүгін сапарға,

Жанға қымбат ойлардың бір жетегі – деп басталатын бұл шығармада:

Бұл Маңғыстау – Пір Бекеттің Отаны,

Сусыз дала, құмменен сор, жоталы.

Ұлы теңіз, ұлы ойпат осында,

Байлығымен асқан даңқы, атағы.

 

Елім, жұртым еңіреген ер еді,

Тарихтың сақталыпты дерегі.

Бұл Маңғыстау – Ер Бекеттің Отаны,

Тазартылған қалмақ жаудан жер еді.

 

Киелі жер, әулиелі мекенім,

Біз білеміз қасиеттің не екенін.

Үш жүз алпыс, енді тағы Бекет деп,

Мақтанамын, арқаланып кетемін – дейтіндей жолдар да бар екен.

*  *  *

Бақ дарыған ұрпақ болдық біз деген!

…О, әулием! Елің мынау, егемен!

Қазағыңның күні туды ақыры,

Бұ күндері еш уайым жемеген.

 

*  *  *

Уа, аташым! Сізді ақындар жыр ғыпты,

Дейді Ата арман еткен бірлікті.

Әділетті аңсап өткен әулие,

Уағыздап берекелі тірлікті.

 

Содан барып сезім-сенім жетектеп,

Бір шапағы тиеді деп есептеп,

Қысылғанда, қиналғанда ұрпағың,

Жалбарынды атыңды атап, «Бекет!» деп.

 

Бекет десе жау да, тіпті, сенеді,

Не тентектер атыңды айтса көнеді.

Әулие жан ұрпақтарың риза,

Пір атаның дейді тиді көмегі.

 

Батырлығы – аты шықты – Ер Бекет!

Ұстаздығы – аты шықты – Пір Бекет!

Әулием деп жалынады адайлар,

Табынғаны, сүйіктісі – бір Бекет!

 

Мен жазған «Ер Бекет Ата, өзіңсің елдің ұраны» атты өлеңіме шымкенттік сазгер Өмірзақ Оспан ән де шығарған.

Бұл дастанымыздың соңғы шумақтары Маңғыстау мақтанышы Каспий теңізінің толқындарымен сырласу түрінде аяқталады.

Пана тұттық, ей Каспийім, саяңды,

Ойлама тек сақтанды деп, аянды.

Сенің әрбір тамшың менің көз жасым,

Енді, міне, қоштасар күн таянды.

 

Сөз де, іс те келе жатыр тартылып,

Күш-қуат та бара жатыр сарқылып.

Есесіне ойлар қамап, жамалар,

Асып-тасып, күннен күнге артылып.

 

Бұл сапарға шақыр енді жастарды,

Армандылар бағындырар асқарды.

Жастар ғана тіршіліктің қожасы,

Қамқорламақ жерді, теңіз, аспанды.

 

Арман жолда жастар енді алқынсын,

Жігер жанып, жеңіс іздеп талпынсын.

Ана сүттің, ата қанның қуаты,

Елім деген ұран жолда сарқылсын…

Жақын арада Қойшығара Салғараұлы Бекет Атаға зиярат етуге Маңғыстауға келді.

Таң алдында Ақтаудан шығып, түске жақын Ата­ның басына жетіп, сол күні Ата басына түнеп қалдық. Зияратшылармен танысып, сұрасып жатырмыз. Бір топ адам Қарағандыдан болып шықты. Атырау мен Ақтаудың адамдары көбірек, бірақ Қазақ байтағының әр қиырынан, Қарақалпақстан мен Түркімен жерінен де біраз кісілер болды. Ресейден келген өзге ұлт адамдары да жүр.

Айта кетерлік бір ғажап нәрсе – Ата басында зияратшыларға құран оқып беретін кісіден басқа келген мыңдаған халықты күтіп жатқан ешкім жоқ. Зиярат­қа келген әйелдер мен қыздар, жас жігіттер халыққа қызмет ету үшін арнайы дайындықтан өтіп келген мамандар секілді. Күн сайын бұрын келгендерден соңғы келгендер үйреніп алып, мыңдаған кісіге күніне бес мезгіл дастарқан жайып, қуырдағы мен шайын берсе, кешке қонақ асы беріледі екен.

Біз қонатын күні кеште 100 табақ жасалды. Әр табаққа 7 кісіден. Далада жүргендері қаншама. Күні бойы қайтып кеткендерді есептемегенде, қонуға қалғандары 1000 кісі шамасында деп жобаладық. Барлығына тап-таза төсек, жастығы дайын.

Бекет Атаның Оғландыдағы мешіті Жаңаөзеннен 150, Ақтаудан 300 шақырымға жуық қашықта. Алғаш келгендердің көбі әулие басына түнеп кетуді жоспарлап келеді. Таң алдында түнеп қалған зияратшылар кейін қайтады.

Әр таңда Бекет Атаның Оғландыдағы мешітінен өздерін рухани жаңа деңгейге көтеріп алған, бұл тірлікте бір шаруа бітіргендей, үміт атты керуеннің жолаушысы атанып, көкірек кірінен тазарған жаңа шерушілер аттанып жатады…

Таң атпай қайтып бара жатқандарды ауыстыруға, мәңгілік руханият керуенінің бір нүктесіне айналғысы келгендер, соларға қарсы бағытта, Атасын аңсап келе жатқандар керуені шұбырып қарсы өтіп жатады.

Бәрі де қасиетті атасына барып арылып қайтпақ. Бәрі де бір рухани ізденіс үстінде. Бәрінің ойында кісілік пен имандылық…

Жолдарың болсын, кісілік жолға шыққан, руханият жолынан нәр алып қайтпақ болған жолаушылар!

Бәріміз де жолаушымыз. Бір күні бәріміз де жететін жерімізге жетіп тынамыз. Тазалықпен жетейік сол межеге…

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.