Тәуелсіздігіміздің тарихи қадамдары Желтоқсанға демократиялық, халықаралық стандарт бойынша жаңаша, шынайы саяси, құқықтық баға берудi қажет етедi.
Қазақстандағы Желтоқсан көтерiлiсi жаңа тәуелсiз мемлекеттердiң құрылуына әкелген, социалистiк лагерьдiң құлауына себепшi болған, халықтардың еркiндiктi аңсау жолындағы серпiлiс жасауының негiзiн қалады. Көтеріліс еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты, Ақмола мен Көкшетауда да бой көрсетті. Тоталитарлық қоғам социалистік жүйенің салтанатын барынша қорғап қалуға жанталасты, аяусыз басып-жаншу саясатын ұстанды. Мысалы, 17-25 желтоқсан аралығында ғана ішкі істер бөлімдеріне 83 студент, 1168 жұмысшы, 49 қызметкер, 164 училище оқушысы, 102 жұмыссыз, 1214 комсомол, 54 партия мүшесі тоғытылды. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев сияқты қайсар қаһармандар қыршын кетті.
Азаттық жолында құрбан болған жастардың атын мәңгілік есте қалдыру шаралары елімізде кеңінен жүргізілуде және жүргізіле беретіні анық. Осы орайда соңғы жылдары Көкшетауда көше атаулары елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен атала бастағанын айта отырып, «желтоқсаншыларға» да бет бұру қажеттігін еске салғымыз келеді. Көкшетауда әйгілі «Молодая гвардия» өрендері Олег Кошевой, Любовь Шевцова, Сергей Тюленин, Ульяна Громова атындағы көшелер бар. Олардың барлығы Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар. Бұлардың тарих қойнауындағы саяси қызметі аяқталған деп есептейміз. Бүгінде өз «желтоқсаншыларымыздың», алдымен Қайрат Рысқұлбеков пен Ербол Сыпатаевтың есімдерін көшелерімізге берсек, баршамыздың, әсіресе жастардың бойында отансүйгіштік, мақтаныш сезімі алаулап тұратыны айтпаса да түсінікті.
Бақберген АМАЛБЕК,
Қазақстанның құрметті журналисі
Көкшетау