Біздің ел қоңсы қонған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей азаматтары үшін өте қолайлы-ақ. Сондықтан жыл сайын заңды түрде тіркеліп те, тіркелмей де Қазақстанға жөңкілген еңбек мигранттары азаймай келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда 44 мың мигрант медициналық тексерістен өту барысында 1600-ге жуығының осы қауіпті дертке шалдыққаны анықталыпты. Бұл әрине шекараны заңды өтіп, арнайы тіркеліп жұмыс істейтін мигранттар қатарынан табылғаны.
Ал дерттің таралуын зерттейтін мамандардың шамамен есептеуі бойынша ішкі және сыртқы көші-қон бойынша түрлі елдерде туберкулезбен жаңадан ауырғандардың 5-тен 10%-на дейін құрайтын көрінеді. Сондықтан да 2015 жылы туберкулезбен күрес жөніндегі кешенді жоспар мен Жаһандық қор жобасының шеңберінде Орталық Азияда туберкулезді трансшекаралық бақылау жөнінде жоғары деңгейде бірінші рет өңірлік кездесу өтті. Туберкулезді трансшекаралық бақылау жөніндегі еларалық келісімдерді әзірлеу бойынша сектораралық өңірлік жұмыс тобы құрылды, сондай-ақ жоғары деңгейдегі үш кездесу де өтті. Бұл жиындар барысында Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан екіжақты келісімдер жасасуға ниет білдірді. Ал биыл өткен жоғары деңгейдегі төртінші кездесу мәселенің оң бағытқа көш түзегенін аңғартты.
Мамандардың бағдарлауынша, туберкулезге шалдығушылар қатары 25 пен 50 жас аралығын қамтиды. Бұл − адамның ең бір кемел, жемісті еңбек ететін жасы емес пе?
Еуропа/Еуразия бойынша Project HOPE өңірлік директоры Мариам Сианозова «Орталық Азияның үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен туберкулезді трансшекаралық бақылау бойынша өзекті мәселелерді талқылауға арналған осы тиімді платформаның арқасында өңірдегі мемлекеттер арасында жүйелі ынтымақтастық жолға қойылды.
Елімізде 10 жыл бұрын туберкулезден жыл сайын 3 мың адам көз жұмса, қазір бұл көрсеткіш 400-ге дейін төмендеген. Есепте тұрған науқастардың саны да 2 есеге азайып, 16 мыңға жетіпті. Әрине көрсеткіштердің жақсарғаны сүйіндіреді. Дегенмен туберкулездің оңайлықпен жеңілгісі жоқ. Пациенттің аурумен күресте табандылық танытып, оны түпкілікті жою жолында дәрігермен бірізділіктен шықпауы да көп ретте туберкулездің дәрілерге төзімді түрлерінің пайда болуына алып келген. Елімізде ондай науқастар да бар. Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағындағы көптеген дәрілерге төзімділік деңгейі жоғары 18 мемлекеттің қатарында болып келді. Бірақ қазіргі уақытта, әсіресе соңғы екі жылдың ішінде қолданып жатқан ем сондай науқастардың өзін 95 пайызға дейін емдеп шығуға мүмкіншілік беріп отыр. Елімізде туберкулезбен ауыратын шетел азаматтарының да тегін ем алуына мүмкіндік жасалған. Жалпы туберкулезбен күреске жыл сайын бюджеттен шамамен 42 млрд теңге бөлінсе, соның белгілі бір бөлігі шетелдіктерге де жұмсалады, бірақ бұл ауруды тарату қаупі өте жоғары науқастарға бағытталған. Туберкулезге шалдыққан шетелдіктің азаматтарымызға ауруын жұқтырмауы үшін мигрант жедел ауруханаға жатқызылып, қауіптілік шегі азайғанға дейін тегін емделіп, әрі қарай өз елінде емін жалғастыруға жіберіледі. Мемлекеттер арасында жасалған келісім бойынша азаматтың науқасы жөніндегі құжат еліне жөнелтіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық фтизопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов: «Біз жағдайы жақсарғанша емдейміз. Емделушінің медициналық сақтандыруы болмаса, жаһандық қордың қаражатынан төлеп отырамыз. Мигранттар басқаларға жұқтырмауы үшін біздің қаражатқа да емделеді. Әртүрлі деректер бойынша жыл сайын 250 мыңнан 1 миллион адамға дейін мигранттардың келу мүмкіндігі бар екені айтылып жүр. Ресми түрде көшу-қону бар да, ресми емес көшу-қону бар. Елімізге келетін мигранттардың көбі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресей азаматтары. Былтыр осы мемлекеттерден біздің елге табаны тигендердің 229-ның туберкулез тасымалдап жүргені белгілі болды. Ал биыл 165-інен осы дерт анықталды, яғни азайып отыр», дейді. Дегенмен олардан біздегі қанша адамға қауіпті дерттің жұққанын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәрігерлер болса пациент дерт анықталған бір жылдың ішінде емделмесе, жұқпалы аурудың осы уақыт аралығында 10-15 адамға жұғу мүмкіндігі барын алға тартады.
«Біздің Қазақстанмен медициналық серіктестігіміз 1993 жылы басталды. Сол уақыттан бері туберкулезбен күресіп келеміз. Кезінде ішіне рентген аппараты орнатылған және микроскопия жасайтын маманмен қамтылған автобус Қазақстанды аралап, туберкулезбен ауыратын науқастарды анықтайтын. Ал қазіргі күні Қазақстан бұл ауру түрімен күрестің тиімділігі жөнінен өзгеге жақсы мысал болып отыр», дейді ДДСҰ туберкулез жөніндегі бағдарламалар портфолиосы аға директоры Александр Трусов. Расында, бүгінде екі сағатта G-Xpert аппаратының көмегімен ауруды анықтайтын, қандай препараттар тобына төзімділік барын жіктеп беретін озық технология іске қосылған. Бұрын кеселдің жұққанын білу үшін 2,5 айдан астам уақыт кететін.
Дүниежүзілік экономикалық форум туберкулез ауруына қатысты 2 индикаторды бағалады. Оның бірі – туберкулезбен сырқаттанушылық болса, екіншісі – бизнеске туберкулездің орта мерзімдік әсері. Осы индикаторлар бойынша көрсеткіштерді дұрыстаудағы ең басты мақсат – туберкулез эпидемиясын жою. Нақты стратегияға сүйенген мемлекеттік деңгейде қарастырылған жұмыстар нәтижесінде аурудың ең ауыр түрін емдеу мерзімін екі есеге, яғни 24-33 айдан 9-12 айға дейін қысқартып отыр деп айта аламыз.
Project HOPE жобасының Қазақстандағы өкілі Бахтияр Бабамурадов кездесуде жоғары деңгейдегі 4-ші кездесудің туберкулез ауруының Орталық Азия өңірінде таралуына қарсы бағытталған бірден-бір шара екенін айтып, ДДСҰ дерегінше, жалпы туберкулез дертінің әлемде өлімге себепші негізгі 10 фактордың қатарына жататынын қаперге салды. Өткен жылы аталған ауруға 10 млн адам шалдығып, оның 1 млн 600 мыңы дүние салыпты. Сырқаттанған
1 млн баланың 230 мыңы шетінеп кетіпті. Алайда жалпы жаһан бойынша туберкулез дертіне шалдығу көрсеткіші жылына шамамен 2%-ға төмендеумен келеді. 2020 жылы осы көрсеткішті жылына 4-5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ал ЖИТС жұқтырған адамдардың құрт ауруынан өліп кету қаупі жоғары. 2000-2017 жылдар аралығында дертті уақтылы анықтап, тиісті ем-шараларды жүргізу арқылы 54 млн адам өлім аузынан аман қалды деген дерек бар.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»