Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

Сан жүректің соғуын сақтап қалған орталық

552 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыстық аурухананың жанындағы кардиология бөлімшесінің шипалы ем-домына жалпақ жұрт дән разы. Кешегі кеңес заманында облыс орталығында адам ағзасының ең нәзік мүшесі – жүрекке ота жасау дегенді ешбір адам көз алдына елестете алмас еді. Соқырішектің өзін сылып тастауға кейбіреулердің дәті жете бермейтін.

Сан жүректің соғуын сақтап қалған орталық

Әуел баста осы іс терапия бө­лім­шесіндегі айналымға кел­мейтін жалғыз бөлмеден басталған. Ол тұста маман да тапшы, ал материалдық-тех­­никалық база мүлде әлсіз. Жү­рек ауруларының себептерін зерт­тейтін, емдейтін жаңа си­пат­тағы күрделі әрі қуатты меди­циналық құрал-жабдықтар жоққа тән. Әйткенмен, бүгінде әлемнің бай да бақуатты, экономикасы дамыған елдерінің өзінің бас ауруына айналып отырған жаңа ғасырдағы №1 дерт есебіндегі жүрек ауруларын емдеуге деген ынта-ықылас зор еді. Баяғы бір бөлмеден басталған жүрек ауруларымен күрес қарқын алған тұс 2005 жыл еді. 

Бұған дейін де талай тамаша жетістіктерімен өңір­дің шы­найы алғысына бө­лен­ген об­лыстық аурухана жа­­­нын­дағы кардиологиялық ор­та­лық ашылып, жаңа сипат­та­ғы медициналық құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілді. Ең ал­ғашқы коронароангиография өткізілді. Саланың салмақтана түсуіне Үкіметтің «Қазақстан Республикасында 2007-2009 жыл­­дарда кардиология саласын және кардиологиялық кө­мек көрсетуді жетілдіру тура­лы» қаулысы себепші болды. Бағдарлама аясында 2008 жыл­дың 1 сәуірінде бұрынғы ангиохирургия бөлімшесінде ангиография кабинетімен жаб­дықталған 20 кереуеттік кардио­­хирургия бөлімшесі ашылды. Осы бағдарлама өңірде ғана емес, еліміздің барлық облысында кардиология саласын да­мытуға бірден-бір себепші болды. Мамандар шетелдерде оқып үйрене бастады. Өздері ғана барған жоқ, Еуропа елдерінің тәжірибелі мамандары да келіп нақты көмек көрсетті. Сөйтіп нәтижелі әріптестік басталды. Кардиохирургия саласының мамандары Ресей, Литва, Израиль елдеріндегі озық тәжірибелерді меңгерді. Осы бөлімшеде 2008 жылдың 7 шілдесі күні тұңғыш рет аортокоронарлы шунттау операциясы Астана қаласының Ұлттық медицина орталығының бас кардиохирургі Ю.Пяның қа­дағалауымен өткізілді. Литва кар­диохирургтерінің 2008-2009 жылдар аралығында көр­сет­кен практикалық көме­гінен ке­йін 2009 жылдың 8 жел­тоқ­са­нында алғаш рет Ақ­мола об­лыс­тық ауруханасында жер­гі­лікті кардиохирургиялық дәрі­гер­лермен маммарлы-коро­нар­лы­ ота­сы жасалды. Ота жа­са­ған − кардиохирург Нұрлан Мі­­­най­даров. 2012 жылдың 4 қаң­­­­­­тарынан бастап кардиохи­рур­гия бөлімшесі «Жүрек ор­та­лы­ғы» кешенінің бірінші қа­ба­ты­на көшіп, бөлімше мең­геру­шісі Нұрлан Мінайдаров болып тағайындалды. Сол жы­лы бөлімшеде туа пайда бол­ған ақаулары бар балаларға хи­рур­гиялық ем жасала бастады. Тыңға түрен салудың қан­ша­лықты қияпат шаруа екендігін әркім де біледі. Әріптестік не­гізінде жүрек-тамыр жүйесі ауру­ларын диагностикадан өт­кі­зудің жаңа әдістемелері батыл ен­гізілетін болды. 

–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей қамқор­лы­ғының арқасында денсаулық сақтау саласы жаңа биікке же­тіп отыр, – дейді облыстық ауру­ха­наның директоры Нұрлан Жа­ров, – жыл сайынғы халыққа жол­даған Жолдауларында да елі­міздің басты байлығы саналатын денсаулыққа ұдайы көңіл бөлінуде. Осындай қам­қорлықтың нәтижесінде облыс­тық аурухананың жанындағы «Жүрек орталығының» мате­риал­дық-техникалық базасы жаңа заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамта­масыз етіліп, кардиолог ма­ман­­­­­дардың біліктілігі жетіл­ді­ріліп, орталықтың жалпы қуа­ты ар­тып келеді. Солай бола тұ­ра өңір тұрғындарына өз ден­сау­лықтарына өздері қамқор болып, саламатты өмір салтын сақтау туралы кеңес берер едім. 

Шынында да, жүрек ауруы­мен ауыратындар қатары жыл­дан-жылға көбейіп келе жатқаны да белгілі, себебі де сан алуан. Жүрек аурулары әртүрлі ауру­лардың асқынуынан немесе қан тамыры жүйесі қызметінің бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Оның ішінде жиі кездесетін түрлері ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыры неврозы, миокард инфарктісі және бас­қа­лары. Ғалымдардың айтуы­на қарағанда, бұл аурудың пайда болуының себепкері эмо­циялық көңіл күйдің түсуі мен күй­зеліс көрінеді. Түсінікті тіл­мен айшықтайтын болсақ, адам күйзеліске түскенде оның сезім мүшелерінің қызметі тө­мен­демек. 

2008 жылы облыста тұңғыш рет бүйрек ұлпалық артериялық гипертензиясымен ауыратын сыр­қатқа бүйрек стенттеуі жасалды. Осы саладағы ғылыми жа­ңалықтар тәжірибеге батыл енгізіле бастады. Ал 2010 жыл­­­ғы кардиостимулятор қою сыр­қаттардың ғұмырын ұзар­та­тын жаңа бір әдіс болып есеп­теледі. Сырқаттар кардио­ло­гия бөлімшесінде ем-дом қа­был­дап, ота жасалғаннан ке­йін олар­дың ағзасындағы өз­герісті дәрігерлердің мұқият қа­дағалауы қажет. 2010 жылдан бастап кардиология бөлім­шесінде «Сау жү­рек» кабинеті жұмыс істейді. 

2013 жылы кардиология са­ласының барлық бөлімшесі жа­­ңа ғимаратқа көшірілді. Ең жаңа медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етіл­ді. Қазіргі күні «Жүрек орта­лы­ғын­да» екі кардиология, кардио­хи­­рургия, кардиосауықтыру, эн­доваскулярлық хирургия бө­­лімшелері жұмыс істейді. Ұйым­дастыру-әдістемелік шараларын жүйелі жүргізудің нәтижесінде өңірде өткір мио­кард инфаркті салдарынан өмір­мен қош айты­сатындар са­ны айтарлықтай азай­ды. Кар­­­диохирургтер жыл са­йын жүр­екке 230-дан астам ота жасайды. 

Уақыт бір орында тұрмай­тыны тәрізді медицина саласында да, оның ішінде жүрек ауруларын емдеу тәсілдерінің де ұдайы жаңғырып, жаңарып отыратындығы әмбеге аян. Сон­­дықтан да емдеу сапасын жақ­сартуға байланысты ілкімді іс жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде өткір миокард ин­фарктіге душар болған сыр­қат­тарға медициналық көмек көр­сетудің жаңа моделін қам­ти­тын 2016-2019 жылдарға ар­налған іс-шаралар тізбесі жасал­ды. 

Саламатты өмір салтын на­сихаттауға, аурудың алдын алу­ға үзбей көңіл бөлінуде. Ал­да­ғы уақытта да білімдері мен бі­ліктіліктерін үзбей жетілдіре бер­мек. Кардиохирургиялық жә­не интервенциялық кардиоло­гия бөлімшесінде жүректің ише­­миялық ауруы, жүре пайда бол­ған, туа пайда болған жү­­рек­тің ақаулары бар нау­қас­­тар­ға диаг­ностикалық және хи­рур­гиялық ем көрсетіледі.

Білікті дәрігерлердің ем-домы шипа болып, сырқат жүрек соныдан қуат алғандай. Қайтадан қалыпты машықпен бүлкілдеп соға бастады. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы