Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар алаңында бас қосқан БАҚ басшылары осы мәселе төңірегінде ой бөлісті. «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бабамұраттың сөзінше, техника қанша қарыштап дамығанымен, түрлі ақылды құралдар адамның шынайы сезімі мен ойын, шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Ғаламтор бетіндегі жылт етпе ақпараттар жылдам қолжетімді болғанымен, дәстүрлі басылымдардағыдай дәйекті болмауы мүмкін. Ал мазмұн тереңдігі мен ой ұшқырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Десе де заман көшінен қалып қоюға тағы болмайды. Өйткені бүгінгі таңда мобильділік – журналистің ең басты қаруы. Ең дұрысы – ескі мен жаңаны ұштастырып, таразы басын тең ұстау.
Бүгінде әлеуметтік желілер ақпаратты ең жылдам тарататын құралға айналып отыр. Мәселен, ел тұрғындарының 13 миллионға жуығы ғаламтор қызметін тұтынады. Зерттеу бойынша «ВКонтакте» желісіне 6 млн, «Instagram»-ға 5 млн, «Facebook»-ке 1 млн, «Twitter» желісіне 0,3 отандасымыз тіркелген. Ал мессенджерлер ішінде «WhatsApp» пен «Telegram» көш бастап тұр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде жүйелі жүзеге асып келе жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел тұрғындарының цифрлы технологияларды сауатты меңгеруіне зор ықпалын тигізген. Аталған бағдарлама негізінде алдағы екі жылда ғаламторды сауатты қолданушылар саны 81,5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Тарих ғылымдарының докторы Сәуле Барлыбаеваның пікірінше, жаңа медианың кең қанат жаюы көп жұмыстарды жеңілдеткенімен, адамзат алдына ақпараттық қауіп, компьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы шатастыру, кибершабуыл, жалған мәлімет беру сынды жаңа кедергілерді әкелуі мүмкін. Бұл қауіптердің алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық ортаның байланысы берік болуы шарт.
Басқосу барысында бүгінгі журналистикада кенжелеп қалған дәстүрлі жанрларды қайта жаңғырту мәселесі де кеңінен сөз болды. Журналистер қауымы очерк, эссе жанрларын тың форматта түрлендіріп, тағылымы мол тарихи мақалаларға көбірек қалам тербесе деген ой айтылды. Сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына байланысты мазмұнды журналистік зерттеулер жасалса деген ұсыныстар ортаға тасталды. Мақаладан туындайтын өзекті мәселелер мен мегаполистегі медиакеңістіктің ақпараттық-технологияларын, инновациялық жаңалықтарын дамыту жүйесі мен жолдары жан-жақты сараланды.
Журналистер мен ғалымдардың ойларын қорыта айтқанда, уақыт талабына сай кез келген ақпарат саласының маманы әмбебап болуы тиіс. Дәстүрлі құндылықтардың қайнарынан қанып ішіп, жаңа заманның да жаңалықтарына бейімделуі керек. Ал мультимедиялық технологиялар мен ғаламтор қуатын тиімді пайдалану дәстүрлі медианың жаңа тынысын ашады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ