Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

«Жаңа жылдық Судоку» қойылымын аренаға шығарды

504 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі өз репертуарын таңғажайып трюктермен толықтыру үшін жаңа таланттарды тоғыстыруға көшті.

«Жаңа жылдық Судоку» қойылымын аренаға шығарды

Кіп-кішкентай көрер­мен­дерін әрі қуантып, әрі таңғал­дыру үшін биыл шет­елдік өнерпаздардың қаты­суы­­мен «Жаңа жылдық Су­доку» қо­йылымын аренаға шы­ғарды. Жаңажылдық алғашқы қо­йылымға балалар үйлерінің балдырғандары мен көп балалы отбасылар ортақтасып, рия­сыз қуанышқа бөленді.

– Жыл сайын көрермен­де­рімізге тосынсый жасау үшін бар өнерімізді саламыз. Өт­кен жылы «Ер Төстік» ер­­тегісі қойылды. Биылғы қо­­йы­лымның өзгешелігі – цирк­ке шетелдік әртістерді ша­­қырдық. Олар көптеген халықаралық цирк өнері фес­тивалінің бірнеше дүркін лауреаттары клоун Ар­мен Асирянц (Испания), Мәс­кеудегі Никулин циркінің бос сатыдағы эквилибрист-жон­­глері Кристина Гук (Ре­сей), шауып бара жатқан ат­тың құлағында ойнайтын «Но­­мад» тобының әртісі Аль­фия Кунгужинова мен оның кас­­кадер қыздары, спорттық гим­настикадан әлем чемпионы, «Батуттағы акробаттар» но­мерінің жетекшісі Сергей Фе­­дорченколар, – дейді «Қазақ мем­лекеттік циркі» МКҚК дирек­торы Бақыт Бөкебаев.

Осылайша салт-дәстүрі жа­ғынан өзімізге жақын жапон әп­саналарына барып отыр. Сю­жет бойынша жапон аруағы Эмма өзінің жауыз нөкерлерімен кіш­кен­тай көрермендерді Жаңа жыл тұмарынан айырмақшы болады. Қара күштерді мақсатына жет­­­кізбеу жолында цирк труп­па­­сы сан алуан өнердің түрін көрсетті.

Мерекелік бағдарламада Ж.Еле­беков атындағы Рес­пуб­ликалық эстрада жә­­не цирк колледжінің жаңа тү­лек­тері де бірінші рет күр­­делі акро­батикалық нөмір­лерімен өнер көрсетуге мүм­кіндік алды.

Ертегі соңында Ақшақар сүйкімді қояндарымен, құн­жың қаққан мейірімді аюларымен шығып, сиқырлы сан­дар күшімен жаңажылдық Судокудың шешімі табылды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ