Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

Қарағандылық балақайлар Президент шыршасында шаттанды

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Президент шыршасы мерекесі ұйымдастырылып, оған облыстағы балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиеленушілері, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, сонымен қатар оқуда, шығармашылықта және спортта жетістіктерге жеткен 180 оқушы қатысты.

Қарағандылық балақайлар  Президент шыршасында шаттанды

Қарағандылық балақайларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеқұттықтау жолдады.

– Еңбекқорлық пен ізденімпаздық сіздерге барлық бастамаларда көмегін тигізеді. Әрдайым дендеріңіз сау және мықты болыңыздар, жаңа белестерді бағындыруға жаңа технологияларды меңгеруге, білім алуға талпыныңыздар. Өз ата-аналарыңыздың, мұғалімдер мен тәрбишілеріңіздің қолдауын бағалаңыздар. Жаңа жылда барлық армандарыңыз орындалсын деп тілеймін, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент шыршасына қатысу бақытына ие болған балаларды Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та құттықтады.

– Біз сіздерге үміт артамыз. Сіздердің барлықтарыңыз білімді, білікті адамдар, өз елін сүйетін және Қазақстанды бүкіл әлемге танымал ететін жастар болатындарыңызға күмәніміз жоқ. Ал біз болсақ, сіздердің табыстарыңызды мақтан тұтатын боламыз, – деді өңір басшысы.

Президент шыршасы мерекесінде балаларға Елбасының атынан сыйлықтар тапсырылды. Олар кітаптар және тәтті сыйлықтармен қоса, 50 мың теңгенің сертификаттары мен спорттық сөмкелерге ие болды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды