Футбол • 25 Желтоқсан, 2018

«Каспий» қанат жайып келеді

469 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көк теңіздің атын иеленген ақтаулық футбол командасы өзіндік ойын өрнегін көрсетіп жүрген топтың бірі. Желкілдеген жастардан құралған әрі биыл жөндеуден өткен стадионда ойын өткізуге мүмкіндік алған  топ ендігі кезекте премьер-лигаға шығуды жоспарлап отыр.

«Каспий» қанат жайып келеді

Футбол клубының басшы­лығы мен бапкерлер құрамы футбол маусымының қоры­тындылары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. «Каспий» футбол клубы «Арсенал Киев» командасымен меморандумға қол қойып, бүгінде маңғыстаулық екі ойыншы украиналық футбол клубында тәжірибеден өтуде.

Футбол – жастардың қызығу­шылығына ие және жалпыға барынша қолжетімді ойын түрі,  қалада үй маңындағы ойын алаң­дарында асыр салған, ауылда тегіс жерді тауып алып футбол ойынын қыздырған балаларды да, ересектерді де жиі кездестіретініміз бар. Аталмыш футбол клубы жас­тар арасында футбол спортын кеңінен насихаттау әрі жастарды футболға кәсіби тұрғыда дайындау  мақсатында ашық есік күндерін өткізді. Оған 300 жас спортшы қатысып, футбол әлемінің сырларына қа­ныға түсті, сондай-ақ  балалар арасында «Caspy Cup» турнирі өткізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде футбол орталықтары мен академиялар арасында өткен Қазақстан біріншілігінің ақтық сайысында жас маңғыстаулықтар 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар биыл жөндеуден өткен «Жас қанат» стадионында алғаш рет «Каспий» футбол клубы өз алаңында «Қайрат А» командасымен ойын өткізіп, ойынға 3200 көрермен қатысты.

– Әртүрлі жағдайларға бай­ланысты көрермендер саны­ның көп болуы 2001 жылдан бері болмаған еді. Ойынды тама­шалаушылардың көп болуы да футболшылар үшін маңызды. Нәтижесінде «Каспий» футбол командасы көрермендердің ойынға келуі жағынан Бірінші лига командалары арасында 2-орын­ды алды, – дейді «Кас­пий» фут­бол клубының даму бойынша менеджері Владимир Рибич. 

«Каспий» футбол клубы бас­шылығының болашаққа межелеген жоспарлары зор. Олар үшін алдына қойған биік мақ­саттарға жету үшін мамандардың біліктілігін арттыру – негізгі басым бағыттардың бі­рі. Сондықтан клубтың жаңа бас­шылары биыл маңғыстаулық фут­бол клубына келген шетелдік ма­мандардың атсалысуымен жер­гілікті маман­дардың біліктілігін арттыруды көздеп отыр. 

Клуб басшылығының айтуынша, Ақтауға қосымша тағы бір стадион мен жаттығу үшін фут­­бол базасы және футбол спортын одан әрі насихаттау үшін маркетингтік жұмыс қажет. Сон­дай-ақ 2018 жылдың аяғына дейін Маңғыстау облысының балалар құрамасын құрып, бар­лық жаттықтырушылар үшін семинар өткізіп, балаларға арнал­ған «Болашақ чемпиондар лигасын» ұйымдастырып, мектеп оқу­­шыларына арнап промо-ак­ция­лар ұйымдастыруды көздеп отыр.  

Үлкен мен кішінің ықыласы ауған спорт түрі насихатын жан­дандырып, өз спортшыларын, әсіресе балаларды алаңға ша­қыр­са бас тартатыны болмасы анық. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы