Өңір есептік кезең ішінде қарыштап дамуын жалғастырды. Елбасының экономика өсімін бес пайызға жеткізу тапсырмасы орындалды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның мәліметіне сәйкес өңдеу өнеркәсібінің өсімі 8,5%, ауыл шаруашылығы - 4,1%, құрылыс - 7% құраған. 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облысқа тартылған инвестиция көлемі 422,8 млрд теңгені құрап, 12%-ды құрады.
Облыс әкімі: «Біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап, Президенттің экономика өсімін кем дегенде 5 пайыз деңгейінде өсіру тапсырмасының толық орындалуын қамтамасыз ету»,- деген тапсырма қойды.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң қадағалап, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне қаржыландыру жоспарларына сай толық әрі тиімді игеруді тапсырды.
Жиын мемлекет басшысының халық табысын арттыру бастамасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барасын қараумен жалғасты. Бұдан бұрын хабарланғандай, Президенттің ең төменгі еңбекақыны 42,5 мың теңгеге дейін көтеру тапсырмасын тиімді орындау үшін облыста экономиканың барлық секторларындағы еңбекақы төлеудің ағымдағы жағдайын талдайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы тек өткен айдың ішінде айлығы 42,5 мыңнан төмен 12 100 қызметкерді қосымша анықтады. Нәтижесінде, алдын ала мәліметтер бойынша 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет саласының 42 мыңнан аса қызметкерінің, сонымен қатар, жеке секторда еңбек ететін 39 мыңға жуық адамның айлығы көтеріледі деп күтіліп отыр.
Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі еңбекақыны көтеру бастамасына кіретін азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Аталмыш сұрақты талқылау кезінде өңір басшысы жұмыс берушілерге жаңа жыл алдында сыйақы төлеу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл шағын төлемдер емес, салмақты сыйақылар болуы керек. Айта кетейік, облыс әкімдігі сондай-ақ, өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындарға ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу алдында қызметкерлеріне сыйақы берулері туралы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізді.
Бұдан басқа, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының 11 ай ішінде жүзеге асырылуының қорытындысы талқыланды. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама бойынша жылдық жоспар бес пайызға орындалып, 46 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, - деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Оның айтуынша, биылғы қыркүйек айынан бастап 1085 адам тегін арнайы орта білім алуға кіріскен. Бұдан басқа, қысқа мерзімді кәсіби курстарға 2 300-ге жуық жұмыссыз түссе, олардың 1674-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан. Бағдарлама аясында қала мен ауылдарда бизнес бастамаларды шағын несиелеу жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Бүгінде 972 ақтөбелік бизнесін ашып, дамыту үшін жалпы сомасы 4,4 млрд теңге көлемінде шағын несие алған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»