Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2018

Қостанайда өз ауылдасының жылқысын ұрлаған барымташылар ұсталды

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Науырзым аудандық полициясының қызметкерлері 6 жылқы ұрлаған ұрыларды жедел ұстады. Малдың иесі өрістен жоғалған жылқысын енді көрем деп ойламап еді. Аудандық полиция бөліміне арыз берген 68 жастағы қария малының ауылдан 25 шақырым жердегі жайылымнан жоғалғандығын айтады. Ол алғашқы үш күн үмітін үзбей, малын өзі іздепті. Сосын нәтиже болмаған соң, полицияға жүгінген. Жоғалған малдың құны бір миллион теңгеге жуық.

Қостанайда өз ауылдасының жылқысын ұрлаған барымташылар ұсталды

Арыз қолға түсісімен полицейлер жылқының соңына түседі. Олар алдымен із кеседі. Сол арқылы ұрылардың жылқыны машинаға артқанын сезеді. Тынымсыз жұмыс істеген олар машина тіркемесін де анықтайды. Оны ұрылар жергілікті біреуден уақытша сұрап алғаны белгілі болады. Із кесушілер осындай жедел жұмыстың арқасында малды барымталаған ауылдағы 49 және 35 жастағы екі ер кісі екенін тап бастырмай дәледеді. Мал иесіне қайтарылды.

Қазір ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай