28 Қараша, 2012

Адай жылқысы орын алғанмен, орнын ала алмай келеді

1435 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Адай жылқысы орын алғанмен, орнын ала алмай келеді

Халқымызда белгілі бір мінез бен қылыққа, әрекетке қарата айтылатын: «Атының озғаны-ай!» деген сөз бар. Бұдан аты озған жанның өзгелерден мерейі үстем, еңсесі биік, көңілі шат болатындығын аңғарамыз. Соңғы кездері алыс-жақын елдерде өткен аламан бәйгелерде алдына қара салмай суырыла озып, шетелдік ипполог-ғалымдардың назарын өзіне аударған адай жылқысының аты жақсы жағынан естілуде. Бұл – экономи­калық-әлеуметтік дамуы тұрғысынан өзімен деңгейлес мемлекеттерден мойын оздырып, алдыңғы қатарлы елдерге дүбір­леген тұяғының дыбысын естірте алға ұмтылған тәуелсіз еліміздің аты мен атағының озғандығының дәлелі.

 

Халқымызда белгілі бір мінез бен қылыққа, әрекетке қарата айтылатын: «Атының озғаны-ай!» деген сөз бар. Бұдан аты озған жанның өзгелерден мерейі үстем, еңсесі биік, көңілі шат болатындығын аңғарамыз. Соңғы кездері алыс-жақын елдерде өткен аламан бәйгелерде алдына қара салмай суырыла озып, шетелдік ипполог-ғалымдардың назарын өзіне аударған адай жылқысының аты жақсы жағынан естілуде. Бұл – экономи­калық-әлеуметтік дамуы тұрғысынан өзімен деңгейлес мемлекеттерден мойын оздырып, алдыңғы қатарлы елдерге дүбір­леген тұяғының дыбысын естірте алға ұмтылған тәуелсіз еліміздің аты мен атағының озғандығының дәлелі.

Адай жылқысы – беріде пайда болған немесе селекционер мамандардың әртүрлі қыл­құйрықтарды өзара будандас­тыру арқылы ет пен сүт бағы­тында «қолдан жасаған» жыл­қы тұқымы емес, тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі жылқы түлігі­мен тамырлас қазақ халқының ұлан-ғайыр даласында сақтал­ған қылқұйрықтың бір түрі, халқымыздың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек. Пошымы жағынан биік бойлы, сұлу, мойыны ұзындау, шоқтығы би­ік, арқасы мен сауыры ұзын әрі салыңқы, етсіз аяғы жуан, құй­ма тұяқты болып келетін бұл жылқының суық пен ыстыққа төзімділігінің, алыс жүріске шы­дамды, қуса жетіп, шапса озатын жүй­ріктігінің негізі осы табиғатпен үндестігінде, яғни табиғаттың өз төлі болуында жатса керек.

Жаңалыққа да, жан-жануар­ға да жаны құмар орыс ғалым­дары Қазақстанның батыс бө­лігіндегі адай жылқысына ай­рықша көңіл бөлді, қызыға зерт­­теді. Жалпы, бұл жылқы туралы сөз қозға­ғанда, Я.­Я.Пол­феров­тің, Г.­В.Си­зо­новтың, Ю.­Н.­Бар­минцевтің дә­йектеріне жү­гін­бей кете алмаймыз. Алғаш­қысы 1899 жылы Ре­сейдің «Конезаводство» журналында «Луч­­шие породы киргизской лощади – адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қа­дам жасаса, соңғысы: «Адай жылқылары қазақ жылқы­лары­ның басқа тектерімен салыс­тырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады», деп бағалайды. Қазақстандық ға­лым­дар – А.Иманғалиев «Адай жыл­қысы» кітабын жарыққа шы­ғарса, М.Нұрышевтің монографиясы ака­демик И.­Н.Не­чаевтің ықы­ла­сына ие болған. Ауыл ша­руа­шылығы саласы­ның білгірі, Маң­ғыстау облысында біраз жыл осы салада басшылық қызметте бол­ған кезде адай жылқысын таны­туға, зерттеуге күш салған азамат Сәбит Әбішев өзінің аталмыш жылқыға ынтызарлығы­ның қалай пайда болғандығын былай деп әңгімелеген. Автор: «Ұй­қы­лы-ояу көзбен ер басынан ұстап отырып жылқы жи­науға кетемін, өріске жеткесін 4-5 сағат жел­діртіп жү­ріп бір­неше үйірді түгендеп, бас-ая­ғын жинақтап, суару үшін құ­дыққа бағыт­тай­мын. Суға түс мезгілінде жетіп, шығырға отырамыз. Сол кезде байқа­ға­ным – алакөбеңде мінген атым әрі-бері ойқастап, жылқы жиып, ауылға айдап әкелгенімде міні құрымай­тын. Оның үстіне Ізтұрған, Әб­дірахман деген ферма бастықтары бәлен деген жерден шықтық деп түскі шай­ға Шетпедегі біздің үйге ке­летін. Есейген соң олардың атқа қонған жерлері Шетпеден 250-300 ша­қырым екендігін білдім», деп еске алады.

Студент кезінде жылқы туралы көп ізденген Сәбеңнің айтуынша, орыс ғалымдарының қазақтың бұл жылқысына аңса­ры аууы әріден басталған. Патша үкіметінің 1877 жылғы Ахал жазығына шабуылы жайлы жа­зылған офицер М.Арнольди жаз­балары біраз жайды аңғар­тады. Әскерлер Ахалға аттанбас бұрын Маңғыстаудағы Форт-Александровскіге, қазіргі Форт-Шевченко қаласына шо­ғыр­ланады да, жергілікті 150 шамалы жігітті айлық тағайындап, аттарымен әскер қатарына алады, оларды милиция деп атайды. Маңғыстаулық өлкетанушы Ә.­Спан деректеріне сүйенсек, жылқы ту­ра­лы таным-түсінігі, таңдауы бар атты әскер командирі М.­В.Ар­­ноль­ди адай жылқыларының тө­зімділігіне таңданыс білдіреді. Олардың сусыз 100 шақырым жерді ала беретінін, тек жусанға жайылғанның өзінде арықта­май­тынын, ауырмайтындығын, ер-тұрманының нашарлығына қара­мастан арқаларының жауыр болмайтынын, тұяқтары мықты бол­ғандықтан тағалаудың, құйрық-жалын күзеудің қажеті жоқты­ғын, 3-4 сағат шауып келіп құ­дық­тан су іше беретінін, ал иеле­рінің оларды судан соң өкпелері қабынбасын деп аз-маз желдір­тіп алатындығын айтқан Арнольди бұл жылқы­лар­дың орыс-казак полкында күтім көргесін тіпті күшейіп кеткендігін жазады. Офицер жүздігінің көп аттарын қазақ жылқысымен алмас­тырады және «бұл ісінің өте дұрыс болғандығын тәжірибе көр­сетті» деп жазады М.Арнольди. Қазақ­тар айырбаспен алған кабар­да­лық жылқыларды сойып алады. Жорық сәтсіз аяқталып, ауру-сырқау солдаттары мен арық-тұрақ күш-көліктерін ілбітіп патша әскері Фортқа оралады. Осы сапарда 2 мыңға жақын шақы­рым жолды шаршамай жүрген адай жылқылары күйлі қалпын үзбей келеді. Сол себепті М.­В.Ар­нольди Ахал жазығына жасаған екінші жорығында әскердегі ат­тың бәрін адай жылқысына алмастырады.

Осы жерде айтпағымыз – сол кездегі кабардин жылқылары­ның қазақтың адай жылқылары қа­сында жіп есе алмай қалуы қа­лай, ал бүгінде олардың тұяқ­тыға жүлде бермеген желден жүйрік ретінде айдай әлемге мәшһүр болуы қалай? Не себеп? Осы жерде тағы бір ой келеді. Кеңес өкіметі орнасымен елдегі қорғаныс күші де, техника күші де жылқы болды. Сондықтан оны асылдандыру, жинақтау, қай жылқыға мән беру керек, ол ба­ғытта қандай жұ­мыстар атқары­луы тиіс екен­дігі нақтыланып, ауқымды жұ­мыс жүргізіле бас­таған. Қазақ­станда ашылған бө­лімде Маширов бастаған ғалым­дар осы ел­дегі жылқыларды ірік­теп, қазақ жылқыларын батыс­тағы тұрқы ұзындау, мініске төзімді, оралымды, ширақ, берік, азық-түлікті көп қажет етпейтін адай жыл­қылары, Орталық Қа­зақстандағы тұрқы келте, етті, сүйекті жабы тұқымды жылқы­лар және тауға жүре алатын, мініске жақсы, жеңіл найман жылқысы деп үшке бөледі де, стратегиялық бағытта өсіру үшін адай жылқысына тоқ­талады. 1941 жылы аймақтық мем­лекет­тік Гурьев асыл тұқым­ды адай жылқысын өсіретін мекеме – «Госплемрассадник» ашы­лып, Мәс­кеуге тікелей ба­ғын­ды­ры­лады. Соғыс басталысымен бая­ғы Ахал жорығынан бері қарай адай жылқылары көкейлерінде қалған мәскеулік әскерилер Маң­ғыстаудан жылқы ала бастайды. Қапелімде кеп жылқы ұстап беруді талап еткенде іріктеудің ыңғайы келмей қалады да, ал­ғашқы лекте сүт бетінің қаймағы дерліктей өңкей таңдаулы жыл­қылардан, алтын құрсақ биелерден құралған 480 бас кете береді. Жоғарыда ай­тылған аймақтық мекеме 1956 жылы жабылғанда ең соңғы басшысы болған Балыбай Кірбасов осы оқиғаны «сү­ліктей болған, аяғының желі бар әдемі тор биемді бергім келмей анда-мында қуалап жасырып едім, болмады, алып тынды» дейді екен кейін өкінішпен. Осы 480 жылқы түгелдей Кабардин­нің орталығы Нальчикке апарылып, жуасытылады. Кейіннен тағы жылқы алынып, майданға Маңғыстаудан бар­лығы 3000 жыл­қы кетеді. Бұлар да Нальчикке барады. Сәбит Әбішовтің айтуынша, 1942 жылы соғысқа алынып, Наль­чикте аспаз болып жүрген маңғыстаулық Мөңке Монты­бай­ұлы: «Маңғыстаудан жылқы ке­ліпті» дегенді естіп, стадион­дағы аттарға бас білдіріп жүрген топқа барады. Кең алаңда 10-15 жігіт жылқыларды ноқталап алып қуалап жүр дейді. Бұйрық беріп тұрған асханадан келіп тамақ ішіп, жақсы қарым-қаты­наста болып жүрген мұ­сылман жігіті болғандықтан, бұл қасына барып: «Бізде жүгендеп, мініп жуасытады», дейді. Сонда әлгі «сен жуасытып бер» деп жабыса кетсе керек, Мөңке кешке дейін төрт тұлпарға бас білдіріп, жү­гендеп, тартпасын тартып, бе­кітіп-тұсап, «міне, осылай» деп алдарына көлденең тартады. Ол Мөңкені осыдан кейін қасына көмекші етіп алады, кейіннен Маңғыс­таудан тағы жылқы ке­леді, сөй­тіп Мөңке соғыста жылқы жуасытумен айналысады. Бүгінгі кабардин жыл­қы­ла­рының жүйрік­тігі туралы осындай бір гәп бар… Соғыстан соң жыл­қылар елге оралған жоқ, кабарда елінде қалды. Ауызымен құс тістеген кабардалық жүйрік­тер қазақтың адай жылқысының тұ­қымы болмасына кім кепіл?

Соғыс аяқталып, Алматыда өткен республикалық Жеңіс ше­руінде маңғыстаулық Тасқара Са­ғын­дықов қосқан шабдар ат 1-орынға ие болады да, оны респуб­лика Министрлер Кеңесінің төр­аға­сы Н.Оңдасынов иппо­дром­ға сый ретінде алып қала­ды. Соғыстан соңғы жылдары адай жылқысының салмағын арт­ты­рып, еттік бағытта дамыту үшін Доннан, Қостанайдан за­уыт­тық жылқылар, 70-80 бас ай­ғыр әке­лінеді. Алайда, Маң­ғыстау­дың қытымыр табиғатына төз­беген олар 1971-1972 жыл­дардағы қыс­тан шықпай қалады. Табиғаттың бұл сұрыптауынан осы жердің ыстық-суығына әб­ден бейімдел­ген жергі­лікті адай жылқылары ғана шығады, бұл жағдай сырттан жылқы әкелуді тоқтатуға мәжбүр етеді және адай жылқы­лары таза тек ретінде өсіріле бастайды.

Енді бір сөз адай жылқысы тұқымының Орынбор, Қазақ­стан­ның Торғай өңіріне және батыс бөлігіне кең тарауына қа­тысты болмақ. Кезінде адай жыл­қыларын әскери бағытқа бейім­деп өсіру үшін Торғайдан 3 зауыт ашып, оған Маңғыстаудан біраз жылқы кетеді. Сондай-ақ төрт түлік малы Маңғыстау даласына сыймаған ірі байлар арнасынан төгілген астай ырғала-жырғала өзге аймақтарға жайыла қоныс тебеді. Мысалы, Қалнияз Жұбан деген бай 10-15 мың адай тұқым­ды жылқымен қыста Жем бойын жайлап, одан әрі Торғай бетіне шығып кетсе, енді бір байлар Жем, Сағыз, Қобда, Жайықтың бергі сағала­ры, Жайықтан әрі өтіп Еділге қарай 10 мыңға жуық жылқымен бұлар кетеді. Маң­ғыстау бетінен таңдап жиған адай тұқымды 10 мың жылқымен Пірәлі ханның, сонымен қатар, осынша жылқы­ны алдына салып Әбілқайыр хан­ның балдызы Мырзатай ба­тырдың, 5000 отбасымен қыруар жылқы айдап Сүйіндік руының Оралдың бергі құйылыстарына шығып кеткен­дігі айтылады. Айтулы байлар батыс өңірді жайыла қоныс еткен 1868-1870 жылдары олармен бірге адай жыл­қысының 47 пайызы кетеді де, қалған бөлігі Маң­ғыстауда қа­лады. Қазіргі қазақ­тың атын шығарып, олжа салып жүрген пырақтар – осы қалған жарты бөліктің тұқымдары.

Адай жылқысы біраз жылдар танылмай, шындығында таныла алмай келді. Оған себеп біздің халқымыздағы ең кертартпа мі­нез руға, жікке бөлінушілік болды деп ашық айтуға болады. Жылқының атауы оның бағын байлауға, шетқақпай болуына әсерін тигізбей қоймады. Қиын кезде білек пен бәтуа біріктіріп, бірге қуанып, бірге қиналған бабаларымыздың мәрттігі бізге бірде жетіп, бірде жетпей жатса, сол жетпегеннің ішінде адай жылқысы да жұтылып кете барды. Соңғы кездері адай жыл­қылары Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтулы жарыстардан алтынмен оралып жүр.

Елбасы Н.Назарбаевтың аг­рар­­­лық секторды дамыту бағы­тындағы тапсырмаларына орай, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстағы ауыл­ ша­руа­шылық басқармасы еліміз­дің Ат спорты қауымдас­ты­ғы­мен бірге, 2011 жылы сәуір­де Ақ­тұмсықта 90 шақырымдық ат бәйгесін ұйымдастырды. Оған қатысқан халықаралық дә­ре­же­дегі судьялар, мал дә­рігер­лері адай жылқысының халық­аралық стандарттарға сай екен­дігін айтса, бір айдан соң Алматы қаласында өткен Азия ойындарының чемпионаты – Қазақстан халқы III спартакиадасында адай жыл­қыла­ры ал­дыңғы үш орынды да ешкім­мен бөліскен жоқ. Бұл жеңістер атқұмар азамат­тар­дың қызығу­шылығын одан әрі серпілтіп, қанаттандыра түсті. Осы жылы шілде айында Ре­сейдің Рязань облысында өт­кен халықаралық «Достас­тық кубогы» жарысында адай жыл­қылары 80 шақы­рымдық қа­шықтықта мәреден 1-ші, 3-ші және 4-ші болып өтеді. Осылайша, кубокпен бір­ге «Көрер­мен көз­айымы» сый­лығы да қазақ жылқы­сының еншісінде кете­ді. Осы жарыс­тың нәти­жесі адай жыл­қыла­рының даң­қын жарты әлемге танытты. Ал елге келген соң түрлі жарыстарда жүл­де салған 23 атқа Қазақстан Ат спорты қауымдасты­ғының «ҚР спорт­тық жылқы құжаттары» куәлігі берілді.

Адай жылқылары биыл да жеңіссіз болған жоқ. Астана күні қарсаңында елордада Қа­зақ­стан Республикасы Прези­денті кубогы үшін өткен ха­лықаралық турнирде алдына қара салмаған жылқылар артынша тағы да Рязаньға аттанды. Бұл жақта ТМД және Балтық бойы елдері фестива­лінде біраз елдердің 117 тұл­пары бақ пен бап жарыстырған алыс қашықтықтағы аламан­ның 80 шақырымдық алғашқы жарысында адай жылқылары ір­кес-тіркес бірімен-бірі иық ті­рестіре мәре сызығын кесіп өтеді. Жүлденің үшеуі бірдей қолдан сусып, көз алдарында Қазақстанға кете баруы біреу­лердің жанын жегідей жесе керек, үшінші атты тоқтатып, денсаулығында мін бар деп, жарыстан шығарып тынады. Алай­да, осы сәтте 4-ші болып тағы бір қазақ тұлпары – қос­танайлық жүйрік зу етіп өте шығады. Көп ұзамай 117 ат­тың арасынан 8-ші, 12-ші болып адай жылқылары жетеді. Бұрын атына сырттай қанық көпшілік осы жолы адай жыл­қысын көз­бен көріп, алдыңғы жетістік­терінің кездейсоқтық еместігін мойындауға мәжбүр болады.

Биылғы жылдың қазан айында халықаралық ат спорты сарапшылары мен мамандары, мал дәрігерлері Ақтауға жиылды. Мақсат – жаңа халық­ара­лық классификация бойынша 120 шақырымдық жарыс өт­кізу Қазақстанда тұңғыш рет өткі­зілгенін атап өту. Еліміздің ат спорты федерациясының вице-президенті С.М.Буйкевич бастап келген қонақтар арасынан халықаралық ат спорты феде­рациясының мүшесі, ре­сейлік Г.А.Андриевский жа­рыс­қа бас төрешілік етсе, қазылар құра­мы ат жарысын өткізу жөнін­дегі халықаралық маман, араб елінің өкілі Мохаммед бастаған білікті мамандардан құралды. 120 шақырым қашықтықта жүл­дені бұрын­нан олжа алып жүрген сәй­гүліктер емес, жаңа тұлпардың алуы – ел арасында бірінен-бірі озған жүйріктердің көп­тігін аңғартады. Осы жолы А.Андриевский: «Сөз жоқ, адай жылқысы – табиғаттың тамаша туындысы» десе, Мохаммед: «Адай жылқысы әлем­дік жарыстарда олжа салып жүр­ген араб жылқыларынан кем емес. Тек бұл жылқы­лар­дың күтімі мен бабы жет­кілік­сіз екені көрініп тұр, сондық­тан ат спортына көп күш салу­ла­ры­ңыз керек», деді. Жыл­қылар­дың бұл жетістіктерінде облыс басшылығының қол­дауы, об­лыстық ауылшаруа­шы­лығы бас­қармасындағы қар­шадайы­нан адай жылқысының құла­ғында ойнап өскен Т.Қал­жан­ұлы, К.Ерғалиев сынды аза­­мат­тардың еңбегі тұрған­дығын атап айтуға тиіспіз.

Біз – қуанышы мен жетіс­тігі ортақ біртұтас елміз. Ке­шегі Лондон Олимпиадасында топ жарған мықтыларға күллі қа­зақ даласы қол соқты. Адай жыл­қысының да жетістігі барша қазаққа ортақ қуаныш. Алай­да, осы тамаша жылқы күні бү­гінге дейін лайықты мәртебесін ала алмай келеді. Және арнайы ат қоралар ашып, бап-күтімін ке­ліс­тірсе, адай тұлпарлары тә­уелсіз Қазақ­стан­ның көк бай­рағын әлі талай до­да­лардың биік тұ­ғырынан жел­біре­тетін­дігі анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»,

Рза ОҢҒАРБАЙ.

Маңғыстау облысы.