Әуесқойлар арасында әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанған 25 жастағы қазақ боксшысы кәсіпқой рингтегі алғашқы екі жекпе-жегін Қазақстанда өткізген болатын. 2016 жылдың қазан айында Алматыда колумбиялық Нуньес Милтонды бірінші раундта ұрып шықса, 2017 жылдың қыркүйейегінде Астанада бразилиялық Жильберту Перейра дос Сантосты ұпай санымен ұтты.
Одан кейін Жәнібек мұхит асып, Америкаға аттанды. АҚШ-та ол атышулы Боб Арум жетекшілік ететін әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келсімшартқа отырды. Сол кезден бері тағы екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Қандасымыз тәжірибелі Карлос Гальван (Колумбия) мен Александер Воннан (АҚШ) басым түсті. Әлімханұлының ендігі арманы – ең белді нұсқалар бойынша өзі өнер көрсететін екінші орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағын иелену.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»