Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2018

Қостанай облысында қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысында қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды

Облыста қоқыс өңдейтін алғашқы заманауи зауыт Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінен орын тепті. Зауыт  жылына 40 мың тонна қоқысты іріктеп, өңдейді. Үш ауысымдық жұмыс күніне көшкенде жылына 120 мың тонна қоқыс өңдеп, игере алады.  Зауыт толық қуатына үш сатылап қосылатын болады. Әзірге кәсіпорынның  алғашқы алғашқы желісі салтанатты түрде  іске қосылды. «EKO SITI KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Жақсыбаевтың айтуынша, келесі жылдың басында зауыттың екінші сатысы, яғни тазарту желісі іске қосылады. Үшінші сатысында шикізат ретінде пайдаланылатын пластик түйіршіктерін өндіретін болады.

«Бұл – біздің облыс үшін бірегей жоба. «S.M.F. – Sistem»тоқымасыз материал фабрикасының әлеуеті үлкен, олар бізден инфрақұрылым жасауға көмек сұрап отыр. Бұл бізді қуантады, демек  компанияның жоспары ауқымды деген сөз. Біз оған барлық жағдайда көмек беретін боламыз. Сонымен қатар қоқыстың өңделуі қоршаған ортаның экологиясын  жақсартады, бұл да жақсы нышан» деді  зауыттың салтанатты іске қосылуына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бұл жобаның алғашқы желісі құнының 300 миллион теңгені құрады. Қоқыс өңдейтін зауыт өзінің құрылтайшысы «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасын шикізатпен қамтамасыз ететін болады.  Қайта өңделген  қоқыстан фабрика 80 түрлі зат өндіретін болады. Оның ішінде  газға, суға, тағы басқа да қажетке пайдаланылатын құбырлар, тас жолға төсеніші секілді жаңа технологиямен өндіріске пайдаланылатын материалдар да бар.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»