25 Желтоқсан, 2018

Еркін күрестен әлем кубогы Якутскіде өтеді

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еркін күрестен 2019 жылғы әлем кубогы жолындағы жарыс Ресейдің Якутск қаласында өтеді.  Бұл ақпарат Бірлескен күрес әлемі (UWW) мен Ресей спорттық күрес федерациясының (РСКФ) ресми сайттарында жарияланып отыр.  

Еркін күрестен әлем кубогы Якутскіде өтеді

Араға жеті жыл салып, әлем кубогы Ресейде өтетін болды. Бұл жаңалықты біз қуана-қуана қабылдадық. Оның үстіне Ресей құрамасы соңғы жеті жарыста бас жүлдеге қол жеткізе алмаған еді. Біздің балуандар сол олқылықтың орынын Якутскіде толтырады деген ойдамыз, – дейді Ресей спорттық күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили.

Әлем кубогында алты команда бақ сынайды. Дүниежүзінің үздік бес ұлттық құрамаларынан бөлек, айтулы доданың жолдамасына иелік ете алмаған мемлекеттер арасынан ең мықты балуандар іріктелініп алынып, олар дербес команда болып боз кілемге шығады. Ал 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Ресей, АҚШ, Грузия, Куба және Жапония құрамалары озық бестіктің қатарынан көрінген болатын.   

Айтулы жарыс 1956 жылдан бері 48 мәре ұйымдастырылды. Бір ғажабы, КСРО ыдырығанға дейін әлем кубогында үстемдік құрды. 1956-1991 жылы аралығында өткен 21 турнирдің 16-сы Одақ балуандарының жеңісімен аяқталды. Сол аралықта АҚШ – 4 рет және Түркия бір рет топ жарды. Одан кейінгі уақытта тағы төрт елдің өрендеріне алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырды. Ал барлығы бас жүлдені олжалаған мемлекеттер мыналар:

КСРО – 16 рет

АҚШ – 14 рет

Иран – 8 рет

Ресей – 6 рет

Әзірбайжан – 2 рет

Түркия – 1 рет

Куба – 1 рет       

Соңғы жарыстың жалауы үстіміздегі жылдың 7-8 сәуірі аралығында АҚШ-тың Айова Сити қаласында желбіреген болатын. Дүбірлі додада боз кілем қожайындары топ жарды. Финалда олар Әзірбайжан құрамасын 6:4 есебімен еңсерді. Үшінші орын үшін талас та дәл сондай есеппен аяқталды. Бұл тартыста Жапония Кубаны қапы қалдырды. Бесінші орын үшін бәсекеде Грузия Моңғолиядан 6:4 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы АҚШ-тағы әлем кубогын жетінші орынмен қорытындылады. Соңғы сайыста отандастарымыз Үндістанды 10:0 есебімен тас-талқан етті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»