Медицина • 26 Желтоқсан, 2018

«Қансонар-2018» халықаралық турнирі өтті

1224 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бурабайда атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілді.

«Қансонар-2018» халықаралық турнирі өтті

Иә, көптен бері Бурабайдың аспанында дәл мұнша қыран самғамаған шығар. Ақ көрпесін жамылған Оқжетпес те, қойнауына күмбірлеп дүбір енген қарағайлы орман да көз тігіп, таңырқап қарайтындай. Таңырқайтын да реті бар. Бұл жолғы сайысқа Ресей, Венгрия, Испания, Моңғолия, Қырғызстан, Бірік­кен Араб Әмірлігі, Қытай, Түрік­мен­стан тәрізді жеті мемлекеттің құс тілін білетін, ақсүйек өнерді жанына серік еткен саятшылары қатысып отыр. Қазақстанның әр аймағынан да қыра­ны­ның қайратынан үміт еткен елуге жуық құсбегілер жиналған. Кейбіреуі қолдарына қос-қостан қыран қондырған.

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірде ұлттық спорттың өңі жақсарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларынан кейін соны серпін алғандығын ерекше екпін түсіріп айтып өтті. Бурабай аспанын қыран құстың кереге қанаттары­мен көмкеріп, рухтандырған жарысқа алыстан ат арылтып жеткен шетелдік қонақ­тар да осы бір өзгеше салтанатты, айрық­ша қызғылықты турнирді ұйым­дастырушыларға ақ алғыстарын айта келіп, өз таңданыстарын да білдірді.

– Ықылым заманнан бері қазақ халқы көшпелі өмір салтын көріктендір­ген әдемі салт-дәстүрінің бірі осы, –дейді мемлекет және қоғам қайраткері, «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық-шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдас­тығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, – негізінде адам бойын­дағы ерекше ынтызарлықты, ықыласпен ниетті талап ететін құсбегілік өнер  маған өнердің шырқау биікке көтерілген шыңы тәрізді болып көрінеді. Тамыры да тереңде. Мәселен, Ботай қонысы­нан жылқының сүйегімен бірге, ит пен құстың сүйегі де табылып отыр. Демек, қазақтың бұл өнерінің тарихы сол дәуірлерден бастау алады. Міне, осындай өзімізді өзіміз танып-білуге орасан зор ықпал ететін дүние Елбасының соңғы мақаласынан серпін алып отырғандығын айтуға тиіспіз. Ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын жәдігерлерді жанымызға серік етуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өте орынды айтып отыр емес пе? Орта ғасырларда өмір сүрген италия саяхатшысы Марко Полоның тарихи жазбаларында құла түзді түрленткен атақты Құбылай ханның 500 сұңқары туралы деректер бар. Міне, сол заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан өз ұлтымызға тән салт-дәстүріміз, өнеріміз қайта жаңғыруы керек-ақ. Қайта жаңғырса, азуын айға білеген аталарымыздың қайтпас қайсар рухы жалғасын таппақ. Мен қанатты қыранның ғана емес, қазақ жеті қазынасының бірі санаған тазы мен төбетті көбейтсек деймін. Кешегі кеңес заманында ит жүгіртіп, құс салу ұмыт болды. Ешкім көңіл аудармады. Содан барып мал бағып,  қотан қорыған, аң қағып, саят құрған текті иттің тұқымы азып кетті. Әйтсе де, жұқанасы қалды. Ендігі міндет сол қолда барын сұрыптап, тұқымын жақсарту. Ол үшін не істеу керек? Осы бір жақсы іске мемлекет жанашыр болуы керек. Жанашырлық дегеніңіз, қолдау, көмек, қаржының бөлінуі. Маң төбет пен желаяқ тазының тұқымын қайтадан қалпына келтіріп, сақтау мәселесін көтеріп, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарына, Ауыл шаруашылығы  министріне арнайы хат жаздым. Қалай болған күнде де текті тұқымның гендік қорын сақтау үшін алға қойылып отырған міндеттерді ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тазы мен төбеттердің таза тұқым­дарын ұстау және өсіру, асыл тұқымды иттердің үйірлерін қалыптас­тыру, генетикалық тұрғыдан топтастыру саласында түпкілікті зерттеу жұмыс­тарын жүргізу қажет.

– Баянауылдан келдік,–дейді құсбегі Тасыбай Иманзайып, – екі бүркіт әкел­дім. Бүгінгі күні бағзы заманнан, баба­лары­мыздан қалған мұраны дамыту шынын айтқанда, бізге сын болып отыр. Құсбегілер қолдауға зәру. Құсбегілерді қолдау дегеніңіз төл өнерімізді қолдау деген сөз. Қолдау болса ғана ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан айрықша әдемі өнерімізді әлемге танытар едік. Қазір біршама жанашырлық­тың бар екендігін айта кетуге болады. Мәсе­лен, бұрын осындай жарыстарға қаты­нау қиын болатын. Қазір рұқсат қағаз­дары­ңыз болса, ешбір кедергісіз жүре бересіз. Сосынғы бір кемшіні насихаттың аздығы.

Құсбегі дөп айтып отыр. Насихаттың солғындығын осы жарыстан да көру­ге болады. Халықаралық турнирдің көрермендері некен-саяқ. Негізінде құсбегілердің өздері мен атқосшылары. Қалам ұстаған жазарман қауым, төре­ші­лер мен ұйымдастырушылар. Көк аспан­ның көркі болған, ақша бұлтпен астасқан сонау биіктегі қыранды айтқанына көн­ді­ріп, дегеніне жүргізіп, көздегеніне ұшы­рып отырған құсбегілік өнер қандай кере­мет, шіркін! Өзекті өртер өкініші де сол, қансонардың қызы­ғын қанша қауым көре алмады. Әлде жарнамасы кем, құлақ­тан­дырылуы аз. Әйтпесе, неге көрмесін?!

Бурабайда «Салбұрын» ұлттық аңшылық орталығы 2017 жылы ашылған. Негізгі мақсаты – ұлттық аңшылық өнерді дамыту, Бурабай баурайына келушілерге қызмет көрсету.  Серіктес­тіктің ұсынатын қызмет ауқы­мы да жан-жақты. Атқа мініп, сейіл-серуен құруға болады. Қаласаңыз, бүркітпен аң аулайсыз, ит жүгіртіп, қоян, түлкі қағасыз. Зерен­ді және Бурабай аумағында 111 мың гектар жері бар.

– Бурабай баурайын туризмнің Меккесіне айналдыру туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен міндет қойып отыр ғой, – дейді орталық басшысы Серік Көбегенұлы. Біз енді көркем табиғатымызбен ғана емес, ұлттық өнерімізбен де мақтана аламыз. Қазірдің өзінде келушілер аз емес. Естіп-білген ел тамаша табиғат аясында қазақтың қасиетті өнерін көруге құмартып-ақ жатыр. Негізінде, ит жүгір­тіп, құс салу аса көп зиянын тигізе қой­майды. Ол жағын да ескерудеміз.

Саяқ жүріп, саят құру бір басқа да, сын­ға түсер сәт өз алдына бөлек бір қызу­лы әлем. Әне жотаның үстінен қа­лық­­тап ұшқан қыран айнадай жарқы­ра­ған ақ қардың үстіндегі жалғыз ноқат қоянды жанарына іліктірді. Киіз үйдің аумағындай ауқымды құшағына сый­дыратын қос қанатын әнтек керіп, сырық бойы көтерілді де төбеден таста­ған тас­тай зу ете түсті. Қас-қағым сәт. Бұта түбін пана көріп, жасырынған қоянның төбе­сінен жай түскендей болды. Ақ тонын әлі толық киіп болмаған, ақтан гөрі сарғылт реңге жақын ор қоян қыран тырнағының астында тыпырлап жатыр.

Алдымен іріктеу сайысы өткізілген. Айны­май түскен қырандар ақтық сын­ға жолдама алды. Жарыс барысын­да қыран кел­беті де, түр-түсі де, бейне-біті­мі де ес­керілді. Ең бастысы, алғырл­ығы. Қоян­ға қыр асырмаған қырандар ал­пыс екі айлалы түлкіге келгенде әб­жіл­­­дігі алқынғандай. Қазылар алқасы­ның шеші­мімен жерлесіміз, Крас­ный яр ауылының тұрғыны, құсбегі Рус­лан Тумур­­зин бас жүлде – «Нива» автокө­лігі­не ие болды. Барлық жеңімпаз құ­сбе­гілерге кәделі сыйлықтар тарту етіл­ді. Екі күн бойы Бурабай баурайын бөк­тір­ген құсбегілер сайысы еліміз­де төл өнері­міздің туын тіктеп келе жат­қанды­ғын жеті мемлекеттен жинал­ған тәмам елге танытты.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы