28 Қараша, 2012

«Тындырылған істер аз емес, атқарылатын міндеттер одан да көп»

374 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

«Тындырылған істер аз емес, атқарылатын міндеттер одан да көп»

Өткен жылы желтоқсан айында Маңғыстау өңірінде орын алған белгілі оқиғалардан кейін бірқатар жүйе бойынша басшылық алмасты. Сол толқынның легінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры болып саланың айтулы маманы Алик АЙДАРБАЕВ тағайындалды. Содан бері де жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта алға қойылған міндеттер қалай жүзеге асып жатыр, алда тағы қандай жанды жұмыстар тұр? Біздің компания басшысымен жүргізген сұхбатымызда осы және осыған қатысты басқа да жайттар төңірегінде сөз қозғалады.

 

Өткен жылы желтоқсан айында Маңғыстау өңірінде орын алған белгілі оқиғалардан кейін бірқатар жүйе бойынша басшылық алмасты. Сол толқынның легінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры болып саланың айтулы маманы Алик АЙДАРБАЕВ тағайындалды. Содан бері де жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта алға қойылған міндеттер қалай жүзеге асып жатыр, алда тағы қандай жанды жұмыстар тұр? Біздің компания басшысымен жүргізген сұхбатымызда осы және осыған қатысты басқа да жайттар төңірегінде сөз қозғалады.

– Алик Серікұлы, әңгіменің басын Жаңаөзен тақырыбынан бас­та­ғанды жөн көріп отырмыз. Былтыр­ғы жылы осы қызметке тағайын­да­ларда сізге Елбасы бұрын жұмыстан шығарылған мұнайшыларды еңбек­пен қамту, жұмысшылардың еңбек ету жағдайын жақсарту жайында нақ­ты тапсырмалар берген еді ғой. Бүгінгі таңда олардың орындалу жа­йы қалай?

– Өткенге оралсақ, сол ереуілдер кезінде, 2011 жылы 2137 адам жұмыс­тан шығарылған, олардың 1074-і «Өз­ен­­мұнайгаз» өндірістік филиалының, ал 1063-і «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың жұ­мысшылары еді. Біз оларды қайта­дан жұмысқа қабылдай алмадық. Се­бе­бі, олар ереуілдерде жүргенде орындарына басқа адамдар алынып қойылған екен. Сондықтан биылғы жылдың қаңта­рында Президент тапсырмасын орындау мақсатында Жаңаөзен мен Ақтауда екі бірдей жаңа құрылым құр­дық. Олар «Бұрғылау жұмыстары бас­қармасы» ӨҚБ және «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету» ЖШС деп аталады. Бұл кәсіп­орын­дар­ды құру мен жұмысты бастатуға 20,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде бұ­лардың екеуі де белсенді жұмыс жасап жатыр. Олай болса, Мемлекет бас­шы­сының бұл жө­ніндегі тапсырмасы толығымен орындалды деуімізге болады. Алайда, оларды ұдайы жұмыс көлемімен қамта­ма­сыз етіп отыруда мәселелер бар. Біз алдағы уақытта осы жағын шешу ба­ғытындағы жұмыс­тары­мызды жалғас­тыра береміз.

– Ал еңбек жағдайын жақсартуда қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Жаңа компанияларды құрарда біздің алдымызда оларды тиімді жұмыс істету үшін алдымен, арнайы техникамен қамтамасыз ету, өндірістік базалары мен вахталық қалашықтарын салу міндеттері тұрды. Бұл бағытта компания барынша қарқынды жұмыстар жасап жатыр. Нақты нәтижелер де жоқ емес. Мұның бір айғағы – осы күзде «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету» компаниясының жұ­мыс­шылары үшін Қаражанбас және Қа­ламқас кен орындарында екі вахталық қалашық салынып, пайдалануға беріл­ді. Олардың құрылыстарын жүргізуге жоғарыда аталған басқарманың өз мамандықтары бойынша жұмыс атқара алмай жүрген жұмысшылары тартылды. Жобалық құны 3,6 млрд. теңгеден асатын бұл құрылыстар өте қысқа мерзімде аяқталды. Бұған қоса айта кетуіміз керек, 400 және 200 орындық екі жатақхана, 300 орындық асхана, монша-жуыну кешені мен спортзалды қамтитын вахталық қалашықтар заманауи талаптарға жауап беретіндей дәре­жеде салынды. Тағы бір атап өтерлігі, бұл кен орындарындағы өндірістік базаны көтеру жұмыстары үстіміздегі жыл­ғы наурызда ғана қолға алынды. Олар 250 және 100 бірлік арнайы тех­ни­каға арналған. Техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған база асханамен, кеңсемен, БӨБ ғимаратымен, апат­тық дизельді-генераторлық жабдықпен, инженерлік желімен, медициналық және диспетчерлік пункттермен, жөн­деу-техникалық цехымен, автокөліктер диагностикасы цехымен, қосымша бөл­шектер қоймасымен, техникаға арнал­ған жылы гаражбен, ЖЖМС және жа­нар-жағармай материалдарын сақтай­тын қоймамен, автожуу орнымен және тағы басқа да бірқатар нысандармен қамтамасыз етілген. Біз құрылыстың бірінші кезегін желтоқсан айында біті­реміз. Ал екінші кезек 2013 жылы аяқ­талады. Енді «Өзенмұнайгаз» ак­цио­нерлік қоғамына қатысты сөз қозғар болсақ, мұнда да айтарлықтай шаруа­ның басы қайырылды. Айталық, алдағы желтоқсанда «Бұрғылау жұмыстары» басқармасына арналған 720 адамдық ша­руашылық-тұрмыстық кешені, 28 ор­ын­ды гараж, жабық тұрағы бар өн­дірістік база құрылысының бірінші бө­лігін пайдалануға беру межеленіп отыр.

– Өндірістегі еңбек қатынас­та­рының үйлесімді дамуы үшін қандай шаралар қолға алынды?

– Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» өнді­рісінде 9700-ден аса жұмыскер еңбек етеді. Ал сервистік компанияларды қоса алғанда, олардың жалпы саны 15 000-нан асады. Биылғы жыл ішінде еңбек адамдарының барлығымен еңбек қаты­настарын қалыптастыруда айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалды. Ең алдымен, ішкі коммуникацияны жақсартуға кірістік. Негізгі күшіміз «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы­ның мейлінше өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Қыз­мет­керлермен жұ­мысты жаңа деңгейге көтеруге, ко­м­п­анияның еңбек ұжы­мын­да ішкі үнқа­тысуды қалыптастыруға ты­рыстық. Әлеу­меттік-тұрмыстық мәселе бүгінгі күні басты басымдылықтар қа­та­рына қойылды. Компания барлық дең­гейдегі қызметкерлерінің жағдайын жақ­сартуға күш салуда. Біздің бастамамыз бойынша осы жылдың сәуір-мамыр айларында «Өзенмұнайгаз» бен «Ембі­мұ­найгаз» мекемелерінде жетекшілік құ­рамдағы жұмыскерлер және ауысымдар, базалар, колонналар, цехтар басшылары мен шеберлері үшін тренингтер өткі­зілді. Оның басты мақсаты – командалық жұ­мысты жақсарту, қызметкерлер ара­сын­дағы өзара қарым-қатынасты ны­ғайту, әртүрлі жағдайда шешім қабыл­дай білуге үйрету, даулы жағдайда өзін ұстай білуге баулу және ұжымдық мақ­саттарға қол жеткізуге ынталандыруды көтеру болды. Біз кәсіподақтар қоз­ға­лысы жетекшілері үшін еліміздің еңбек заңнамаларына енгізілген соңғы өзге­рістерді түсіндіруге арналған тәжіри­бе­лік семинар-тренинг­терді ұдайы өткізіп отырамыз. Біз үшін мұның да маңызы өте зор.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиа­лы­ның акционерлік қоғам мәртебесіне ие болуына байланысты осы жылдың маусымынан бастап осы мәселеге қа­тысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдайдың компания жұмыскері үшін қандай көрініс табатыны туралы нақты түсіндірме берілді. Сырттай қа­рапайым іс болып көрінгенімен, әрқа­лай қабыл­дауға, қажетсіз алып-қашпа әңгімеге жол бермеу үшін нақты түсін­дірме жұмыс­та­рымен айналыстық. Жа­ңа­дан құрылған «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа өту жұмыстарын ұжымда ақпараттық топ­тар жүргізді. Оның құрамында жұ­мыс беруші өкіл­дерімен қатар Жаңа­өзен кәсіподақ ұйымдарының жетек­шілері болды.

Біздің өндірістік филиалдарды қай­та құру туралы шешім қабылдауымызға себеп болған негіз қандай? Біріншіден, бұл өндіріс тиімділігін арттыруға арналды. Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, өндіріс шебіндегілерге кәсіпшілікті қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесінің шешім табуын ұзақ уақыттар бойы күтулеріне тура келді, кеніштерді жаңғырту, техниканы жөндеу проблемалары түйінінің тарқатылуы жылдарға созылды. Басқа­ру тетіктерінің болмауы өндірісте қо­йылған жоспарларды орындауға қол жеткізуге деген мүдделілікті біртіндеп бәсеңдетті. Екіншіден, мұндағы мақсат­тар­дың бірі жұмысшылардың әлеумет­тік мәселелерін шешуді көздеді. Оларды әлеуметтік қолдау жергілікті жерде шешіледі. Біздің өндірістік филиалдар жер пайдалану құқығын, дербес заңды тұлға мәртебесін иемденді.

Бүгінгі күні жұмысшы-қызметкер­лермен қарым-қатынаста алғашқы оң ілгерілеушіліктерді байқап отырмыз және өз шешіміміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Бұл шешімдер мыңдаған мү­шесі бар ұжымдардың ынтымақтасты­ғына және өзара сыйластыққа құрылған ішкі коммуникацияның дамуына жаңа серпін беруге ықпал етеді деген үміт­теміз. Біз ұжым ынтымақтастығының дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Мәсе­лен, Астанада спорттың 11 түрі бойынша ҚМГ БӨ компаниялары арасында алғашқы спартакиада өткізіліп, оған Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарынан 350-ден аса мұнайшы қатысты. Мұнай-газ кешені қызметкер­лері күніне орай «Үздік маман-2012» атты кәсіби шеберлер байқауының же­ңімпаздары болған «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» жұмыскерлерін салтанатты марапаттау рәсімін өткізіп, марапаттар мен сыйақылар табыста­дық. Бұл шара аясында, әсіресе, ҚМГ БӨ өнерпаз жұмыскерлері «Мұнай жұлдыздары» байқауы финалистерінің қатысуымен өткен гала-концерт мұнай­шы­лардың көңілінен шықты.

Сөз орайында бұлардың бәрі алдағы ауқымды жұмыстардың басы ғана екенін атап айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, жұмысшылармен қарым-қаты­настағы барлық мәселенің түйіні тар­қатылған жоқ, бұл бағытта атқарыла­тын шаруалар баршылық. Бір қуаныш­тысы, біз бұл істе жалғыз емеспіз. Мұнда бізге Мұнай және газ министр­лігі, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы әрдайым жан-жақты қолдау көрсе­туде. Шыны керек, олардың көмегі біз үшін өте құнды. Осының негізінде қыз­меткерлермен қарым-қатынасты жақ­сар­­туға бағытталған шараларымыз өзі­нің оң нәтижесін береді деген үміт­те­міз. Қазірге дейін тындырылған іс аз емес, ал алда атқарылуға тиісті жұмыстар одан да көп.

– Компанияның негізгі активте­рін­дегі «Өзенмұнайгаз» және «Ембі­мұ­найгаз» АҚ кен орындары бүгінде көнерген кеніштерге айналды. Бұл жобалар енді экономикаға кері әсер етпей ме? Олардың тиімділігі туралы не айта аласыз?

– Мәселені дұрыс қойып отырсыз. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» акцио­нер­лік қоғамының Атырау облысында 40 кен орны бар. Мұнай өндірісі мұнда 1911 жылы басталған, яғни кеніштердің пайдаланылғанына жүз жылдан асқан. Бірақ, үркетін де ештеңе жоқ. Сарапшылар 2011 жылғы 31 желтоқ­сан­дағы жағ­дай бойынша мұндағы 2Р санатын­дағы мұнай қорын 433 млн. баррельге баға­лады. «Өзенмұнайгаз» АҚ иелігін­дегі Өзен және Қара­мандыбас 1963 жылдан бері игерілуде. Олардағы 2Р санатын­дағы қор көлемі 1 228 млн. баррельді құрайды.

Әрине, кейбір кен орындарындағы тиімділік төмендейді, жер қойнауы сарқылады, өнім суланады, біз өндіріп жатқан мұнайдың өзіндік құны артады. Бірақ мұның барлығы табиғи процес­тер. Бұл – кез келген кенішті игерудегі заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда, Өзен және Ембі бассейнінде өндірудің ша­рықтау кезеңі өткені рас. Сонау бір 1970 жылдары Өзенде мұнай өндіру жылына 16 миллион тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 5 миллион тонна деңгейінде. «Ембі­мұ­найгаз» АҚ жылына 3 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді.

– Демек, өндіру төмендеуі байқа­лады ғой. Жағдайды жақсарту үшін компания тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр, мұнай өнді­руді ұлғайту мақсатында қандай жаңа технологиялар іске қосылады?

– Негізі, «Ембімұнайгаз» АҚ өндіру жоспарын орындап келеді. 2009 жылдан бері ҚМГ БӨ компаниясының өнді­рістік қиыншылықтары Өзен кенішімен байланысты. Мысалы, былтыр «Өзен­мұ­найгаз» 2010 жылдағымен салыс­тыр­ғанда, мұнайды 900 мың тоннаға кем өндірді. Бірақ, біз қамсыз отырған жоқпыз. Жақын арада Өзен кен ор­нындағы өндіру көлемін жылына 6-7 млн. тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін қойнауқаттардың мұнай беру мүм­кіндігін арттырып, мұнай өндіруді қарқындататын жаңа технологияларды қолдану бойынша бірнеше бағдарлама қабылданды. Мұнай өндіру мәселе­ле­рін шешу үшін еліміздің ғылыми-зерт­теу институттарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Биыл көлденең ұңғы бұр­ғыладық, ол ұңғы тәулігіне 30-40 тонна мұнай беріп отыр.

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық еңбегінде «экономи­ка­лық және әлеуметтік жаңғырту мүмкін­дігінше қатар жүргізілуі керек» екенін атап өткен еді. Біз қазірдің өзінде компания осы бағытта жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз. Бұған тағы бір айғақ, биылдан бастап «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» кеніштеріндегі өнді­ріс­тік нысандарды жаңғырту бағдар­ла­масы іске қосылды. Ол 2012-2014 жылдарды қамтиды. Техникалық қайта жаб­дықтаудың мақсаты – мұнай өндірісін арттырып, кәсіпорындардың экономикасын көтеру. Өзендегі өндірістік қуат­ты арттыруға бағытталған жобалар бұ­рын-соңды іске асырылмаған. Олар өндіріс тиімділігін көтеріп, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шарттарын жақса­р­туға бағытталған. Өндірісті жаңғыртуға 100 млрд. теңге немесе 700 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйы­ла­ды. Үш жылдың ішінде «Өзенм­ұ­най­газда» ұңғыларды тұншықтыру сұйық­тықтарын дайындау жөніндегі цех, жерасты құрылғыларын жөндеу және диагностикалау жөніндегі цех, мұнай кә­сіп­шілігі құрылғыларына қыз­мет көр­сету цехы, 1000 дана автокөлік пен арнаулы көлікке қызмет ететін орталық салынып, сұйықтықты жинау және тасымалдау жүйесі мен қойнау­қатқа су айдау стансасы жөнделеді. Ат­қарылған еңбектің алғашқы нәтижесіне желтоқ­сан айында куә боламыз – жақында ТМД елдерінде баламасы жоқ жерасты құрылғыларын жөндеу және диагностикалау цехын іске қосамыз.

«Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Жа­йықмұнайгаз» МГӨБ пен «Доссор­мұ­най­газ» МГЮБ кеніштерінде газды дайындау және тасымалдау жүйесі кеңей­ті­леді, енді Прорва кеніштерінде ілеспе мұнай газын күкірттен тазарту құрыл­ғы­сы орнатылады, Прорва – Те­ңіз мұнай құ­быры қайта жаңар­ты­лады, Ақінген – Аққұдық – Кі­­­­­­сімбай кеніште­рінен ұзын­дығы 61 ша­қы­­рымдық жо­ғары қысымды газ құ­бы­­ры салынады. Қазір Аққыстау – Бал­ғым­баев автожо­лының 12 шақырым­дық учас­кесі салынып жатыр. 2013 жылы жол­дарды жөн­деу жұмыстары жалғасады.

 – Алик Серікұлы, сіз басқаратын акционерлік қоғам бұған дейін жылдар бойы түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландырып келді ғой. Ал қазір өндірісті жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанға ұқсайсыздар. Бұл компанияның әлеуметтік саясаты өзгергенін көрсете ме?

– Әлеуметтік саясат кез келген компанияның ел арасындағы абыройына әсер ететін фактор. Біз мұны естен шығармаймыз. Сондықтан әлеуметтік жауапкершілік қашанда компания жұ­мы­сындағы басты бағыттардың бірі болып қала береді. ҚМГ БӨ құрылғаннан бері Атырау мен Маңғыстау облыстарында тұрғын үйлерді, денешынық­ты­ру-сауықтыру орталықтарын, бала­бақшаларын, сауықтыру лагерьлерін салуға, ауруханалар мен мектептерді жаңартуға миллиардтаған теңге қара­жат бөлді. Қазір де әлеуметтік саясат­тағы стратегиямыз бұрынғыдай қызмет ететін аймақтарды дамыту қалпында қалады. Әлеуметтік көмек жайлы айтатын болсақ, 2004 жылдан бері «Қаз­Мұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ Маң­ғыстау облысына ғана 12 млрд. теңге инвестиция жұмсапты. Меніңше, бұл аз қаржы емес.

«Өзенмұнайгаз» Жаңаөзендегі ең ірі жұмыс беруші және қаладағы негізгі кәсіпорын екені де айдан анық нәрсе. Акционерлік қоғамда шамамен 10 мың­дай адам бар. Олардың отбасыларын қоса есепке алсақ, кәсіпорын төңірегіне шоғырланған халық саны 60 мыңға жетеді – бұл қала тұрғындарының жартысына жуығы. Қызметкерлеріміз үшін өндірістен тыс өмірдің қаншалықты маңызды екенін түсіне отырып, компания қаладағы әлеуметтік нысандарды жаңартуға елеулі үлес қосып келеді. Соңғы төрт жылдың ішінде әлеуметтік серіктестік бағдарламасы және жер қойнауын игеру келісім-шарты бойынша міндеттемелеріміздің шеңберінде Маңғыстау облысы бойынша түрлі әлеуметтік нысандарды тұрғыздық. Олардың қатарында Жаңаөзен қала­сын­дағы 3000 орындық стадион мен денешынықтыру-сауықтыру кешені, 10 спорт алаңы, 63 аула алаңқайы, Қы­зылсай ауылындағы соғыс және еңбек ардагерлері үйі, Кендірлі демалыс ке­ше­ніндегі балалар сауықтыру лагері мен медициналық-қалыпқа келтіру ор­та­лығы бар. Аталған жобалардың құны 5 млрд. теңгеден асады.

Биылғы жылы Жаңаөзен қаласында ҚМГ БӨ қаражатына 200 пәтерлі тұрғын үй салынып бітті. Осы аймаққа сапары барысында Премьер-Министр Серік Ахметов қоныс иелеріне пәтер кілттерін тапсырды. Осылайша, жаңа пәтерге ие болғандар үшін мерекенің маңызы арта түсті. Біз балалар үйлері мен мүгедектер қауымдастықтарына, спорт ұйымдары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне үздіксіз көмек көрсету­деміз. Бір сөзбен айтқанда, жобалар көп және аймаққа бөлінетін әлеуметтік көмекті азайту жоспарымызда жоқ.

– Сіздің сөзіңізге қарағанда, бүгін­де барлық күш «Өзенмұнайгаз» бен Жаңаөзенге жұмсалып жатқан секіл­ді. «Ембімұнайгаздың» жағдайы қа­лай, сонда?

– «Ембімұнайгазда» да ірі әлеумет­тік жобалар іске асырылып жатыр. Нақты мысал келтірейін. Биылғы жыл­дың көктемінде ҚМГ БӨ Директорлар кеңесі Байшонас және Ескене ауылда­рының тұрғындарын облыс орталығына көшіруге 5,4 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл екеуі де «Ембімұнайгаздың» мұнай кеніштеріне орналасқан ауылдар еді. Ал осы кен орындарының игерілгеніне 80 жыл болды, мұндағы «қара алтын» қоры жыл­дан-жылға сарқылып барады. Сондық­тан кеніштің тиімділігі мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Өндіріс көлемі азайған сайын мұнда жұмыссыздар саны артты, ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы жарамсыз халге жетті. Тұрғын үйлердің 80 пайызы қирауға шақ қалды. Су құбыры бұзылғандықтан, үйлерге су жетпейтін болды. Мұның бәрін мен өз көзіммен көрдім, жергілікті халықтың қазіргі тұрмыс ахуалы жаныма батты. Міне, сондықтан бірнеше күн бұрын ескене­ліктерді Атырауға көшіре бастадық. Олар жаңа үйлерден пәтерлер алды. Ендігі кезек – байшонастықтарда. Қоныс аударудың барынша ұйымдасқан түрде өтуіне күш салдық. Ауылдағы үйлерін бұзып аламын деушілерге бір ай уақыт бердік. Одан соң комму­нал­дық үйлер бұзылады.

Қалаға қоныс аударатын халықтың ішінде сегіз жүзден аса бала мен жас­өспірім бар. Облыс орталығында олар үшін сапалы білім беретін үлкен мек­теп­тердің, спорт секцияларының, музыка мектептерінің, мұражай мен театр­лар­дың есіктері айқара ашылатыны көңілімізге медет.

– Сiз қазiр Астанадан гөрi Маң­ғыстау мен Атырауда көбiрек болатын сияқтысыз.

– Оныңыз рас. Мен осында келгенде уақытымның көбін осы аймақтарда өт­кi­земiн. Астанада аса маңызды мәселе­лер шешiлетiнi де шындық. Бiр кездерi мұнда 400 адамнан тұратын қомақты штат бар едi. Қазір оны 25 пайызға қыс­қарттық. Оның өзiн тағы 50-60 адамға қысқарту ойда бар. Бiздiң аста­налық кеңсемiз жылжымалы болуы керек. Солай болды да. Ұжымды басқару саясаты түбiрiнен өзгердi. Кәсiпорын­дардағы жағдайды тұрақты түрде мониторингтен өткiземіз. Проблема болды ма, дереу шешедi, қолдарынан келмесе бiздiң алдымызға қояды. Мұнда маған 20-30 адам көмектеседi. Құрылымда көп нәрсе өзгердi. Қазаннан бастап ӨМГ мен ЕМГ қайта бөлек акцио­нер­лiк қоғам атанды. Оның өзi оңайға түс­кен жоқ. Өйткенi, олардың жеке акцио­нер­лiк қоғам болуына келiспейтiндер де жеткiлiктi едi. Бiз бiр орталықтан басқаруды бастан өткердiк. Не өзгердi? Ең бастысы, ол неге алып келдi? Қыз­мет бабын асыра пайдаланушылық пен шектен шығудың нәтижесi көз алда­ры­ңызда. Әрине, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» бас акционер ретiнде бақылау­ды уыстан шығармайды. Онсыз тағы болмайды.

– Алик Серікұлы, жыл басынан бері ҚМГ БӨ кәсіпорындарында әлеуметтік және өндірістік жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп жатыр. Мұнайлы аймақ­тарда қазір тағы қандай өзекті мәсе­лелер бар?

– Мұнай саласын еліміздің экономикасын дамытатын локомотив деп біледі көбі. Алайда, мұнайшыларды ел-жұрт­тан жасанды түрде бөле-жарудың қа­жеті жоқ. Біздің компания ел тынысынан шет қалған емес, біз көпшілікпен бірге күрделі мәселелерді шешіп, мем­лекетіміздің жетістіктеріне қуанамыз. Бүгінде ҚМГ БӨ мұнайшылары мен олардың отбасылары Қазақстанның Па­риждегі жеңісіне айрықша қуанып жатыр. 2017 жылы ЭКСПО Астанада өт­пек. Компания мұнайшылары атынан күллі Қазақстан халқын, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты бұл тарихи жеңіс­пен құттықтаймын. Халықаралық бе­дел­­ді көрме еліміздің экономикасын дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біздің Отанымыз мұнайлы мемлекет ретінде ғана емес, иннова­циялық жетістіктерге бет бұрған, жаңа технологиялар мен адам капиталын дамытуды көздеген ел ретінде әлемге танылатынын мақтан тұтамыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында осы атаулы мерекемен Елбасын және бүкіл қазақ­стандықтар­ды құттықтаймын! Тұң­ғыш Президент­тің жетістікте­ріне халық шынайы құр­метпен және сеніммен қарайды. Елбасы барша­мызға нақты бағыт-бағдар бе­ріп, стратегиялық мақсат-міндеттер қоя­­ды, осының арқасында мұнай-газ са­ласы ғана емес, бүкіл ел даму жолына түсті. Мұның бәрі бізге тұрақты даму мен ілгерілеуге күш-қуат беріп, ер­теңгі күнге деген сенімімізді арттырады.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет.

Әңгімелескен

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».