Ерекшелігі сол, Жаңа жылдың бас кейіпкерлері қар мен мұздан емес, ағаштан жасалған. Иә, Алтайдың ағашынан. Тамаша туындының авторы – жергілікті шебер Иван Куртуков. «Аяз ата мен Ақшақарды жасап шығу оңайға түскен жоқ. Лайықты материал табу қиынға соқты. Осы ретте Малеев ауылдық округі көмекке келіп, сынған терек тауып берді. Туындысы сәтті шығуы үшін Иван күн, түн демей, бір жарым-екі ай тер төкті. Аяз атаның биіктігі 2 жарым метр, салмағы 700 келі тартса, Ақшақардың бойы 2 метр, 300 сантиметр, салмағы – жарты тонна», - дейді шебердің жұбайы Юлия Куртукова.
Алтайдағы Аяз ата мен Ақшақардың тағы бір ерекшелігі, табиғи қалпының сақталғанында. «Ағаштың табиғи көркемдігін сақтау мақсатында оңды-солды бояудан бас тарттық. Тек лакты аздап пайдаландық», - дейді мүсінші Иван Куртуков.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы теректен бедерленген ерекше мүсіндер аудан әкімінің тапсырысымен және жарамсыз ағаштарды ысырап етпей, кәдеге жарату мақсатында жасалғанын айтады. «Шыршаның шамын кеше салтанатты түрде жақтық. Тұрғындар дән риза. Туындыны тамашалауға келіп жатқан жұрт көп», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы