Туризмнің дамуында Түркістан қаласының алар орны ерекше екені мәлім. Жыл басынан бергі 11 айда қалаға келген зияратшылар мен туристер саны 1 136,5 мыңға жеткен. Оның ішінде алыс-жақын шетелден 37,9 мың турист келді. Яғни 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда туристер мен зияратшылар саны 3,6 %-ға немесе 39,2 мың адамға артып отыр. Келген туристер мен зияратшыларға көрсетілген түрлі қызметтер көлемі 5143,4 млн.теңге болып, қаладағы ЖӨӨ-нің 7,5 %- ын құраған.
Бұл деректерді Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев биылғы 11 айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен брифингте мәлімдеді. «Келушілерге ыңғайлы жағдай жасау арқылы, тұрақты табыс табу көзін қалыптастыру басты мақсатымыз болып отыр. Бұл тек қала көлеміндегі мәселе емес. Түркістанды туристік өңірге айналдыру мақсатында республика көлемінде және облыс әкімдігінің ықпалымен кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, соңғы 5-6 жыл көлемінде қала аумағында туризм саласын жетілдіру үшін 10-ға тарта нысан бой көтерді. Оның ішінде, өңіріміздегі қасиетті орындарға баратын жолдар салынып, инфрақұрылымдары қалаптастырылды. Қаламызда жалпы саны 22 қонақ үйі жұмыс істейді (978 орын). Сондай-ақ, қазіргі таңда, Түркістан қаласы бойынша «Тұран-Саяхат» және «Нарбеков» туристік ұйымы саяхатшыларға қызмет көрсетуде», - деді қала әкімі.
Жуырда іргелі жобалардың бірі «Rixos Hadisha Turkistan» кешеніне және «Әкімшілік іскерлік орталығына» қажетті жер белгіленіп, алғашқы қазығы қағылды. Сонымен қатар, уақыт өткен сайын саны артып жатқан туристер үшін қалада заманауи үлгіде тәулігіне 60 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар жаңа «Роял Гранд Холд» қонақ үй кешені іске қосылған. Қала әкімі Ә.Өсербаевтың айтуынша, жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында қаланың өңірлік өнімі 68,1 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көрсеткіш 103,1 % артқан. Ал халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 412, 6 мың теңге болған. Сондай-ақ қала әкімі Түркістанның әлеуметтік-экномикалық әлеуетінің биылғы көрсеткішіне салалар бойынша жекелей тоқталып, толық мәліметтер берді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы