Үпелек
Соңғы кездері Оқапты туған ауылы, ондағы қыр суреттері, әсіресе өзеннен балық аулап, жағадан шөп орған кездері көз алдын кес-кестейтін боп жүр. Таңғы таза ауада көк құрақтың бұрқыраған иісі қылы сыртқа қылтиған қоңқақ танауына шым-шымдап келіп, сол шөпті уыстап ұстап, сол иісті құшырланып иіскегісі-ақ келеді. Мырс ете қалатыны, міне, жарты ғасыр болыпты, қаланың иісін иіскегелі. Тұрғын үй басқармасына сантехник-жөндеуші боп орналасқалы да осыншама уақыт өтіпті. Ауылдан әскерге аттанды. «Жауырының жалпақ әрі жүзуден алдыңа жан салмайды екенсің», деп Қара теңізге қалдырды. Үш жыл матростың алабажақ жейдесін киіп, теңізге қарап тұрып төзімі таусылып, елді сағынды. Ол да болса қазір аңсары ауып, армандап отырған Сыр суының сиқыры. Бала күнінен ағын суға тік шаншылып сүңгіп, жүзуден алдына жан салмай, арнаның арғы бетіне демалмай барып-қайтпаса, буырқанған Қара теңізде қызмет етуге қалдырушы ма еді. Бүгін ғана: «Туған жер, бәрі сенің арқаң», деп жетпіске кеп есін жиып, дір-дір етіп дамылдап отыр.
Соңғы кездері Оқапты туған ауылы, ондағы қыр суреттері, әсіресе өзеннен балық аулап, жағадан шөп орған кездері көз алдын кес-кестейтін боп жүр. Таңғы таза ауада көк құрақтың бұрқыраған иісі қылы сыртқа қылтиған қоңқақ танауына шым-шымдап келіп, сол шөпті уыстап ұстап, сол иісті құшырланып иіскегісі-ақ келеді. Мырс ете қалатыны, міне, жарты ғасыр болыпты, қаланың иісін иіскегелі. Тұрғын үй басқармасына сантехник-жөндеуші боп орналасқалы да осыншама уақыт өтіпті. Ауылдан әскерге аттанды. «Жауырының жалпақ әрі жүзуден алдыңа жан салмайды екенсің», деп Қара теңізге қалдырды. Үш жыл матростың алабажақ жейдесін киіп, теңізге қарап тұрып төзімі таусылып, елді сағынды. Ол да болса қазір аңсары ауып, армандап отырған Сыр суының сиқыры. Бала күнінен ағын суға тік шаншылып сүңгіп, жүзуден алдына жан салмай, арнаның арғы бетіне демалмай барып-қайтпаса, буырқанған Қара теңізде қызмет етуге қалдырушы ма еді. Бүгін ғана: «Туған жер, бәрі сенің арқаң», деп жетпіске кеп есін жиып, дір-дір етіп дамылдап отыр.
Үш жылдан кейін Алматыға кеп оқуға тапсырғанмен, балы жетпей ілікпей қалып, тұрғын үй басқармасына жұмысқа тұрды. Үш жыл кеме үстінде жүріп үйренген орысшасы жұмысқа тұруға жетіп-артылды. Әйтпесе орысша «аузың кәне десе мұрнын көрсететіндер» бұ жерге бас сұға алмайды. Әуелі үйренуші боп еңгезердей ішкіш орыстың артынан еріп жүріп, әр үйдің әжетханасын тазалады. Бес жылдан кейін өзі үйретуші болды, бірақ бәрібір істейтіні сол жұмыс, иіскейтіні сол иіс. Бір таңғалатыны – қазағы аз астанада қазақтың бұзылған әжетханасы тап-таза, бөтен иіс аз, бұзылған жердің ғана бұрандасын бұрайсың, ал сары шаштың әжетханасына кірсең әлемтапырыққа әрең шыдайсың, арнайы тұтқышпен танауыңды көлегейлесең де өткір иіс өңменіңнен өтіп кетеді. Бұлар үйде ит ұстайды, адам мен иттің нәжісі қосылып, ағын судың арыны жетпей кептеліп қалғасын дайын сантехникті шақыра салады. Ол бақанмен түртіп, сар еткізер ожауын қатайтып, кейде қайта жаңалап, жаны ашып тұрып ақылын айтса: «Бұл сенің міндетің», дейді үй иесі дүрсе қоя беріп. Қазақ болса: «Рахмет, амалсыздан шақырып отырмыз, рахмет!» деп асты-үстіне түседі. Бір күні унитаз-ұраны жөндеп боп, көкке қараған орыстың кәрі әйелінің тұлғасына көз жүгіртті. Түйенің өркешіндей бөксесі әжетханаға әрең сыйып тұр.
– Сізге, бәлкім, екі унитазды біріктіріп берермін, – деді жағал-жағал үңірейген ұраға бір қарап қойып. Ұраның сыртына дейін былғаныш.
– Қолыңнан келсе қос, көріп тұрсың ғой пормамды, қайыршы,– деп ауыр бөксесін бір бүлк еткізді.
– Туалетке қалай отыруды білмейсің, – деп ренжіп шығып бара жатқанда артынан барылдаған дауыс естілді.
– Бұл сенің міндетің…
Сол сәт арт жағынан ағаш еденді шып-шып басқан бір дыбыс шықты да, арс еткен ит арқасына асыла кетті. Әпсәтте бір қап ұн көтергендей белі бүгіліп бүкшиіп, тілден қалды.
– Хватит, Гоша, достаточно! – деді бөкселі әйел бұйрық раймен.
Сонан кейін ит ұстаған үйде жан-жағын барлап, байқап сөйлейтін болды.
Мойнында ит тырнағының ізі тыртық боп қалды.
Бұрын, Кеңес кезінде, қай жерге барсаң да сөзіңмен санасып, оңды талабыңа жауап беріп, тәжірибеңді жұртқа айтып, үлкенге аға, шәкіртке ұстаз боп жүруші едің. Қазір билікке бизнестен келген солқылдақ баланың: «Көрерміз», деген сөзінің ақыры жыланның ізіндей жылжып кете береді. «Қойшы, мен базардан қайтқан адаммын, енді құрақ иіскеп, қармақ салғым келеді», деп оқыс қимылдады. «Шалбарымды үтіктейін. Әйел барда айтқызбай-ақ қыры қылыштай боп тұрушы еді. Ол да артта қалған бір дәурен. Әйел Кеңсайда жатыр. Жалғыз бала Калифорнияда нан тауып жүр. Біз не жесек те өз елімізде жеп, не иіскесек те өз елімізде иіскедік қой. Міне, екі жылдан асып барады кеткеніне», деп Оқап орнынан тұрғанда сұңғақ тұлғасы сәл еңкіш тартқанын қарсы беттегі кісі бойындай тіп-тік айнадан анық байқап қалды. «Өмір бойы тырбанып жүріп алғаным екі бөлмелі панель үй. Бесінші қабат. Алматыны мекендеуші тұрғылықты ұлттың пешенесіне жазылғаны осы». Ол қара шалбары мен шұбар бауы салбыраған үтікті тауып алды да, түртінектеп тағы бір нәрсе іздеді. Әрі іздеп, бері іздеп, қатар-қатар тізілген он бес шақты кітаптың үстінен шаң басқан сарғыштау қағазды көрді. Іздегені осы еді. Басқарма бастығының атына жұмыстан босатыңыз деп өтініш жазбақшы. «Зейнетке шыққасын да жеті жыл нанын жеппін. Енді жастар жесін, біреуді несібесінен қақпайын». Оқап шалбарын үтіктеуден бұрын өтініш жазуға отырды. «Жұмыстан босатуды сұраймын», деп нүкте қойғанда жаны жеңілдеп қалды. «Қол қояр ма екен?». Басқарма бастығы – көзі шатынаған көкбет әйел көлбең ете қалды. Ол сарғыш қағазды төрт бүктеп әлі үтіктелмеген шалбарының қалтасына сүңгітті. Үстінен ыстық үтікті арлы-берлі жүргізіп, біреуден өш алмақ болғандай қимылдады.
***
Пойыз орнынан мимырт қозғалғанда жетпістегі Оқап балаша қуанды. «Ауылға шынымен бет алғаным ба? Көк шөптің иісін иіскегенім бе? Көк құрақты көргенім бе? Бір тіп-тік қызыл жыңғыл табылар қайдан болса да». Қаланың дүкенінен қармақ алғысы келді де, ол төрт бүктеп сөмкеге салғасын сабы бүктелген қармақ болмай ма деп, жарты жолдан кері қайтты. «Сабы бүктелген қармаққа балық түспейді. Бала күнімізде қызыл жыңғылға жилка-жіп байлап-ақ қатыратынбыз». Ол тағы да күлімсіреді. Шортан түссе көңілдері қоңылтақсып, жылан-балық түссе жерге ызамен қайта-қайта ұрып, тастап кететін. Жылан-балық тіріліп кетіп, жылжып-жылжып кеп адамды шағады екен деген күдік бала көңілдің ұшында тұрса, мөлт-мөлт еткен таза көңіл тамшылап тек сазанды іздейтінін ойлап миығы тартты. «Сазанда қылтық болмайды, балықты жердің балдары бұны біледі», дегенмен, сол балықты жерге бармағанына қанша заман болды. Алған айлығы ішіп-жемнен артылып, әйелі екеуі Ыстықкөл мен Алакөлге барып суға жүзгеніне мәз. «Ағайын да мені ұмытқан шығар, – деп қара кеспе киген кемпірді көз алдына әрең елестетті. – Аталас ағамның әйелі. Соның үйіне барып жатамын. Кәмпит-сәмпит те алмадым. Кілең бір шетелдің шоколады. Олар мәмпәси, сосын аты не еді, анау іші былжырақ домалақ кәмпитті ұнатушы еді. «Өзің алып же» деп ақша ұстатам. Жамбас пұлымды төлеймін», деп қала адамының мінез-құлқына сап қабағы түйілді.
Кеше әлгі басқарма бастығы әйел арызын оқып, кекеткендей болды.
– Үйренген ісің ғой, істей бермейсің бе?
– Өзің шыңына шыққан кәсібің ғой деп неге айтпайсың, – деп бұл шаңқ ете қалды.
– Оқап Әспетович, бұрын мұндай емес едіңіз? – деп көздері кіртиіп қиыла қарады. Күш көрсетсең кішірейе қалу – әдеті.
– Мен жетпістемін ғой. Ең болмаса, жөндеп сөйлеспейсің бе?
– Оқап Әспетович, өзіңізді сән-салтанатпен шығарып саламыз. Сіз еңбек сіңірген адамсыз ғой…Біз Алматыда қатар өмір сүріп келе жатқан жоқпыз ба?…
– Жоқ, қазір Алматы да, адам да өзгерген, – деп ауыр бұрылып шыға бергенде бойы көк тіреп, сәл еңкіш тартқан төртпақ тұлғалы шалдың жон арқасына сескене қараған көкбет әйел сәл қылымсып: «Вот, матрос!» – деді…
Төрт адамдық купе өзіне тарлық еткендей. Үстінде жатқан үріп ауызға салғандай жап-жас қызға:
– Қарағым, астыңғы орынға түскің келе ме? – деді.
– Неге, ағай, сіз үшін асты удобно емес пе? – деді ол қазақшаны тілі бұралып әрең сөйлеп.
– Жоқ, мен жоғарыны ұнатып тұрмын.
– Проблем нет, – деп қамдана бастады.
Оқап жол бойы оңтүстіктің қызыл жыңғылы мен ақ сексеуілін көргенде жан сарайы желкілдеп, етпеттеп жатқан күйі бір рахат әлемге сүңгіді.
«Неге ат ізін салмай кеттім ауылға? Ыстықкөл мен Алакөлде лыпа киіп жүргеніме мәзбін. Ауылдың Сасықкөліне жетер ме екен соларың. Жел өтіндегі ауылдан қашып… «Ғарыш айлағы зиян, оның үстіне уран шығып жатыр», деп марқұм әйелім-ақ бастырмады. Зиянсыз жерде жүріп-ақ өмірден өтіп кеттің ғой, жарықтығым. Бәрі өзімнен. Мен сонда тудым. Аты Сасықкөл болғанмен, Алматының үйлерінен таза», деп өзін-өзі айыптады. Жетпіске келгенде ақыл кіріп… Мен сияқтылардың немере-шөбересі бар. Ал тұяғым Калифорнияның көсегесін көгертіп жүр. Сол жақтың көк шөбімен мауқын басып жүрген шығар». Қызыл жыңғыл мен ақ сексеуілді, аракідік сұңғақ бойлы сұлу қайыңды көріп қалған Оқап көкпеңбек боп тұнып тұрған миқы құрақты аңсады. «Шіркін, бырт-бырт еткізіп бала күнімдегідей орақты бір салсам ғой. Жеңгем Бибайшаның бір қыстық мал азығына көмектессем», деп етбеттеп жатып ап езу тартты.
– Аға, шәй ішпейсіз бе? – деді орнын ауыстырған қыз жоғарыға мойнын созып. Тұла бойы шым ете қалды. Мұндай мәйім сөзді естімегелі қай заман. «Мен саған аға емес, әкемін», дегісі келді де, іркіліп қалды. Осыған да шүкір. Жүр ғой есіктің алдында: «Дядя, привет!» деп. Жүр ғой Калифорнияда ағылшынша амандасып».
– Қазір, айналайын! – деп оқыс басын көтеріп, жерге түсті. Қимылы ебедейсіз. – Қазір қолымды шайып келейін.
Пойыздың әжетханасына кірді. Үңірейген унитаз тағы да алдынан шықты. «Сенен құтылатын күн де жақын. Сенің кем-кетігіңді түгендеп, бұзылған жеріңді жөндеуден біржола кеттім. Енді сені өмірі көрмеспін», деп жазық даланың кең қолтығына кіргендей боп теріс айналды. Жылы суға алақанын тосты. Үңірейген ұраға жон арқасын беріп, дәлізге шықты. Қазір қаракөз қыздың шәйін ішеді. Пойыздан түскесін кең даланың құшағына көміледі. Адамға не керектің бәрі осы далиған даланың құшағынан табылады, далиған дала адамның табанын иіскеп, қызмет қылуға дайын тұр. Тек өзіміз оны шұқыр ғып қазып, шүңірейтіп тастап кетіп жүрген».
Адам шау тартқанда бәрін аңсайды екен. Табиғат құшағында қалған бала күнгі әрекеттерін еске алған жетпістегі Оқап сондай асығулы. Түсінде кілең Ай көреді. Ай Аспанда, өзі жерде. Қасиетті Ай ымдап өзіне шақырып тұрғандай. Қазір дүрсілдеген пойыздың үстінде келе жатқан жолаушы. Жолдың да ақыры бар. Ақырына жеткен жолаушы түсіп қалады. Ол не де болса жол бітсе екен деп тіледі. Көк шөпті иіскеп, Қызылдың құмына табаны тигенше жаны төзбей дызақтап, жер-жаһанға сыймай отырған жайы бар.
***
Бәкене есіктен төмен иіліп, бейтаныс біреу кіріп келе жатқанда дастарқан басындағы Бибайша кемпір селк ете қалды.
– Астапыралла, бұ кім, әй, – деді қарға адым жердегі адамға алыста тұрғандай айқайлап.
– Бұл – мен. Оқап дегенді білесің бе?
– Астапыралла. Орыс келіннің байысың ба?! Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау.
Кемпір аңырап қоя берді де, өзі ме, өзі емес пе дегендей сәл тыйылып, бетіне бақырая қарады.
– Өзімін. Орыс кетіп, қазақ қалды. Қасыңа келіп тұр.
– Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау, – деп қайта боздады.
– Қой енді. Шалыңды көргендей болдың ба: – Оқап даусы зор шүйкедей сидам кемпірді жұбатты. – Енді шәйіңді құй.
– Ойбай, сенен немді аяйын. Өз көзіме өзім сенбей тұрғаным ғой.
– Үйренесің. Көздің үйренбейтіні жоқ.
– Қатының өлді. Балаң қайда. Үйленді ме? Өзің де біреумен бас қосқан шығарсың…
– Үйленсе, сені тойға шақырмаймын ба? Өзім де салтпын.
– Ұлың қайда жүр?
– Жүр ғой әйтеуір. Аман.
– Аман болса, болғаны. Қандай жігіт едің. Баяғыда әскерден жолақ-жолақ көйлек киіп келгеніңде біз жаңа түскен келін едік. Сенің жолақ-жолақ көйлегіңе, бұлтиған бұлшық етіңе қызыға қарайтынбыз.
– Бұлшық ет әлі де бұлтиып тұр…
– Әй, бұрынғыдай емес шығар.
Аталас ағасының зайыбы – Бибайша жеңгесі екеуінің сөзі жарасып кетті.
– Саған кәмпит-сәмпит әкеле алмадым. Әкелгенім ұнамай қала ма деп… Сен ішінде майы бар былжырағын ұнатушы едің ғой. Өзің таңдап аларсың, – деп алақанын толтырып бір уыс теңге ұстатты.
– Ішінде майы барына дейін ұмытпапсың. Қазір ондай кәмпит құрыды ғой. Кілең қақайып қалған бірдеңе. Қой, мен қазанға ет салайын.
– Асықпа, балдар қайда?
– Бала мен келін жұмыста. Кішкентай сабақта.
– Немерең келгесін мені Сасықкөлге апарсын. Жерді көріп, қармақ сап қайтайын.
– Қармақ салғаны несі, келмей жатып. Бір күн, ең болмаса, шәниіп жатсайшы. Қазір-ақ қазан қайнайды бұрқылдап.
– Саған балықтың сорпасын ішкізейін деп ем. Сазанның сорпасы бал ғой, – деп Оқап бір кесе шәйін ішіп, кесенің бетін басып, есік алдына шықты.
– Әбден қалада жүріп, кісікиік боп қалған ғой. Келмей жатып балыққа барғаны несі… – Бибайша орнында отырып күбірлеп қалды.
Ол қауындыққа кірді. Бұрынғы қауын егетін оқ арықтар тегістеліп, жап-жалпақ жоңышқалыққа айналыпты. Көк майсаның басы иіліп, көкпеңбек боп көздің жауын алып жайқалып тұр. Екі қарықтың үстін қып-қызыл боп топ-томпақ қызанақ көмкеріпті. «Оу, қауын қайда? Теңкиіп-теңкиіп жататын күләбі қайда?» «Жер тұзданып кеткен. Байқоңырдан соққан жел қауын гүлін жапырып, жермен-жексен ғып кетеді». Тәуелсіз газеттің сөздері Оқаптың басына тық ете қалды. «Тық десең, тауыққа тиеді». Соны оқып: «Оттапсыңдар!» деп өз-өзінен ожырайып еді, енді көзімен көріп тұр. Қауындықтың шетінде сары қамыспен қоршалған төбесі ашық төртбұрыш әжетхана. Бүкіл өмірі осыған қатысты болғасын ба, көңіл аудармай тұра алмайтын бір кеселі бар. «Ашық аспан астындағы әжетхана иіс-қоңыстан ада, жөндейтін кәкір-шүкірі де жоқ. Қайтқанша қара топырақпен дөңкитіп көміп тастап, кәкірейтіп жаңасын соғып берем. Бұ да тіршіліктің тартуы». Дала шіркінмен шендескен далиған көңіл дарақылығына басты.
Күз түссе көк құрақтың қамыс құлағы ұзарып, төбесі сарғайып, шашақталып кетеді. Бұны үпелек дейді. «Үпелек қамыс атаулының төбесіндегі ақ шашы секілді ме-ау…», деп өзі де қауын басын көмкерген бозғылт шашын бір сипап қойды.
Ол Бибайшаның немересін күтті. Тезірек ауыл шеті – иен далаға шығып, суға төніп отырып қиял кемесіне жайғасқанша жаны төзер емес. «Бір қызыл жыңғыл табылар қармақ сапқа».
– Әруаққа Құран бағыштап қайтайын.
– Ә-ә, бұ сөзің дұрыс. Ет піскенше қайтып келерсің.
Үш кітабын қолтығына қысып, Бибайшаның немересі Жасағанберген де жетті.
– Қармаққа баруға қалайсың?
– Немен, жаяу ма?
– Жаяу.
– Есекпен барайық.
– Ертте.
Екеуі екі есекке мініп, мәшісі алға түсті. Жасағанберген жайдақ жон арқаға көрпе төсегендей жап-жайлы қонжиып алды. Оқап сирағы салбырап, жерге табаны тие бергесін жаяу жүргісі келді. Аяғын үзеңгіге салса, тізесі шодырайып, ер басына жетеді.
– Мен табаным тесілгенше жаяу жүремін, – деді балаға қарап.
Жасағанберген тіп-тік қызыл жыңғылдың басына жилка-жіп байлап, шараптың тығынын қалтқы ғып іліп, қатырып қармақ жасап берді. Мойны жыбыр-жыбыр еткен әңгі бала мінген мәшінің соңынан бір елі қалмай дызақтап еріп келеді. Ең соңынан жаяу ілескен Оқап айналасына көзі тоймай қарайды. «Мынау сиыр баздың орны ғой».
– Жасағанберген-ау, сиыр баз қайда?
– Бұзып алған.
– Кім?
– Осы ауылдың дәулері.
Жасағанберген жауаптан жалтарар емес.
«Мынау күріш сақтайтын қойманың тұсы секілді».
– Қойманың орны ма, Жасағанберген?
– Иә, көке. Оны да бұзып алды әкімдер. Мен ақыры өздері бермегесін, түнімен ұрлап, тәшкімен біраз кірпіш тасып алдым. Сол қызыл кірпіштен жұрт үй соқса, біз ошақ соқтық. Қалғанына қатырып әжетхана соғайын деп отырмыз. Ол да ескіріпті. – Бала ыржия қарап, бар шынын айтты. Бұлар үшін ұрлық істеу бұл күнде ерлік істеумен бірдей секілді. Әжетхананың аты аталғанда тіксініп қалған Оқап бірте-бірте иліге бастады. «Қайда барсаң да алдыңнан табиғи қажеттілік тастайтын орын шығады. Онсыз өмір жоқ, екінің бірі, егіздің сыңарындай нәрсе. Адамда асқазан барда әжетхана бар».
Сыз иісі мұрын жарған дөңгелек көл көзге шалынды. Иісті алыстан ажырату қанына сіңген әдеті, шыңына шыққан кәсіптің дағдысы. «Мынау таза саз балшықтың иісі, қаладағы үйде кептелген сода қосқан бөлке нан мен доңыз шұжығының қоспасынан шыққан иіс мүлде бөлек». Ол тұлабойын босатып, танауын қытықтаған иіске балаша мәз боп мәстек есектен ырғып түсті.
– Осы жерге қармақ салайық.
– Бұл жерде кілең итбалық пен жыланбалық қабады. Сазан Иіркөлде ғой, көке!
«Көке!» деген сөз жанын иітіп жіберді. «Жалғыз ұл Калифорнияда не деп жүр екен!» деп те тұла бойы дыз ете қалды. Жыңғыл сапты қармақты қолына алды. Бала да мәстек есектің арқасынан ырғып жерге түсті. Басы бос екі есек сары қамыстың арасында адам өкшесінің тепкілеуінен құтылып, көзден таса болғанда бойлары босап, төрт аяқты тең тастап, бір-біріне жанай тұрды.
Ол қармақты суға лақтырып, жүрелей отырды. «Мынадай хош иіс жер бетінде жоқ шығар. Қара теңізді де көрдік. Балдырдың иісі бет қаратпайды. Сасықкөл деген атынан шошығандар шоши берсін. Мұндай иіс жоқ жер бетінде. Топырақ иісі, өзіміз жастанатын жер иісі ғой мынау». Ол шешініп суға түскісі де келді, бірақ күз күнінің желкемінен су беті жыбырлап, құрақ басы ырғалып тұр. Биылғы құрақтың сорайған бойы болмаса ұшар төбесін әлден-ақ үлпілдеп үпелек қаптап кетіпті. «Көк құрақтың күні біткенде келіппін-ау», дегендей бір зуыл көкірегінен жүгіріп өтті. «Пішен жинай алдыңдар ма?» деген өктем даусы да әнтек шығып кетті. Табиғат өскінінің маусымы өткеніне өкінішпен қарап отырғандай.
– Көке, қазір бұрынғыдай шөп дайындамаймыз. Қолда көп мал да жоқ. Әркім қолда бар малына шөп сатып алады. Осыдан осылай Байқоңырға дейін көк шөп көрмейсіз.
«Жердің көркін келтірген көк шөп, сен де барыңды Байқоңырға бергенсің бе?!». Ол бойы сорайып, ұшар төбесін үпелек басқан қияқ жапыраққа қарап отырып қармағының бүлк-бүлк қапқанын байқамай қалды. Шарап бөтелкесінің тығыны қалтқы боп лай суда бір батып, бір шығып лықсып тұр.
– Көке, қапты, тартыңыз, – деп Жасағанбергеннің жан даусы шықты.
– Сен тарт, – деп иегімен қармақтың жыңғыл сабын нұсқады.
Бала шалт қимылмен тартып қалғанда сып-сидам жіңішке балық сумаң етіп судан суырылып шыға келді.
– Бұл жылан балық. Ағылшын тілінде stone eel дейді. Кеше ғана жаттағанбыз. – Жасағанберген мұрнын бір тартып қойып, басқа тіл білгеніне мәз боп тұр.
– Жасанжан, Байқоңыр қанша жер? – деді өкінішіне себеп-салдар іздегендей көңілін тұсап.
– Бермен қарай жылжып келеді дейді, көке! Оларда айтылған Ресейдің Әнұраны бізге естіліп жатады.
Бала болса да Жасанжан бәрінен хабардар. Бір тұншыққан ызасы да бар көңілінде.
Қармаққа түскен жыланбалық сазды жағалауда тыпыршып жатыр.
Оқап баланың көз жанарынан бір дегені болмай тұрған кереғарлықты байқады да: «Сен лақтыршы», деп иегін қақты. Ол сызды жерде тыпыршыған терісі теп-тегіс, қабыршағы жоқ, жыланға ұқсас иір-шиір балықты суға сермей лақтырып, Оқапқа қарады.
– Кетейік. Қорымға барайық, – деді Оқап балаға мойынсұнып.
Өзі Қара теңізде матрос боп жүргенде әкесі өмірден қайтты. Жатқан жерін де дәл білмейді, белгі қою ойында да болмапты, ол кезде құлпытас қою бұл ауылдың үрдісінде жоқ еді.
Темірмен қоршалған қорымның қақпасы алдында жүрелеп отырып құлқуалланы үш рет қайырды. Әкесінің атын атады. Сол сәт Жасағанберген суға қайта лақтырған жыланбалық арқасын шым еткізіп шағып алғандай бір сумаң ой бізін қайта-қайта қадады: «Ертең менің атымды кім атар екен?..»
Құмшауыт қорым нар қамыстан көрінбей қалыпты. Орақ тиіп оталмаған қамыс құлақ жапырақтар әруақтар жатқан жерге көлеңкесін түсіріп, Күн көзін көлегейлеп тұр. Қызыл кірпіштен соққан бірді-екілі кесене ғана бейнесін зорайтып, менмұндалайды. Басқа томпиып жатқан төбешіктің бәрі сорайған сары қамыстың сүметілген шашағы астынан әрең көрінеді. Сары қамыстың ұшар төбесі түгел үпелек. Үпелектен ұшқан үлпілдек шашақтар томпиған төбешіктерге қалықтап кеп қонақтап жатыр.
Оқап қорымның темір қақпасын ашып, ең шетте өскен сары қамыстың басын иіп, шашағын түйді,
– Көке, не істеп жатырсыз? – деді қорымға қарай қорқасоқтай аяқ басқан бала.
– Ертең кеп осы жерге қазық қағам. Сен қасымда тұрасың.
Бала бақырая қарады.
Сары қамыстың шашағынан ұшқан бір үпелек қалықтап кеп Оқаптың иығына қонды.
Оған бақырая қараған бала куә.
Қуандық Түменбай.
АЛМАТЫ.