Парыз
Қазақстан мемлекетінің қалыптасу жылдарында көптеген адамдар ерек еңбек етті. Олар еліміздің аяғынан қаз тұрып жан-жақты дамуы үшін барлық бағытты қамтып, әр саланың өркендеуіне қомақты үлес қосты. Сөйтіп, арғысын айтпағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бергі мемлекет үшін қызмет еткендердің еңбегі, қайраткерлік істері тарихта қалды. Ал олардың есімдері ел жадынан ешуақытта ұмытылмайтыны анық. Сондай жандардың бірі, еліміздің ең бірінші юстиция министрі болған Мырзақадыр Нұрбаев десек артық айтқандық емес.
Қазақстан мемлекетінің қалыптасу жылдарында көптеген адамдар ерек еңбек етті. Олар еліміздің аяғынан қаз тұрып жан-жақты дамуы үшін барлық бағытты қамтып, әр саланың өркендеуіне қомақты үлес қосты. Сөйтіп, арғысын айтпағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бергі мемлекет үшін қызмет еткендердің еңбегі, қайраткерлік істері тарихта қалды. Ал олардың есімдері ел жадынан ешуақытта ұмытылмайтыны анық. Сондай жандардың бірі, еліміздің ең бірінші юстиция министрі болған Мырзақадыр Нұрбаев десек артық айтқандық емес.
Мен бұл кісіні бала кезімнен білемін. Өйткені, сонау 1941-1943 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы, 1943-1946 жылдары юстиция халық комиссары болып, содан комиссариат Юстиция министрлігі болып қайта құрылған соң онда тағы 1952 жылға дейін қызмет атқарған Мырзақадыр Нұрбаев менің алтыншы атадан қосылатын ағам еді.
Ол кісіні бірінші рет 1955 жылы мен 1-сыныпта оқитын кезімде көргем. Біздің үйге әкеме сәлем беруге келіпті. Ұзын бойлы, аққұба, қимылында бір байсалдылық бар, түрі мұңдылау екен. Әкеммен екі-үш сағаттай сөйлесті. Менің қызығып, айналсоқтап жүргенімді байқап, әкем ыммен шақырып алып, жанына отырғызды. Екеуінің сөйлескен сөздерінен анық есімде қалғаны екі-ақ нәрсе: «Көке, білесіз, мен оқу-білімге қатты құштар болғандығымнан үлкен биіктерге көтерілдім ғой, бар есіл-дертім оқу болатын. Содан ғой ауылдан шығып кеткенім. Әскерге алынғанда өте озық адамдардың, орыстардың, еврейлердің ішінде болдым, олардан көп нәрсе үйрендім, солардың озықтығын көріп, қалайда терең білім алуым керек деп талпындым. Әскерден келген соң Мақтаарал райисполкомы бастығының орынбасары секілді үлкен қызмет бергеніне қарамадым, әуелі Алматыға, сосын Москваға кеттім, өзіңіз білесіз, отыздан асқанда Жоғарғы соттың председателі болдым» – деп сәл ентігіп барып тоқтады. Шаршап қалғандай болып көрінді, көзі бір нүктеге қадалып, үндемей біраз отырды да: «Отызымда өзіңіз айтқандай, орда бұздым, қырқымда қыр астым, өмірге ешбір өкпем жоқ, мен жүрген ортада менен ешкім озған жоқ, ол мақтаныш емес, бір ғана өкінішім бар, ауылдан оқу іздеп екі-ақ бала келді, соның екеуі де арманшыл еді, алар асуы биік болар деп едім, бірақ Кәрім Алматыда қал дегенімді тыңдамай ауылға келіп есепші ғана болып жүр, ал Заманбай студент кезінде миы тасып, басына операция жасатты да, әрі қарай оқи алмай ауылға қайтты. Солардан басқа артымнан ерген, білім қуған ешкім болмады. «Ақтөбедегі» жүз үй ағайыннан, басқа колхоздардағы туыстардан ешкім өздігінен білім іздеп келмеді, мен де соны құнттамадым ба, білмедім», деді.
Ол кезде Мырзақадыр көкем жаңадан ашылған Жетісай ауданында жаңа құрылған Тельман атындағы колхоз төрағасы болып жүрген. Қайтуға жиналып, орнынан тұрған соң керует үстінде жатқан пальтосын алып бердім. Пальтоны киіп тұрып: «Саған осы пальтоны беріп кетейін бе?» деді жымиып. Пальтосы қоңыр қошқыл түсті екен, алдыңғы жағында түймелері екі қатар, ондайды бұрын көрмегем. «Мынаның түймесі неге екі қатар?» деп сұрадым. «Екі қатар болатын себебі, бір жағы сән үшін болса, екінші жағы еркектер мен әйелдердің сырт киімдерін бір-бірінен айыру үшін жасалған. Мынаны қарашы, еркектер түймелегенде оң қолымен қаусырып, сосын түймелейді, ал әйелдер сол қолымен қаусырады. Неге олай дейсің бе? Олай болатыны әйел адамның оң қолы ешбір уақытта бос болмайды, оң қолында бала болады, түйіншек болады. Сондықтан әйел сол қолымен қаусырып барып түймелейді», деп осы күнге дейін есімнен шықпайтын бір өнегені үйретті. Менен: «Октябрятсың ба?» деп сұрады. Ия, – дедім. «Пионерге өтуге дайынсың ба?» деді. «Дайынмын» дедім. Осы сауалдарды қойып, мені баласынбай, тең адамша сөйлесуі, сұраған сауалыма ерінбей түсінік беруі, бүгінгі тұрғыдан қарасам, зиялылық екен.
Осыдан кейін ол кісі ауылға тағы бір рет келді, «Ташкент қаласына іссапарға келіп едім, содан ауылға соға кетейін дедім», деп отырды. Сол күні кешке біздің үйге Мұса ақын Жұманазарұлы келуі тиіс еді. Әкем: «Шырағым, Мұсаның өлеңдерін тыңдап кет, реті келіп үстіне түсіп қалдың», деді. Біздің үйіміз сол кезде ауылдағы ең үлкен үйлердің бірі болатын, сол үйге адам сыймай кетті. Молда Мұса таң асырып жыр-қиссаларды бірінен-соң бірін төгілтті. «Зарқұм», «Сал-сал», «Сияр-Шәріп» деген жырлардан бастап шаршаусыз, анда-санда шәй сораптап, бір тізесінің астындағы жұмарланған жастықты өзіне қарай тартып қойып жырдың бұлағын ағытты. Отырыс басында әкем: «Мұсеке, еңбегіңіздің өтеуі бізден, ауылдастарға арнау сөз айтуға уақыт кетірмеңіз», деп қойған. Мырзақадыр ағам өзінің туған ағасы Мырзабай мен менің әкемнің ортасында жарқырап отырды, жырларды ұйып тыңдады. Анда-санда жанына жақындау отырған Мұса ақынның інісі Әдиден: «Мына жерде қалай деді?» деп кей шумақтарды жазып алып отырды.
Біздер есейдік, Мұса Жұманазарұлы да, Мырзақадыр ағам да дүниеден өтті.
Мырзақадыр ағамыз қайтыс болғанда оны жерлеу рәсімі біздің ауылда – Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданының ХХ партсъезд совхозында, яғни бұрынғы Ақтөбе колхозында өтті. Ол кезде мен 14 жасқа келіп қалған кезім, бәрі есімде. Ауыл шетіндегі үйдің төңірегі машинаға толды. Келушілер өте көп болды. Мырзабай көкеміз інісін жас кетті деп қайғырып қатты жылады. Кейінірек кісі аяғы басылғанда әкем екеуі оңаша қалған бір сәтте әкеме бір қағаз ұстатып: «Есіңде ме, былтыр екеуміз Мырзақадырдың үйіне көңілін сұрауға барып едік қой, мына хат баласына жазған соңғы хаты екен, екеумізді жазып қойыпты», деді. Әкем маған оқытты, онда бірталай сөздер бар екен, түгелдей есімде жоқ, есімде қалғаны: «Үйге Камал, Мырзабай, Кәрімдер келіп кетті», деген сөздер ғана. Камал дегені – менің әкем, оны жұрттың көбісі солай атайтын, айтылуы оңай ма, жоқ, басқа себебі бар ма, білмедім. Кәрім дегені бағанағы Алматыда қалмай ауылға қайтып кеткен есепші ағамыз. Мырзабай – өз ағасы.
Сегізінші-тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде әкем жылқы фермасын басқарды. Сол кезде жылқыларды қарайтын Базар деген көкеміз болды. Ол кісі Мырзақадыр ағамен мектепте бірге оқыған. Одан Мырзақадыр ағам туралы көп әңгіме естідім. «Ол жас кезінен зерек болды, бала құсап балалармен еш ойнамайтын. Ойынға қызығып келе қалғанның өзінде, шетте бір орында тұрып қарап тұратын. Ешкіммен таласып, сөзге келмейтін, ұрысу-төбелесу деген атымен жоқ. Бірақ өз намысын жібермеуші еді. Сабақ айтқанда басын жоғары көтеріп тұрып, даусын мәнерлеп айтатын. Мен ойлайтынмын: Мырзақадыр сабақтан қалмайтын болған соң өзін осылай ұстайды-ау деп», деген еді бір әңгімелескенде.
Тағы бірде: «Мырзақадыр ауылға жыл аралатып болса да келіп тұрды. Сол кездері үлкен-кіші демей бәрімізге еркелейтін, қыр басына шығып алып ылдиға қарай домалап аунайтын еді. «Жеңеше, кел күресейік», деп қарулылау, адуындау жеңгелерімен күреске түсіп кететін. Алматыдан келсе, үлкендігі баланың басындай қып-қызыл алма ала келетін, сол алманың дәмі күні бүгінге дейін ауызымнан кетпейді», деп еді.
Дегенмен, өкінішке орай, соңғы кездері осындай жандардың кезіндегі еңбегін елемеушілік көріністері байқалып жүр. Мәселен, осы орайда айта кететін бір жағдай: Әділет министрі Берік Имашев 2012 жылы 28 қыркүйекте заң қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара аясында болған жиында «1960 жылда Бекайдар Жүсіпов юстиция министрі болғаннан соң барып ондаған жылдардан бері тоқтап қалған юстиция министрлігінің қызметі қайтадан басталды», дейді. Сонда министр әуелі екі жылдай Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы болып, 1943-1952 жылдары юстиция халық комиссары болған Мырзақадыр Нұрбаевты, 1952-1960 жылдары Юстиция министрі болған Қылышбай Сұлтановты қалай есепке алмаған? Сол Мырзақадыр Нұрбаевтың кезінде яғни, 1946 жылы Юстиция халық комиссариаты қазіргі атауына ие болып Юстиция министрлігі болып қайта құрылған еді … сонда 9 жыл юстиция халық комиссары және ең бірінші юстиция министрі болған адамды қазіргі министрдің білмеуі қалай? Юстиция комиссариаты бір кездері республика прокурорының қызметін де өз сапында ұстағаны, оның мәртебесі бүгінгіден анағұрлым ауқымды болып, бүгінгі Қауіпсіздік Кеңесінің, Жоғарғы Сот Кеңесінің жауапкершілігін өз міндетіне алған мекеме болғанын білу қиын емес, оған қоса мұндай дұрыс емес мәлімет құқық қорғау органдарының қызметін зерттеушілерді адастырады. Олар министрдің сөзіне сеніп, Сталин кезінде 1939 жылдан 1952 жылға дейін коммунистік партияның бүкілодақтық съезінің болмағаны сияқтанып, әділет саласында да жоғарғы органдардың қызметі тоқтатылып қойылған екен деп ойлап қалуы да мүмкін.
Жоғарғы Сот қабырғасында бұрын-соңды төраға болғандардың суреті бар екенін көрдік. Бірақ олардың да кей мәліметтері Әділет министрлігінен онша алысқа қонбапты: http://supcourt.kz/rus/history/preds_suda.html деген сайтындағы М.Нұрбаев жөніндегі берілген анықтамада: «В 1952 г. отправлен в ссылку в Узбекистан, в местечко Мырзашол» дегенді оқып жағамызды ұстадық. Біріншіден, «Мырзашөл» деп соңынан аталған «Иіржар» кенті 1963 жылға дейін Қазақстанның Шымкент облысы Ильич ауданының аумағында болған. Өзбекстан мемлекетіне 1963 жылы берілген үш ауданнан, кейіннен 4,1 миллион гектар жер Өзбекстанда қалып, тек аудандардағы қазақтар тығыз орналасқан жерлер ғана 1971 жылы Қазақстанға қайтып келгенде «Мырзашөл ауданы» деп аудан ашып алған өзбек елі, ондағы тұрғындардың басым бөлігі қазақтар болғанына қарамастан, ол ауданды басқа жаңадан ашылған аудандармен бірге бермей алып қалған. Бүгінде де ол ауданның басым бөлігін құрайтын қазақтар басқа мемлекеттің азаматтары болып, балаларын латынша жазумен оқытып, еліне жете алмай отыр. Демек, М.Нұрбаев 1952 жылы Өзбекстанға жер аударылған деген сөз артық айтылған.
Екіншіден, Мырзақадыр Нұрбаев туған жеріне, ашылғанына бір жылдай болған, жұмысы нашар жүріп жатқан колхозға бастық етіп жіберілген. Бұл жалғыз Нұрбаевтың басында болған жағдай емес, архивке үңілсек екі айдан бір жылға жетпейтін уақытқа дейін ғана басшы болған халық комиссарлары, министрлер, прокурорлар, Жоғарғы Сот төрағалары бірталай екені көрініп тұр. Олардың көбі қызметінен босай сала репрессияға ұшыраған, атылған. Аман қалғандары қатардағы қызметтерді місе тұтып жүре берген. Ол кезде бүгінгідей креслоға жабысып айрылмауға тырысу, билік орнын баю көзі ету әлі жолға қойылмаған болса керек. Ағарту үшін айтсақ та, Мырзақадыр Нұрбаев екі жоғарғы билік тұтқасын 11 жыл ұстаған азамат.
Сондықтан, бұл анықтама жаңартылып түзетілуге жатады.
Жалпы, өткен тарихты ұмыта беруге болмайды, қайткенде де шындық анықталып, хатқа түскені жөн. Осы орайда бұрынғы юстиция министрлерінің іздеушілері мен зерттеушілері болса, редакция арқылы осы жолдардың авторына хат-хабар жіберсе, оны интернетке салу, мүмкін кітап ету жағын ойластыруға болар еді деп ойлаймын.
Мырзагелді КЕМЕЛ.