Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2018

АҚШ-тың Сириядан шегінуі: Түркия мен Ресей арасында жаңа дағдарыс

1496 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейдің Сириядағы басымдығы Америка Құрама Штаттарын (АҚШ) елден шығарып тастау болып табылады десек болады. Осы мақсатқа жету үшін Мәскеу аймақтың маңызды акторларының басын қосып, АҚШ-қа қарсы ортақ шеп қалыптастыруы керек еді. Бұл тұрғыдан қарағанда Астана үдерісі Түркия, Ресей және Иранның ынтымақтастығына мүмкіншілік беретін механизм ретінде Сириядағы теңгерімді  (тепе-теңдік) өзгертіп, АҚШ-тың маневр алаңын тарылтып, дағдарыстың барысын өзгертті. ДАЕШ-тың (ИШИМ) жеңіліске ұшырауымен Сирияда үш топтың бақылауы орнады. Бірінші топқа Дамаск режимі мен оның одақтастары Ресей мен Иран кіреді. Екінші топқа Түркия мен оппозициялық күштер кіреді. Үшінші топқа АҚШ және оның осы уақытқа дейін қолдап келген PYD/YPG террор ұйымы кіреді.

АҚШ-тың Сириядан шегінуі: Түркия мен Ресей арасында жаңа дағдарыс

2018 жылғы 19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамптың американдық әскерлердің Сириядан кететіні туралы мәлімдемесі Американың бақылауындағы жерлерде вакуумның пайда болуына себеп болды. Бұл жағдай Түркия мен Ресей арасында жаңа түсініспеушілікке әкеп соқты. Өйткені екі жақтың аймақтағы вакуумды толтыру туралы басқаша ұстанымда болғандығы белгілі. Осы ағдайды назарға алатын болсақ, АҚШ-тың Сириядан әскерлерін әкеткеннен кейін елде болуы ықтимал кейбір өзгерістер өрбіп келеді. Бұл ықтималдарды талқылаған кезде Ақ үйдің неліктен Сириядан шегінуге шешім қабылдағанын аңғарамыз.

Біріншіден, АҚШ-тың шегінуі Иранның Сириядағы ықпалының арта түсетіндігін білдіреді. Сириядағы Иран әскерлерінің мақсаты – Башар Әл-Асадтың билікте қалуын қамтамасыз ету және АҚШ әскерлерінің осы елден кетуіне қол жеткізу. Сондықтан американдық әскерлердің Сириядан кетуі бір жағынан Асадтың жеңісі болса, екінші жағынан Иранның жетістігі болып табылады.

Екіншіден, Түркия және Еркін Сирия армиясының Евфрат өзенінің шығысына операция ұйымдастыруы ол жерде бақылауды қамтамасыз ету арқылы «террористік мемлекеттің» құрылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл жағдай Сирияның болашағын анықтауда оппозициялық күштердің позициясын күшейте түседі. Сондай-ақ Түркияның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болады.

Үшіншіден, АҚШ-тың Сириядан шығуы Мәскеудің бұл елдегі ықпалын күшейтеді. Расында да, америкалық баспасөз Трамптың Сирия шешімін «Путинге жасалған Жаңа жылдық сыйлық» ретінде сипаттауда. АҚШ-тың Сириядан кетуі Мәскеудің маңызды жеңісі екендігі айқын. Өйткені Путин 2015 жылдан бері АҚШ-ты Сириядан шығуға мәжбүрлеу үшін әскери және дипломатиялық құралдарды қолданған еді. Бұл жерде Астана үдерісінің үлесі маңызды екендігін де айта кетуіміз керек.

Жоғарыда аталған ықтималдардың біріншісі яғни Иранның Сириядағы ықпалының артуы Израильдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл қауіптің алдын алу үшін АҚШ пен Ресей арасындағы келісім жасалған болуы мүмкін. Себебі бұрынырақ та Мәскеу Иран әкерлерін Сирияның оңтүстігінен шығып кетуіне мәжбүрлеген болатын. Осы орайда, 2018 жылдың 27 желтоқсанында Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановтың «Сирияның аумақтық тұтастығы қалпына келгеннен кейін Иранның Сирияда қалуына ешқандай себеп жоқ» деп мәлімдеуі өте орынды. Осыған байланысты, Голан жоталарының қайтадан күн тәртібіне келуі әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, Мәскеу Израильдің қауіпсіздігін өз жауапкершілігіне алып отыр.

Сирияда Түркияның ықпалының артуы мәселесіне келсек, бұл жағдай, негізі, АҚШ-тың мүдделеріне сәйкес келеді. Бұл жерде Вашингтон Анкарамен арасындағы  одақтастық қарым-қатынастарды қайта жандандырып, Түркия арқылы Сириядағы өз мүддесін қорғауды діттеп отыр. Бірақ та Ақ үй талай жылдан бері Манбидж және Евфрат өзенінің шығысына құйған «инвестицияларының» толықтай Анкараның қолына өтуін және «PYD/YPG картасының» іске жарамай қалуын қаламайды. Сондықтан АҚШ Сириядан кету арқылы әдейі және саналы түрде бұл жерде бір вакуум қалыптастыруда.  PYD-нің жалғыз өзінің түрік армиясына қарсы табысқа қол жеткізуі мүмкін емес. Осы орайда PYD мен Дамаск режимінің ынтымақтастығы тегін емес. Бұл дегеніміз бұдан кейін «PYD картасын» Дамаск режимі, дәлірек айтқанда Мәскеу ойнайды. 2018 жылы 28 желтоқсанда Сирия армиясының Манбиджке кіргендігі туралы жаңалықтар аталған ықтималды күшейтеді.

Кремль тұрғысынан қарағанда Евфраттың шығыс аймақтары Асад режимінің бақылауына өтуі керек. Мысалы, 2018 жылдың 26 желтоқсанында Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл турасында келесі мәлімдемені жасады: «Бұл жердегі басты мәселе мынау: Американдықтар өздері бақылауда ұстаған аймақтарды кімге қалдырады? Әлбетте, бұл жер Дамаск үкіметі бақылауына өтуі керек. Дегенмен, әзірге дейін бізде Вашингтон мен Дамаск арасындағы қандай да бір байланыс туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сириядағы кез-келген жағымды өзгеріс тек елдің бірлігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін назарға ала отырып, тек саяси шешім негізінде ғана пайда береді деп есептейміз.»

Ресей билігі АҚШ-тың Сириядан кетуі туралы «Біз әлі де бұл қадамның барлық себептері мен мотивтерін толығымен түсінбейміз» деген мәлімдеме жасағанымен, Ресей мен АҚШ арасында құпия бір келісім бар деп айтуға болады. Шын мәнінде, Вашингтон Евфраттың шығыс бөлігін Мәскеу мен Дамаскқа қалдыруға келіскен болуы мүмкін. Әрине, Вашингтон «PYD армиясының» жойылып кетуіне жол бермейді. АҚШ пен Ресей арасындағы мұндай келісімнің жасалғандығы туралы ықтималды араб елдерінің Дамасктағы елшіліктерін қайта ашулары күшейтеді. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Сирия өкілі және Женева үдерісіндегі басты тұлғасы Стеффан де Мистураның отставкаға кетуі де осы келіссөздерге байланысты болуы мүмкін.

Басқаша айтқанда Евфраттың шығысына қатысты Түркия мен Ресейдің әр түрлі ұстанымы бар. Бұл қарсы көзқарастар Анкара мен Мәскеудің арасындағы ынтымақтастықтың әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Анкара мен Мәскеу бұл мәселені шешу үшін келіссөздер жүргізуі керек. Келіссөздер нәтижесінде Идлиб мәселесінде жасалған келісімге ұқсас жаңа бір келісім Евфраттың шығыс бөлігі жөнінде де жасалуы мүмкін. Мұндай бір келісім жасалған жағдайда Түркия шекара аймақтарында өз бақылауын орнатады. Ал Ресейдің аймақтың оңтүстік бөлігін бақылауға алуы мүмкін. Осыған байланысты PYD/YPG Ресейдің бақылауындағы аудандарға шегінуі мүмкін. Мәскеу PYD-нің қарусыздануында және бұл қару-жарақтың «иесіне» қайтарылуында дәнекер рөлін атқара алады. Басқаша айтқанда, Ресей PYD-нің жаңа патронына айналуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, Трамп Астана үдерісінің үш кепілгері Мәскеу, Тегеран және Анкараның арасында кикілжің тудырып, бір-біріне айдап салу мақсатында керемет қадам жасады. Бұл қадамның сәтті болу ықтималы өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда Түркия делегациясының 2018 жылғы 29 желтоқсандағы Мәскеуге сапары өте маңызды болып табылады. Түркия мен Ресейдің арасындағы келісім Астана үдерісінің тағдырын және соңғы екі жылда қалыптасқан «Еуразиялық ынтымақтастықтың» болашағын айқындайды.

Дінмұхаммед Әметбек,

Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы,

Доктор PhD