Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2018

Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік концерт өтті

1518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан әркім әсерлі сәттерге толы ғажайып күй күтеді. Көкшетау қаласының бүлдіршіндері үшін де биылғы мереке қуанышты сәттерге толы. Облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы жаңа жылдық кеш ұйымдастырылды.

Көкшетауда  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік концерт өтті

Жаңа жыл мерекесінің қиял-ғажайыпқа сенетін балалар үшін ерекше орны бар. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және «Промотей» қоғамдық қорының қолдауымен «Специальная Олимпиада Кокшетау» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап жаңа жылдық мерекелік концерт ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатында қоғамдық бірлестік мамандары мен №1 арнайы коррекциялық мектеп-интернатының ұжымы балаларды жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

– Арнайы коррекциялық мектеп-интернатының атынан бүгінгі кешті ұйымдастырып отырған «Специальная Олимпиада Көкшетау» қоғамдық бірлестігіне алғысым шексіз. Әртүрлі мерекелік шараларда бізді назардан тыс қалдырмайды. Жақсылық ешқашан да артық болмайды,– дейді №1 арнайы коррекциялық мектеп-интернатының мұғалімі Гүлшат Құсайынова.

Әуезді ән және әсем бимен өрілген мерекелік шара балаларға қуаныш сыйлады. Барша балалар Аяз атаға өлеңдерін оқып, демеушілер дайындаған жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.

–Үлкен рахмет. Мұнда бәрі тамаша әрі әдемі. Жаңа жылда барлық адамдарда тек жақсылық болып, көңілдері жабырқамасын. Шыршамыз жарқырай берсін!,–дейді №1 арнайы коррекциялық мектеп-интернатының оқушысы Виктория Лукашенко.

Расында да жаңа жылда кез-келген адам ғажайыпқа сенеді, соны күтіп, үміттенеді.  Балалар болса, Аяз атаға өздерінің жүрекжарды қалауларын жазып, армандарының орындалуын асыға күтеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға  жаңа жылдық мерекеде ұмытылмас сәттер қалдыру үшін жомарт жандар барын салды.   

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы