Руханият • 01 Қаңтар, 2019

Сөз сойыл №73

320 реткөрсетілді

Сол үшін...

 Жаңа жылдағы тілегімді мына бір әңгімеден бастағым келіп тұр… Кемеде өте бай шонжар мен аса білімді ғалым келе жатыпты. Шонжар өзімен бірге бар байлығын тиеп келе жатыпты да, ғалым құрқол болса керек. Аяқасты дауыл тұрып кеме аударылып, жаңағы екеуі бір ағашқа жармаса жағаға жетіп, аман қалыпты. Сонда ұнжырғасы түсіп отырған ғалымға шонжар: – Сенің түңілетін ретің жоқ, басың аман – бәрі орнында. Мен бейбақты айтсаңшы, жиған-тергенімнен айырылған!.. – деген екен.

 Яғни, осы тосты қандай қауіп-қатер болса да өзіңмен бірге қалатын ақыл-білім үшін алып қойсақ.

***

Бір есек жолба­рыстың терісін жамы­лып алып аң біткенді аралап келе жатады. Жол-жөнекей оны көрген сиырлар үркіп, қойлар да оңды-солды бытырай қашады. Масқара болғанда, бір кезде күшті дауыл тұрып, есектің терісі сыпырылып түседі де, аң біткен есекеңді төпелеп сабасын кеп...

Сондықтан да осы тосты жолбарыс та болмай, есек те болмай, өз қалпымызда қалу үшін алайық, ағайын.

***

Бір отбасында жалғыз ерке бала есейіп ержетеді. Әке-шеше жалғыздан несін аясын, не киемін, не ішемін демей, шалқып өседі. Онысына қарай, баршылықтан асып-төгілген балада дос-жаран да көп болады. Күндердің күнінде балалары таңдап-талғап барып бір қызға үйленбекші болады да, әкесіне тойын көптен ілгері етіп дүркіретіп өткізіп беруін өтінеді. Әкесі келісіп, тойына оның қарақұрым дос­тарын мен шақырайын деп келісімін алады.

Сөйтіп, той болатын күн де жетеді. Тойға кілең туған-туыстары, етжақындары жиналады да, ал баласының қарақұрым достарының бірен-сараны ғана келеді. 

Түкке түсінбеген бала бұл қалай болды деп әкесінен сұрағанда:

– Сенің достарыңды шақыруын шақырдым, тек сенің атыңнан үйлену тойыма келіңдер деп емес, бір жағдай болып қалды, соған көмек-қаражат керек болып тұр деп шақыру қағазын жібергенмін, – депті.

Ағайындар, осы тосты қашанда қиналғанда жаныңнан табылып, үнемі көмегін аямас туған-туыс, етжақындар үшін алып қоялық.

 

Той

Жыл басында –

Елді елеңдеткен,

Асабасы өлеңдеткен

Көптен күткен той болды.

Тыриған арықтың да,

Томпайған толықтың да,

Кәлләсында –

Тойға қатыссам деген ой болды.

Жұрттың жегені – жылқы,

Асағаны – атан,

Жемегені қой болды.

Адам деген, астапыралла,

Аласапыран көп болды.

Даладай дастарқанда –

Дөңкиген ет,

Тау-тау салат, шөп болды.

Шақырылған қонақтар

Шалқайып төрде отырды.

Шақырылмаған қонақтар

Сыпырылмаған жерде отырды.

Кеңірдегі кетпеннің сабындай,

Сөздері көпіршіген сабындай,

Тамада кеп тойды бастап жіберді.

Жұрт жамырасып жатқанда,

Көмекейге көрсетпей

“150”-ді тәшләп жіберді.

Осыны күтіп, әзер отырған жұрт,

Жапа-тармағай шулап кетті.

Біреулер шампанға шомылып,

Біреуі сыраға сүңгіп кетті.

Бір кездері қасымдағы

Қасқа басқа қарасам,

“Сыра” деген бөшкеде жүзіп жүр екен,

Қуырылған балық, пісірілген тауықтың

Жегенін жеп, жемегенінің

Желкесін үзіп жүр екен.

Арақ пен шарап ағып барып,

Аралға құйған дәриядай

Өңештерге барып құйыла берді.

Құйылған сайын көздер жұмылып,

Сөздер сұйыла берді.

“Дупл” мас әкесі мен баласы,

Бірін-бірі танымай,

Қол алысып таныса бастады,

“Қоян гәйіп” бір шал кеп,

Түсейік деп твиске,

Келініне жабыса бастады.

Бір кемпір бір кемпірге “қызым”, – деді.

“Ақылың қысқа болғанмен, тілің ұзын” деді.

Қысқасы, қызық болды,

Тойға келгендердің ұзыны да,

Қысқасы да бұзық болды.

Тамаданы таба алмай жүрсек,

Бөрібасардың орнында жатыр екен.

Ішіп алса итке де тыныштық бермей,

Орнын тартып алатын батыр екен.

Төбелесіп, мұрынды да қанатып,

Отырғанда микрофонға таласып,

Той да бітті-ау,

Қалғанында таң атып.

Ілгеріде,

“Тойға барсаң тойып бар” дейтін едік,

Аздау ішіп, тартынып жейтін едік.

Ал, қазір:

“Тойға барсаң, тойып қайт” дейтін болдық,

Сарқып ішіп, қарбытып жейтін болдық.

Қалған-құтқан ауысып қалып жатса,

“Ұят-мұят” демей-ақ,

Пакетке салып алатын болдық,

Шақырылмаған жерге де төркіндеп келгендей,

Желпілдеп жетіп баратын болдық.

Осынымыз қалай өзі, ойланайық,

“Мешкей деген жақсы ат емес”

Келген жаңа жылдан бастап –

Адам болу жағын қолға алайық!

Марат КӨПТІЛЕУОВ

Қызылорда облысы

 

ЕНДІ ҚАЙТЕМІЗ?

 Басым қатты. Ана жерден бір тістеп, мына жерден бір қарпып, тағы бір жерден асап-асап жеген ақшаларым мен алтындарымды шетел банктерінің біріне, әсіресе Швейцария банкіне салып қоюды армандап жүргенімде, жаңа жылдан бастап қабылданар мына заң бүйрегімді бүлк еткізгенін қарашы. Қабылданған жоқ әлі. Қаржы полициясы дайындап жатқан көрінеді. Жиған-тергеніңді шетелге қарай шіреніп тұрып лақтыра алмайды екенсің. Бұрынғыдай өз атыңнан емес, әйеліңнің, туыстарыңның атынан да шот аша алмайды екенсің... Басым қатты. Басым салбырап, әйелімнің қасына келдім.

 – Мен кіммін осы? – деп сұрадым әйелімнен.

 – Отағасысың… – Жоқ, мен – шенеунікпін. Енді ақшамызды шетелге шығара алмаймыз.

 – Неге? Швейцарияға барып келетін едік…

 – Болмайды, ойбай! Сондай бұқа бас заң шығайын деп жатыр!

 – Шетелдегі әр қаладан бір-бірден вилла сатып ала қоялық. Жылжымайтын мүлік – сатсаң ақша… Сатпасаң, шаң басып тұра береді…
 – Оған да жол жабылады дейді!

 – Енді қайттік?

 – Миым піспеген ботқа болды…

 – О, таптым! Ауылдағы менің шешеме алтындарымыз бен ақшамызды арқалап барайық. Бәрін банкіге «жауып», иә, қияр жапқандай етеміз де, бақша ішіндегі жерге көміп тастаймыз…

– Иә, сосын өзіміз таппай, қай жерге көмгенімізді іздеп жүрейік!

 – О, таптым! – деді әйелім қуанып, – Менің шешем саған кім болады?

– Әпкем емес қой енді…

 – Ене болады. Ал қабылданайын деп жатқан заң бойынша, енелер атынан шот аша беруге болады… Ол сенің туысыңа жатпайды…

Әйелімнің бетінен, желкесінен сүйіп алдым!

 – Тоқта! Сенің шешең, менің енем бес қапшық долларымызды бермей қойса ше? Кейін деймін де…

– Бермесе, бөтен біреуге қалмайды ғой, туған енең…

– Енемнің… Енемнің аты кім еді өзі?

– Сен… Сен менің туған мамамның атын білмейсің бе? Қалай қасымда жүрсің? – деген әйелім бұлқан-талқан болды.
 – Кешірші… «енем, енем» деп сөйлей бергенге, аты да ене екен деп жүрсем…

 – Воовще, қапамын саған! – деді әйелім.

 – Ал мен қабылданайын деп жатқан заңға қапамын… – дедім мен.

Сонымен, ескі жылдың соңғы күні әйелім маған өкпелеп, теріс қарап жатты. Ал мен финполға өкпелеп, Швейцария жаққа қарап жаттым… Енді не істедім? Енді қайтеміз? Ақыл беріңіздерші, құдай үшін!

Азамат ЕЛНҰРҰЛЫ

АЛМАТЫ

 

Шырша жанындағы жымиыс

– Неге осы Санта Клаус жаңа жылдық сыйлықтарды бір өзі таратады да, ал бізге жақын Аяз-Ата жанынан Ақша қарды тастамайды?

– Бұнда әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Санта Клаусың жаңа жылды қарсы алған соң өзі-ақ үйіне жетіп жығылатын болса, Аяз Атаны Жаңа жылда қолтықтап-сүйрелеп біреу үйіне апармаса болмайды…

***

Бір бала шешесінен сұрап жатыр:

– Мама, «Құдай асырайды» деген рас па?

– Иә, рас, балам.

– Ал «балаларды тырна әкеледі» деген ше?

– Иә, ол да рас.

– Ал сыйлықты Аяз Ата әкеле ме?

– Әрине.

– Ендеше, бізге әкеміздің не қажеті бар?..

***

Екі жігіттің әңгімесінен:

– Осы Жаңа жыл мерекесін кім ойлап тапқан?

– Білмеймін, кім ойлап тапса да ішкіш болған сияқты…

***

Егер Жаңа жыл түнінде дала ыстық болып, қар орнында үйіліп құм жатса, ал күткен Аяз Атаңыз түйемен келіп жетсе... онда сіздің Египетте болғаныңыз...

******************

 

Мүйісті жүргізген Берік САДЫР

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Көш басында - Канело

Спорт • 15 Маусым, 2019

Ауылда да субұрқақ бар

Аймақтар • 15 Маусым, 2019

Үздік дәрігерлер баспаналы болады

Аймақтар • 15 Маусым, 2019

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

Руханият • 14 Маусым, 2019

Бірлесіп күресуге шақырды

Саясат • 14 Маусым, 2019

«Реал» 303 миллион еуро жұмсады

Футбол • 14 Маусым, 2019

Олимпиада жолдамасын иеленді

Спорт • 14 Маусым, 2019

Еуропа ойындары басталады

Спорт • 14 Маусым, 2019

Демалыс аймағы ашылды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мұражайлар фестивалі

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мейіргер Шархат

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар