Осыдан бір ғасыр бұрын, 1919 жылы қазақ зиялыларының бастамасымен «Ұшқын» есімді газет жарық көрген еді. Содан бері халықтың сөзін сөйлеп, елдікті насихаттап келген басылым уақыт талабына сай атауын өзгертіп, «Egemen Qazaqstan» ретінде танылғаны белгілі. Осылайша, биыл өздеріңіздің сүйікті басылымыңыз – «Егеменге» 100 жыл толып отыр.
«Egemen Qazaqstan» мемлекеттік саясатты жазып көрсету тұрғысынан ғана емес, қоғамда және шартарапта болып жатқан елеулі оқиғаларды тереңінен әрі тұшымды дәйектермен жеткізу ісінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының беткеұстарына айналып, медиа кеңістіктегі беделі, орны мен салмағын нығайта түсті.
Былтыр «Егеменде» ел тарихында елеулі орын алар бірнеше бағдарламалық мақалалар жарық көрді. Әсіресе «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы дүйім жұрттың қызығушылығын оятты. Бауырлас түркі елдері, алыс-жақын мемлекеттер мақаланы өз тілдеріне аударып, түпнұсқа дереккөз ретінде «Egemen Qazaqstan» газетін көрсетті. Мұның өзі қазақ баспасөзінің әлемдік медиа нарығында салмағы арта түскенін айғақтайды.
Жалпы, 2018 жыл ел үшін маңызды оқиғалар мен ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге толы болғаны белгілі. Қазақстан өткен жылды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етумен бастаған еді. Бұл – халықаралық оқиғалар сапындағы ең үлкен саяси жаңалықтардың бірі болғаны анық. Абыройлы міндет барысында көптеген шешім қабылданып, еліміз әлемдік түйткілдердің түйінін тарқатуға өлшеусіз үлес қосты.
Жылдың маңызды оқиғаларының қатарында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының алар орны ерекше. Ежелгі ертегілерде айтылатындай, ай санап, күн санап өзгерген бас қала тарих үшін қас-қағым сәтте парасатты істерімен жер жүзінің назарын өзіне аудара білді. Ізгі шараларға ұйытқы болған, түбі бір түркінің теңдессіз төрі деп танылған Астананың межелі мезеті мемлекет мерейін асырды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бұған дейін талай мәрте талқыланып, шешімін таппай келгені мәлім. 2018 жылы Ақтауда өткен 5 мемлекеттің басшылары кездескен жиында Каспийді бөлу мәселесі жөніндегі Конвенцияға қол қойылды. Бұдан бөлек, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың кезекті саммиті өтіп, онда теңізді қалпына келтіру бойынша маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ ТМД және Түркі кеңесінің мемлекет басшыларының кездесулері өтіп, онда өзара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, ынтымақтастық байланысты дамыту жөнінде шешімдер қабылданды.
Түгел түркінің рухани түпқазығы – Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы да маңызды оқиғалардың бірі болды. Елбасы Жарлығымен биыл Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Ал халқының саны миллионнан асқан шырайлы Шымкент шаһары мегаполис атауын алып, дербес басқарудағы қалаға айналды.
Біз ел тарихындағы елеулі оқиғаларды газет бетінде жариялай отырып, оқырманның талғамы мен уақыт талабын ескеруге талпындық. Осылайша, жоғарыда аталған тақырыптар «Егемен» бетінде түрлі форматта жарық көріп, оқырманға сапалы сараптама, өзекті мәселелерді жеткізіп отырдық.
Бас басылымның оқырмандарына ұсынған тағы бір үлкен жаңалығы – әйгілі «New York Times» бетіндегі сараптамалар мен мақалалар легі «Егемен» бетінде беріле бастады. Қазақстанның ақпарат кеңістігінің аясын кеңейтуге ықпал ететін бұл қадам отандық журналистикаға стильдік, мазмұндық тұрғыдан игі әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Осы орайда, «Егеменнің» журналистика саласындағы ең үлкен марапат – Пулитцер сыйлығын 43 мәрте иеленген «New York Times» басылымымен ТМД бойынша келісімшарт жасасқан жалғыз басылым екенін айта кету ләзім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты бас басылымда қаламы жүйрік жас журналистердің қатары арта түсті. Газетте экономикалық, саяси сараптамалардың көбейіп, өзекті тақырыптарды көтерген талдау мақалалар көбірек жарияланды. Газетімізде жарияланған маңызды мәселелер қоғам назарын аудартып, олардың мемлекеттік деңгейде оң шешімін табуына ықпал етті, көптеген депутаттық сауалға арқау болды. Бір жыл ішінде редакция қызметкерлерінің көптеген мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болуы газет жұмысының талғамы биік оқырманның талап үдесінен шыға алғандығының нәтижесі деп ойлаймыз.
Құрметті оқырман, 2018 жылды осындай нәтижелермен аяқтаған «Egemen Qazaqstan», міне, 2019-дың табалдырығынан аттап, әр шаңыраққа Жаңа жылдың алғашқы жаңалықтарын да ала келді.
Еліміздің бір ғасырлық даму жолының жылнамасын жазып келе жатқан жақсылықтың жаршысы «Egemen Qazaqstan» биыл жүзге толады. Сондықтан 2019 жыл – «Egemen Qazaqstan» үшін бір ғасырлық мерейлі белесі. Бұл мерекелік дата республика көлемінде атап өтілмек. Жүзжылдық мерейтойға дайындық 2018 жылдан басталып кетті. Соған сәйкес, газеттің 1919 жылдан бүгінге дейінгі сандарының архивін түгендеп, цифрлы форматтағы көшірмелерін жасадық. Ел тарихын баспасөз бетінен зерттеушілер үшін бұл зор тарту болмақ. Бұдан бөлек, «Егемен» Ресейдің мерзімді басылымдар каталогына енгізілді. Сонымен қатар латын графикасына көшуге дайындық ретінде ел газеті авторлық бағандарды және тұтастай бір бетті латын әліпбиінде жариялап келеді. «Егемен кітапханасы» сериясымен бірнеше томдық кітап жарық көрді. Келер жылы да көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Сөз соңында газетімізге жазылып, ел тынысын «Егеменмен» танып отырған оқырмандарымызға алғысымызды білдіреміз! Жаңа жыл құтты болсын!
Құрметпен, Дархан ҚЫДЫРӘЛІ