– 2018 жыл Парламент Сенаты үшін өнімді жылдардың бірі болып, көптеген заң қабылданды. Оның ішіндегі ең маңыздыларының бірі – алдағы үшжылдық бюджет. Бұл бюджетті әлеуметтік бюджет деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, бюджеттің 47 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталды. Атап айтқанда, биылдан бастап мұғалімдердің жалақысы және көптен бері айтылғанымен, іске аспай келген ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз соңғы жылдары кейіндеп қалған еді. Енді үшжылдық бюджетте еліміздегі ең төменгі жалақы 28280 теңгеден 42 мың теңгеге дейін көбейтіледі.
Сонымен қатар еліміздегі жоғары білімнің сапасына байланысты да айтылған сындар үдеп кеткен болатын. Оның сыры мынада – оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысы да көп жыл бойы өзгеріссіз қалып келді. Енді бұл олқылықтың да орны толатын болды. Мәселен, 2019 жылдың бюджеті бойынша ғалымдардың ғылым докторы дәрежесіне енді 34 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстеме қосылады. Ал ғылым кандидаты атағы үшін 17 АЕК төленеді. Ең бастысы, биылғы бюджетте зейнетақыны әр санат бойынша көтеруге да қаржы қаралды. Міне, әлеуметтік бюджеттің жемісі – осы. Қазір АҚШ пен Ресей, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғыстары біздің елімізге оңайға соғып отырған жоқ. Бұл кикілжіңдер дамушы мемлекеттерге теріс әсерін тигізуде. Осындай қиындықтарға қарамастан, Елбасының бастамасымен елімізде әлеуметтік салаға көңіл бөлініп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қыруар іс атқарылуда. Табалдырықтан аттаған 2019 жылы да біздің халқымыз Мемлекет басшысының бастауымен жаңа ырыздықтарға қол жеткізбек. Жаңа жылда үміттеріміз ақтала берсін!
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты