Театр • 01 Қаңтар, 2019

Әлем назарындағы Анна Қазақстанда

798 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақыл-ойдың алыбы, сұңғы­ла суреткер Лев Толстойдың: «Әрбір бақытты жанұя бір-біріне ұқсас, әрбір бақытсыз жанұя өздерінше бақытсыз» деп бас­талатын романын сахналаған театрлар көп.

Әлем назарындағы Анна Қазақстанда

Күрмеуі қатты күрделі туынды желісімен Ресей де, АҚШ та кино түсірді. Кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер 1873-1877 жыл аралығында бес жыл бойы жазған екі том тұлғалы туынды ғасырлар өтсе де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ, керісінше өне бойы жауһарға толы жусан иісті кимберлиттей жыл өткен сайын жаңа бір қырымен жарқырап, өзінің мұхиттай терең, ой тебіренген текті сезімдері­мен қуатты магниттей тарту­мен келеді. Лев Толстой – әлемнен де  күрделі тұлға. Ұлы суреткер әлемі тұтас ғаламшар. Содан да оның қай шығармасын болса да сахналау – қиынның қиыны. Әсіресе «Анна Каренинаны». Бұл дегеніміз − аспандай жұмбақ, теңіздей тереңге бойлау деген сөз. «Анна Каренинаны» қазақ сахнасына тұңғыш шығарған ұжым сондай жүрек жұтқан батыр­лық пен жанкешті тәуекелге бар­­ған. Осы игі істі бастаған көрнек­ті қоғам қайраткері PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Асхат Маемиров. Ол көлемі ұсақ әріппен тергеннің өзінде 700 беттен асатын, 8 бө­лім­нен тұратын екі том роман­нан негізгі оқиғаларды ойып алып, қазақшаға өте сәтті, сауатты аударма жасапты. Бұл деге­ні­ңіз, өзгесін былай қойғанда күн­дізгі күлкі, түнгі ұйқыны құр­бан­дыққа шалған аса ауқымды, асқан жанкешті еңбек! Шығарма соңын­дағы «Анна Каренина» анық көріп тұр» деудің орнына «нақ­ты көріп тұр» деп аз-кем ағатт­ық жасағаны болмаса, тұтастай ал­ғанда тәжірибелі қаламгердің қол­т­аң­басындай өте ажарлы, аса абат!

«Анна Каренинаның» қою­шы режиссері Қазақстан Респуб­лика­сының халық әртісі, профессор  Есмұхан Обаевтың табиғи үлкен таланты мен көп жылғы тәжірибесі – шығармашылық табыстың кілті болғаны айдай анық. Кинодағыдай емес, театрдағы қойылымда уақыт шектеулі. Бүгінде ғасыр басын­дағы­дай Мұхтар Әуезовтің «Хан кенесін» екі күн бойы көретін көрермен жоқ. Бүгінгі күн талабы­на сай екі томдық роман сах­налық нұсқасында көп қыс­қар­ған. Левинге қатысты жайлар, Стивеннің жұбайының көзі­не шөп салуына байланысты Облен­ский үйіндегі жағдай, оны жұбайымен татуластыру үшін Анна Каренинаның Петербордан Мәскеуге арнайы келуі қысқарған. Бұл қысқартулар орынды.

«Әттеген-ай» дегізетін қыс­қар­тулар да бар. Бір ғана мысал. Темір жол вокзалында Анна Ворон­скийді бірінші рет көреді. Сол оқиғадан іле-шала күзет­шіні пойыз басып өлтіреді. Осы бақытсыздықтан Анна секем алып, жаман ырымға балайды. Өзге қысқартулар оқиғаны сах­наға лайықтап ықшамдау амал­сыздығынан болды десек те, дәл осы бір шығарма шырайын арттырып тұрған керемет келісті, кермиық, ұрымтал тұсты қысқарт­пау керек еді, ол сюжет желісіне өрілген алтын арқау, сұңғыла суреткердің астарлы емеуріні еді...

Ұлы суреткер Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» қазақ сахнасында алғаш рет сөйлеп тұр. Тұң­ғыш болудың абыройымен қоса жауапкершілігі де бар. Тұтас­тай алғанда, бүкіл саналы өмірін сахна өнерін өркендетуге арнаған аса талантты, асқан білгір Есмұхан Обаев «Анна Каренинаны» қою арқылы жанкешті еңбек етіп, өзінің кең құлашты, кемел ойлы, кең тынысты, тұлпар шабысты талантымен жақұттай жарқырады. Бір ғана мысал. Спектакль финалында бас кейіпкер Анна Каре­нинаны қансырата қазаға ұшыра­татын қаһарлы, қатерлі, пойыз паро­во­зының  қараңғыны қақ жар­ған күшті жарығын беруі оған қоса пойыздың көрерменнің бо­йын тіксінтіп,  төбе шашын тік тұрғы­зып ащы дауысын қосуы шығарма та­би­ға­ты­на сай табылған сәтті шешім.

Синтездік сахна өнерінде қою­шы суретші де шешуші рөл атқа­рады десек, ХІХ ғасырдағы Петербор ақсүйектерінің бай тұрмысы мен сыңсыған орыс орманының көз тоймас көркем көрінісін тап басып тамаша бейнелеген Есенгелді Тұяқовтың еңбегі мен таланты қай құрметке де лайық. Сахнаның сол жағын­да тұла бойымен тұтас көрі­ніп тұрған императордың порт­реті, оң жақтағы Алексей Алексан­дро­вич­тің еденнен төбеге дейін жеткен кітап сөресі бірін-бірі толы­қтырып, астарлы ойларды ажарлы ашып тұр. Костюм сурет­шісі Л.Возженикованың өзіндік қолтаңбасы қойылымға өзгеше көрік берген.

Спектакльдегі ауыр жүкті арқалап тұрған бас кейіпкер Анна Каренина  бейнесіндегі акт­риса Назгүл Қарабалина мінсіз мүсіндеген. Анна Каренина өткен өмірі өкінішті, болашағы болжау­сыз да бұлыңғыр бейбақ. Оның трагедиясы – жалғыздық пен белгісіздік. Өз ортасынан жан сырын бөлісер жан таппай жан дүниесі арпалысқан азапқа толы жанның жанкешті жанайқайын Назгүл аса шебер ойынымен де, таңғы шықтай мөлдіреген көзінің бір қиығымен аңғартқан мерген мимикамен де, көңіл күйіне сай құлпынайдай құлпырған құлаққа жағымды қоңыр даусымен де, асқан шеберлікпен сипаттады. Бұлай деу де аз, Назгүл киелі сахнада өзін де, өзгені де ұмытып екі сағат бойы Анна Каренина болып өмір сүрді.  Назгүл Қарабалинаны та­лант­ты деу де аз, ол сахна үшін жа­рал­ған сымбаты бөлек сұлу тұлға!

Сахнада талай тамаша бейнелер сомдаған талантты актер Бауыржан Қаптағаев Аннаның күйеуі Алексей Александрович өз бойына шақ жүк көтерген.

Спектакльдегі үштіктің бірі Алексей Вронский образын Нұр­ғиса Қуанышбайұлы оның жан дүниесіндегі арпалыс­тары арқы­лы серпінді де сенімді жеткізді. Әсіресе ол өзін өзі атпақ болып, пистолетті шекесіне тақаған сәт­тегі сезім арпалысы актердің жүзін­дегі, көзіндегі қас-қағым сәтте қырық құбылған құлпырма бояу­лар көрерменді тәнтті етті.

«Кішкентай рөл жоқ, кішкен­тай актерлер бар» дейді театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен білгірлер. «Өзің үшін емес, әріптесің үшін ойна» дейтін қағида тағы бар. Осы жайларды ескере отырып, ауқымды қойылымның ауыр жүгін арқаласқан актерлер жайлы айтпау әділетсіздік болар еді. Осы ойға арқа сүйеп айт­сақ, басты рөл деуге сыймайтын, эпи­зодтық бейне деуге қимайтын сахнада Долли Облонская болып тағдыр кешкен аса талантты, өте сүйкімді актриса, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, өзгесін айтпағанда Зура Атабаева, Зәмзагүл Шәріпова сынды ұлы актрисалардың өзіне сын бол­­ған Қарагөз бейнесімен көрер­мен көңілін жаулап алған Баян Қажнәбиева, Лидия Ивановнаны мінсіз мүсіндеген Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Рақила Машурова мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рашида Хад­­жиева, Мягкая Княгиня сом­даған  Қазақстанның еңбек сіңір­­ген әртісі, сахна саңлағы Ғазиза Әбдінабиева мен театрдың төрін­де, өнердің өрінде жүрген талант­ты актриса, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова қойылымның ажарын ашып, абырой, айбынын асырды.

Мақаланы газет көлеміне орай қанша шақтасақ та айтпай кетуге болмайтын тағы бір кейіпкер – Сержи рөліндегі актер Данияр Измуханов. Осы бір бейкүнә бала образын өте бедерлі бейнеледі. Аннаның жасырын келіп өз ұлы – Сержимен кездесетін көрі­ністі Данияр ойлы, мұңлы көз­қарасымен шебер жеткізді.

Қай ел, қай мемлекеттің де мәде­ниетінің қай дәрежеде екен­дігін анықтайтын басты белгінің бірі «Тобырды халық­қа айналдыратын театр» (Томас Манн)! Құдайға шүкір, Қазақ­станда 54 кәсіби театр бар. Әрқайсысының деңгейі әртүрлі. Еліміздің бас театры – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің аты мен затына, атағы мен абыройына сай жаңалықтың жаршысы болып келеді. Ұлы ойшыл Лев Толс­тойдың көптің өресі жете бер­мейтін «Анна Каренинасын» сахналау арқылы әкемтеатр өзінің өзгешелігі мен артықшылығын тағы бір мәрте танытты.

Сәтті қойылым – көрермен олжасы. Қалғып кеткен сезімді оятып, көрерменді қалың ойға шомылдырған «Анна Каренина» қазақ сахна өнерінің көз сүйсінтіп, көңіл қуантқан жаңа бір биігі!

Анна Каренина – Қазақстанда!

Қош келдіңіз, әлем назарын­дағы сымбаты бөлек сұлу!

 

Сәбит Досанов,

драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері