Елбасы Жолдауында айтылған көпшіліктің баспанаға қолжетімділігін арттыруды көздеген игілікті жобаны елорда әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бірлесіп жүзеге асырып отыр. Тұрғын үй сертификаттарын табыстаған қала әкімі Бақыт Сұлтанов жеңілдікке ие болған 100 тұрғынның жайдан-жай таңдалмағанын, олардың барлығы өз саласына еңбегі сіңген білікті мамандар екенін жеткізді.
«Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны жартылай субсидиялау жолдарын қарастыруды бұйырды. Бұл ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Біз қаражатты бүгінгі таңда қаланың дамуына аса қажетті мамандық иелеріне бөлдік. Біздің елорда өмір сүру үшін ең қауіпсіз және жайлы болуы керек. Сондықтан білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласын дамытуға тиіспіз. Әлеуметтік саладағы қызметкерлер де назардан тыс қалмайды», деді шаһар басшысы Б.Сұлтанов.
Бөлінген ақшалай қаражат салымшыларға алғашқы жарнаның 20%-ын тез жинақтауға көмектеседі. ТҚЖБ 7%-дан аспайтын жылдық мөлшерлемеде несие береді. Қарыздың максималды мерзімі 25 жыл, ал несие сомасы 20 млн теңгеден аспауы қажет. Қаржы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бөлінгеннен кейін әлеуметтік көмекті алушыға баспана таңдап, оның иесі болуына үш ай уақыт беріледі. «Салымшы алғашқы жарна ретінде жалпы соманың 20 пайызын жинауы тиіс. Содан кейін 7 пайызды ипотека 25 жылға беріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше, бұл ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарт орындалғаннан кейін есепшот ашылады да алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Сертификатқа ие болған №44 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нұржамал Жақыпова алғашқы жарнаға қаражатты 2,5 жыл бойы жинағанын айтты. «Осы науқанның нәтижесінде біз өзімізге қажетті баспанаға ие болуға мүмкіндік алдық. Бізде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит бар. Алғашқы жарна миллион теңгеге артқанының нәтижесінде енді біз екі бөлмелі пәтер ала аламыз. Осындай қолдау көрсеткен әкімдікке ризамыз!», деді ол.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»