Жол ережесін пысқырмайтын кейбір жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін тас-талқан етіп жатқанын сезіне ме? Жаңа жыл қарсаңында Алматыда үш бірдей адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апаты да жыл аяғында болған көп оқиғаның бірі. Халықтың өсіміне, елдің экономикасына орасан зиян келтіретін қайғылы оқиғалар қашан азаяды?
29 желтоқсан күні таңсәріде Алматыдағы Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында болған көлік апатының салдарынан белгілі театр және кино актрисасы Шолпан Елгезек көз жұмды. Ашық күндегі найзағайдай әсер еткен бұл оқиғада актрисаның құрбысы мен такси жүргізушісі де жан тәсілім етті. Тағы бір адам аурухананың жан сақтау бөліміне түсті. Анықталғандай, мас күйде көлік тізгіндеген «Mercedes Gelandewagen» иесі сағатына 120 шақырым жылдамдықпен бағдаршамның қызыл түсін кесіп өтіп, көлденең өтіп бара жатқан «Mitsubishi Galant» автокөлігін бүйірден соққан. Апат салдарынан, жоғарыда атап өткеніміздей, үш адам қаза тауып, біреуі ауыр халде жатқанда күдікті оқиға орнынан із суытқан.
Иә, көпшілікті назаландырғаны да осы мәселе. Түрлі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бұл тақырыпқа қатысты жұртшылық өз пікірлерін білдіруде. Олар ай мен күннің аманында заңды белшесінен басып, өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне немқұрайлы қарайтындардың орынсыз әрекеті тыйылса дейді. Алматыда 2018 жылдың 11 айында 2028 жүргізушіге мас күйінде көлік жүргізгені үшін айып тағылыпты. Сол аралықта қала көшелерінде орын алған 4110 жол-көлік оқиғасының 356-сы мас жүргізушілердің кінәсінен болған.
«1985 жылы туған алматылық К. есімді күдікті оқиға орнынан бой тасалағанымен бірнеше сағаттан кейін ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бірдей тармағы бойынша жауапкершілікке тартылды. 345-баптың 4-тармағы, яғни бірнеше адамның өліміне әкеліп соқтырған жол апатына себеп болу дерегі, сондай-ақ 347-бапқа сәйкес жол көлік оқиғасы орнынан қашып кету дерегі бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабының нормаларына сай қамауға алынды. Қазіргі таңда ол тізгіндеген автокөлік дәйекті зат ретінде тіркеліп, тиісті анықтамалар тағайындалды», дейді Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
550 мың көлік ресми түрде тіркелген алып шаһарға, тәулігіне өзге өңірлер мен облыс аумағынан келіп-кететін автокөліктер саны 250 мыңнан асып жығылады екен. Мамандардың сөзінше, жол-көлік оқиғаларының ең басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде, жылдамдықты шамадан тыс үдету немесе түрлі оқыс қимыл жасап, басқа көліктерге жол бермеу жағдайлары жиі тіркеледі. Жуырда ғана Алматылық полицейлер жүргізушілерге сабақ болсын деген мақсатпен, жантүршігерлік апатқа ұшырап, тас-талқаны шыққан көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Олар мұндай шара арқылы жүргізушілерді жолда абай болып, сақ жүруге шақырған еді. Өкініштісі бұдан сабақ алып жатқандар аз дейді сарапшылар.
– Елімізде жол апатынан жылына үш мыңға жуық адам қаза табады. Зерделеп қарасақ, бұл бір ауылдың тұрғындарына жуықтайды. Адам капиталына үлкен шығын, қаншама азаматтарымызды жоғалтып отырмыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейдегі проблема есебінде қарауымыз керек. Көлік апаттары техникалық ақаулардың себебінен болыпты дегенді естімейміз. Көпшілігі адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алуда. Бүгінде арақ ішіп көлік тізгініне отырғандар көбейді. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу мәселесін оңайлатып жібердік. Бұл жеңіл қарайтын іс емес. Жүргізушілердің жауапкершілігін оятып, түрлі келеңсіздіктердің алдын-алу үшін заңды барынша күшейту керек, – дейді экономист Атамұрат Шаменов.
Еске салсақ, газетіміздің өткен жылғы бірқатар сандарында алматыда жол-көлік апатын азайту мақсатында полицейлер көлік жылдамдығын қатаң бақылауға алғанын жазған болатынбыз. Қазір қаладағы барлық бейнекамераларға жаңа ереже енгізілген. Енді қала ішінде сағатына 60 немесе 80 шақырымнан асыруға тыйым салынған бейне бақылаудан өткен соң, келесі камераға жеткенше жылдамдықты үдетуге болмайды. Ақылды камералар көліктің сол аралықты қанша уақытта жүріп өткенін әп сәтте-ақ анықтайды.
– Жаңа ереженің ерекшелігі – жылдамдық шегін тек посттарға жақын жерден емес, бүкіл бағыт бойымен анықтайды. Қазір жүргізушілердің көбі бақылау камераларының алдында ғана жылдамдықты азайтып, посттан өткеннен кейін бірден жөңкіле жөнеледі. Бұдан былай екі пост арасындағы уақытты дәл көрсететін сервер орнатамыз. Мәселен, сіз сол аралықты 5 минут емес, 3 минутта жүріп өтсеңіз, жылдамдықты асырдыңыз деген ұйғарым шығарылады, – дейді Алматы қаласы ПД техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Ольга Агафонова.
Жоғарыдағы оқиғаға байланысты пікір білдірген кейбір желі қолданушылары мас күйінде көлік тізгініне отырғандарды екі жылға ғана емес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру керек деп есептейді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқығынан айырылып үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылатын көрінеді. Ал Қытай мен Тайландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда ішімдік ішкен жанның көлігіне отырған кез-келген жолаушыға үлкен көлемде айыппұл салынады. Ережені мың жерден күшейткенмен, әр азамат жауапкершіліктің салмағын тереңнен сезінбесе қиын-ақ.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ