28 Мамыр, 2012

Ғабит МҮСІРЕПОВ: “Бейімбет жау болса, мен де жаумын”

3591 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Ғабит МҮСІРЕПОВ: “Бейімбет жау болса, мен де жаумын”

Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 9:43

Отызыншы жыл­дардың зұлма­тын­дағы өрттей қаула­ған отқа кейбір аза­маттар бірін-бірі итеріп, құлатып жат­қан­да Бейімбет Май­линді қызғыштай қор­ғаған жалғыз Ғабит Мүсіреповтің болуы қай­ран қалдырар ерек­ше құбылыс. Оның “Бейім­бет жау болса, мен де жаумын”,– деген сөзі күні бүгінге  дейін жұрт есінде. Осылай депті деп айтқан адамға: “Неге қорғады сонда?”– деген сауал қойсаң, “екеуі дос болған” деп қысқа қайы­ра­ды да нақты себептерін, шын мәнісін біле бермейді. Әуелден жақындасып, өзіне өнеге тұтқан Сәкен Сейфуллин үшін арашаға түссе керек еді, бірақ Ға­бит  ол үшін әрекет те, мінез де танытпады, ал Бейімбетті қорғауға бар жанын салды, аянбады, өзіне де бұлт үйіріліп, қосақ­пен кете жаздады. Иә, неге сондай өлер­мендікке барды Ғабең?

 

Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 9:43

Отызыншы жыл­дардың зұлма­тын­дағы өрттей қаула­ған отқа кейбір аза­маттар бірін-бірі итеріп, құлатып жат­қан­да Бейімбет Май­линді қызғыштай қор­ғаған жалғыз Ғабит Мүсіреповтің болуы қай­ран қалдырар ерек­ше құбылыс. Оның “Бейім­бет жау болса, мен де жаумын”,– деген сөзі күні бүгінге  дейін жұрт есінде. Осылай депті деп айтқан адамға: “Неге қорғады сонда?”– деген сауал қойсаң, “екеуі дос болған” деп қысқа қайы­ра­ды да нақты себептерін, шын мәнісін біле бермейді. Әуелден жақындасып, өзіне өнеге тұтқан Сәкен Сейфуллин үшін арашаға түссе керек еді, бірақ Ға­бит  ол үшін әрекет те, мінез де танытпады, ал Бейімбетті қорғауға бар жанын салды, аянбады, өзіне де бұлт үйіріліп, қосақ­пен кете жаздады. Иә, неге сондай өлер­мендікке барды Ғабең?

Ғ.Мүсірепов әдебиетке кештеу араласқан адам. Жазушы боламын ба, болмаймын ба деп толқу үстінде біраз жылды өткізіп алды. Қаламгерлікке келуінің өзі шым-шытырық, тарам-тарам жол соқпағы. Жиырма үш жасқа жеткенге дейін (С.Мұқанов оны Орынборға әкеліп, ол рабфакқа түскенше) Ғабит көп жұмыстар­ды істеп те үлгерді. Жиырма­сын­шы жылы ауыл кеңесінің хат­шы­сы, болыстық атқару коми­те­тінің мүшесі болған. Жиыр­ма бірінші жылы Прес­но­го­рь­ков жоғары бастауыш мек­те­бін бітірген. Сонда еркін тақырыпқа орысша жазған он бет әңгімесінен 150 қате жіберсе де, оқытушысы осыдан жазушы шығады деген оймен бес қойған. Ұс­тазының үмітін, сенімін ақ­тамақ болып, талай та­лап­танса да, ештеңе ке­ліс­тіріп жаза алмайды. Одан бұрын екі-үш жыл молдадан оқыған Ғабит мектептен кейін көзі ашылып, оң-солын айыра бастайды. Бірге бітірген жиыр­ма шақты бала Ақмола облы­сы­ның оңтүстік партизандарының тобы деген отрядқа қосылады, бандыларға қарсы күреске қа­ты­сады. Одан кейінгі жерде аз уақыт әскери комиссариатта істеген, аудандық милиция бастығының орынбасары қызметін атқарған. Осындай шырғалаң өмір өткізіп жүрген кезінде С.Мұқанов өзімен бірге ертіп әкет­кен. Қанша уақыт босқа өлді десеңізші.

Ғ.Мүсірепов рабфакта оқыған кезін  кейін есіне алып: “Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым… Бейімбет, Сәкен өлеңдерін  газет, журналдардан оқи бастадым… Бейімбеттің “Шұғаның белгісі” бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім… Ішімнен жазуға құмартсам да қалам ұстауға бата алмадым. Менің құмарлығымды Сәбит сезді білем: “Сен жазуға кіріс деп мазалап жүрді”,– деп жазды (Ғ.Мүсірепов. Сурткер парызы. “Жазушы” баспасы, 1970 ж., 53 б.).

Ғ.Мүсірепов қызығы мен қызуы мол Орынборға, мәдениет пен әдебиеттің дәмін білетін ортаға келген соң жаңа бір өмірге енгендей әсерде болады. Сыртқа жарқыратып шығармаса да бір арман жан-жүрегін езгілеп, жегідей жеп мазалайтын сияқты. Онысын аса ешкімге сездірмей, іштей тынып жүреді. Қалайда жазумен айналысуы керек. Сондай арпалыс кезінде, “іздегенге – сұраған” дегендей, Б.Майлиннің кездесуі оның өміріне де, қаламгерлік қарымына да түбегейлі өзгеріс енгізді деуге негіз бар.

Б.Майлинге арнаған, оны парасаттылықтың эталоны етіп көрсеткен “Біздің Би-аға” атты очеркінде (“Социалистік Қазақстан”, 1965 ж., 12 қыркүйек) Ғ.Мүсірепов өз өмірінің сол тұсынан құнды деректер келтіреді. Ол кезде рабфакта оқып жүрген  Ғабең табыс тауып, күн көру үшін “Еңбекші қазақта” “әдеби қызметкер деген лауазымы бар корректор болып істеп жүреді. Ал С.Сейфуллин газеттің редакторы да ол шақырып алған Б.Майлин жауапты хатшысы еді бұл кезде. Редакция қызметінің бар ауыртпалығын қара нардай жалғыз көтеріп жүрген Бейімбеттің қырағы көзі Ғабитте қоламтасы бықсып, жалындап жана алмай жатқан талант көзі бұғып жатқанын байқап қалса керек.

Бөлім меңгерушілерін, әдеби қызметкерлерін жинап алып, газеттің тілін жақсарту мәселесі бойынша қатты-қатты сын айтқан Бейімбеттің кейістігі Ғабитке де тиіп жатады. Соған қарамай, хатты өңдеп, газетке басатындай етіп дайындап әкелуге материал береді. Белгілі мерзімде әзірлеп алып кел­ге­нін үн қатпай оқып шыққан Бейімбет одан бірдеме жазатын, жаз­байтынын сұрап алады да “жазуға ыңғайың бар сияқты”, “бірдеме жазып байқасаң қайтеді” деп демеп жібереді. Қанат біткендей сезімге  бөленген Ғабиттің  ойында ұшқын тұтанады. Ол туралы кейін әлгі очеркінде былай деп жазды: “Талай талаптансам да бұл күнге дейін еш нәрсені келістіре алмай, үміт үзуге бет алған кезім еді. Бейімбет бұл сөне бастаған үміт отын қайта үрлегендей болды”. Жылы сөз жанды семіртеді. Бейімбет лебізі жас таланттың шабыт бұлағының аузын ашып жібергендей бірнеше күн таңмен таласып, “Теңіз тепкісінде” деген әңгімені жазып шығады. Бейімбетке көрсетпек болып үш рет әкеліп, көрсетпей алып қайтады. Әрине, ұната ма, ұнатпай ма, не дейді, не қояды деген жүрексіну, қобалжу сезімі билеген, әлде аты бүкіл елге мәшһүр жазушыға баруға батылы жетпеген. Сол әңгімесін Ғабит рабфакта шығып тұратын қабырға газетіне бастырады.

Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыровтың  айтуынша, Б.Майлин ол кезде қазақ халық ағарту институты, рабфак, совпарт, тағы басқа оқу орындарын аралап, қабырға  газеттерін оқиды екен. Қалам қарымы барларын тартып, қанаттандыратын болған. Т.Жароковты институттан солай тапқан.

Сәті түсіп Б.Майлин рабфакқа келіп, қабырға газетінен Ғабиттің әлгі әңгімесін асықпай оқып шығады. Онымен қоймай кешке қарай оны жатақханаға іздеп барады. Әр нәрсені сұрастырып отырады да Ғабитке бұрылады.

– Қалай, жігіт, тағы да жазғаның жоқ па? Қабырға газетіндегі әңгімеңді оқыдым. Жаман емес екен… Маған неге көрсетіп алмадың?– дейді. Ғабит бата алмағанын жасырмай айтады. Міне, сол кештің өзінде Б.Майлин алты-жеті тілші, ішінде Ғ.Мүсірепов те бар, тауып, ертеңіне қолдарына растайтын қағаз береді.

Ел жаққа келген Ғ.Мүсірепов Омбыдағы ауыл шаруашылығы академия­сының бірінші курсын бітіреді де Бармашино деген жерде (Бурабай курортының қасында) орман техникумына мұғалім болып орналасады. “Теңіз тепкісінде” әңгімесі туралы С.Мұқановтың пікірлеріне орай “С.Мұ­қа­новқа хат” жазып (1928 ж., 18 сәуір) өз ойларын келтіріп, “Еңбекші қа­зақтағыларға” кейбір реніштерін білдіреді. “Сол әңгіме жиырма жетінші жылы “Тулаған толқында” деген көлемді  әңгімеге айналып, жиырма се­гізін­ші жылы басылып шықты” (Суреткер парызы. 54-б.). Бұл Мүсіреповтің ең бірінші повесі. Өзі де солай есептейді. С.Мұқановтың “Ғ.Мүсіреповтің жа­зушылық өмірбаяны 1928 жылдан басталады”,– деуі де сондықтан болса керек.

Ғабиттің аяқ алысын, қалам қарымын қалт жібермей бақылап жүрген Б.Майлин “Тулаған толқынданы” оқиды. Сондықтан “Шикі жерлері де аз емес екен, бірақ алғашқы адымыңа қатты қуандым” деген мағынада арнайы хат жазады. Б.Майлиндей “әрі үлкен жазушы, әрі маңдайалды журналист” қуаныш білдірсе, Ғабиттің  төбесі көкке екі елі жетпеген шығар. Жаны таза, ақ жарма көңілді адам солай қуанса керек.

С.Мұқановқа жазған хатынан Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш  көркем туындысы әдебиетшілер ортасында, сыншымыз дегендердің арасында біраз пікір туғызып, кереғар ойлар өрістеткенін аңғарамыз. Соған қарамай Б.Майлиннің ас та төк шалқығаны тегін дей аламыз ба? Әрине, жоқ.

Онымен қоймай, ол Ғабитті 1928 жылы қайран қалдырады. Бұған дейін Б.Майлин “Еңбекші қазақ”, “Ауыл тілі” газеттерінде істеп, өлең, мақала, очерк, фельетон, әңгімелерді бұрқыратып жазып, абырой-беделі шығандап кеткен еді. С.Сәдуақасов 1925 жылы “ауыл ақыны” деп баға бергенінің үстіне Б.Майлинді “бас жазушымыз”, асқан журналист деп таныды. Бірінші басшылыққа әсте жоламайтын, ат-тонын ала қашатын ол, С.Мұқановтың сөзімен айтқанда, “Ауыл”, “Еңбекші қазақ” газеттерімен қатар, “Қызыл Қазақстан”, “Әйел теңдігі”, “Лениншіл жас” журналдарының бәрінде де өлең, әңгімелерін үздіксіз жариялайтын, мерзімді баспасөздің ісіне мейлінше кәнігіленіп алған кісі” (Есею жылдары. 1970 ж., 200-б.). Жұмысбастылығының көптігіне қарамай, лекітіп жаза берген.

Б.Майлиннің беделінің өскені сонша, “Ауыл тілі” газетінің жауапты редакторының (алғашында Ж.Мыңбаев, одан кейін Е.Ерназаров) орынбасары қызметін атқарады, 1925 жылы құрылған ҚазАПП ұйымының төралқа мүшесі, 1927 жылы шыға бастаған “Жыл құсы” альманағының, 1928 жылы “Жаңа әдебиет” журналына айналғанда, алқа мүшесі болды. ҚазАПП-ты құру үшін ұйымдастыру бюросын басқару Б.Майлинге жүк­тел­мекші болғанда, ол С.Сейфуллинге “менің міндетім “Еңбекші қазақ” ар­қылы қаламының желі бар,  үміт артар дарындарға көмектесу болсын. Ал ұйымдастыру ісіне, айтыс-тартысқа менің қырым жоқ қой”,– деп азар да безер болып, әрең құтылады. “Еңбекші қазақтан” қол үзбей жүріп, әл­гін­дей қосымша істерге араласа отырып, халқына  қызмет етуде шы­ғар­машылықты серік еткен Б.Майлин 1925 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік баспасына жай редакторлыққа жұмысқа ауысады. Осы екі арада Б.Майлиннің “Өлеңдері” (С.Сәдуақасовтың көмегімен және алғы­сөзімен), “Ел сыры”, “Ел көркі”, “Сағындық”, “От ба­сын­да”, “Күлпаш” өлеңдері мен әңгіме­лерінің жи­нақ­тары, “Ел мектебі”, “Қос қақ­пан”, “Неке қияр” ша­­ғын пьесала­ры, “Бөліс” поэмасы жеке-жеке кітап болып шық­ты. “Сойқанды содырлар” атты фелье­тон­дарының жинағы жарық көрді.

Міне, Б.Майлин­нің асқан ең­бекқорлығы, қаламгерлікке берілгендігі сонша, үлкен іс тындырып, беделі бұрынғыдан да артты. Өзге біреу болса кеудесіне нан пісіп, мұрнын шүйіріп, шекесінен қарап, ешкімді менсінбей қарар еді. Бірақ ондай кеудемсоқтық мінез онда болған емес. Ғ.Мүсіреповті де көзіне ілмей, жанына жуытпайтын дәрежеге жетсе де, Бейімбет баяғы қалпын өзгертпей, “ұлық болсаң кішік бол” қағидасынан айнымайды.

Голощекин республика басшылығына келген 1925 жылдан бастап айтыс-тартыс газет-журналдар мен баспалардың бірін жауып, бірін ашып жатқан аласапыран шақ еді. Қазмемиздат жойылып, орнына “Қазақстан баспасы” ашылмақшы. Қазмемиздаттың бас редакторы С.Мұқанов оқуға кетеді де орнына адам ізделеді. Б.Майлин әдетінше көнбейді, келісім бермейді. Басқа адамның реті келмеген соң сонау Бармашинодағы мұғалім  Ғ.Мүсірепов шақырылады. Сонда оның алдынан шығып, вокзалда қарсы алған ешкім емес, Б.Майлиннің өзі. Кісілік емес, кішілік, арамдық емес, азаматтық принципті арқа тұтқан Бейімбеттің бұл ісіне таңғалуға да, таңданбауға да болады. “Мен онысына әрі қысылдым, әрі қуандым”,– деп кейіннен жазған Ғ.Мүсірепов ертеңінде Бейімбеттің баспада қатардағы редактор  ғана болып жүргеніне әрі таңғалады, әрі қобалжиды. Дереу крайкомға жетіп, “бас редактор болып бара алмайтынын” кесіп айтады. Бірақ ол ондағылардың Б.Майлинді бас редакторлыққа көндіре алмағанынан хабарсыз еді. Соны айтқанда Ғабит өзіне бір-екі күн уақыт беруін, Бейімбетке өтініш айтып көретінін мәлімдейді. Қанша айналдырса да Би-ағаны ол да иліктіре алмайды. “Жоқ, барлық ауыр жұмысыңды мен-ақ істеп берейін. Жауапты редактор сен бола қойшы… Мен болсам, екі айдан кейін бәрібір босанып кетемін. Ауруға ұшырамасын десең, сен бол!”– деп (“Біздің Би-ағадан”) Ғабиттің өзінің қобалжып алабұртқан көңілін басқан көрінеді. “Мойнына қыл арқан салудан басқаның бәрін істеген” Ғ.Мүсірепов көндіре алмаған соң, бас редакторлық қызметіне кірісіп кетеді. Бұл 1928 жыл еді. Артынша Ғ.Мүсірепов “Қазақ баспасының” жайы деген мақала жазып, алдағы мақсаттар мен міндеттер туралы пікірлерін “Еңбекші қазақтың” 5 қарашадағы санына жариялатады.

Міне, сол кезден бастап 1937 жыл­дың аяғына дей­ін екеуі­нің жұбы жазылмай, қоян-қолтық араласып, қатар жұмыс істеп жүреді. Арты достыққа ұласады. Б.Майлин сегіз жас үлкен, атағы дардай болса да Ғ.Мүсіреповті өзімен тең санайды, кемітіп-кемсітпейді. Ғабит те оның бар болмыс-бітімін, жан-дүниесін білуге, қандай адам екенін зердесінен өткізіп түсінуге толық мүмкіншілік туады.

Айтыс-тартыстың ұласқан ең бір сорақы түрі – социологиялық содыр сын. Алаш зиялыларын аластау мақсатымен сыпыра сынап, жер-жебіріне жетіп, қуғын-сүргін жүргізген шаралардың зиянды зардабы шығандай берді. 1929 жылы, зерттеушілердің деректеріне қарағанда, “буржуазиялық ұлт­шыл­­дар” деген жаламен 44 ала­ш­орда қайраткерлері тұтқын­дал­са, 1930 жылы 40-қа жуық ұлт зиялыларының өкілдері ұсталып, қамауға алынады. Мұның арты басқаларды да әшкерелеп, айыпты етуге әкеп соқтырады.

1932 жылы Б.Майлиннің 20 жылдық ақындық өнері ата­лып өтті. Бірақ, ол жазушының жеткен жетістігінен гөрі, кемшілігін дабырайта көрсетуге бағытталды. Оның бір кезде, он жылдан астам бұрын Алаш­орда отрядының сапында болғанын қоңыр­сытып, “ұлтшыл”, “алашшыл”, “байшыл”, “сәдуәқасовшыл” деген сияқты кінәлар тағылып, отызыншы жылға дейінгі шығармалары жоққа шығарылды, оны есеңгіретіп, жанын жаралады. Республика басшылығына Л.Мирзоян келгенге дейін еңсесін көтере алмай дағдарды Б.Майлин.

Бұл кезде Ғ.Мүсірепов оны әлі ашық қорғауға бара алған жоқ. Алайда, ішінде бір қыжылдың сақталып жүргенін көп ұзамай ол білдірді. Алакөздік туғызып, бірін-бірі жөн-жосықсыз іреуге жол берген, әдебиеттік процеске әділ бағыт-бағдар алмаған ҚазАПП ұйымы 1932 жылы таратылып, Қазақ кеңес жазушыларының одағы құрылатын тұста Ғ.Мүсірепов батыл мінез көрсетті. Одақты құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің бірінші пленумында баяндама жасаған Ғ.Мүсірепов әдебиет ахуалын талдап-таразылап, артық-кем кеткен тұстарды саралай келіп, Б.Майлиннің “Он бес үй” повесі, “Майдан” пьесасы туралы оңды пікірлер айтып, мерейін өсіріп тастайды. Көпшіліктің алдында Б.Майлин шығармашылығына дұрыс баға беруі Ғабеңнің оның қандай адам екендігіне көзі әбден жеткен сезімнен туған болу керек.

Мұнымен қоса Ғ.Мүсірепов баяндамасында “былтыр жиырма жылдық тойын өткіземін дегенде, надан сыншы, содырлы қазанбұзарлық салдарынан Бейімбетті маңдайға мықтап бір соққызып алдық… Міне, бұл әрі саяси жала, әрі саяси ауыр соққы еді. Мұны біз әлі түзеткен жоқпыз. Кезінде көпшілік болып мұның қате екенін дәлелдеген қаулымызды “жеке басқарушылық” (единоличие) жасап, Қайыпназаров жолдас басып қалдырды”,– деп (Суреткер парызы. 88-б.) Бейімбетке таңылған жаланы алып тастауды меңзеді. Ол солай шешілді ме, жоқ па, ол туралы қолымызда дерек жоқ. Б.Майлинді ашық және батыл қорғауға Ғ.Мүсірепов алғаш осылай кірісті. Ал Бейімбет, тұстастарының айтуынша, үстінен түйе жүріп өтсе де мыңқ етпейтін, өзін-өзі қорғауға бара алмайтын жан. Соны Ғ.Мүсірепов сезген, білген, сірә.

Содыр сойқанның  қасіреті алда еді. Б.Майлинге деген көзқарас та, көңіл де Ғабит сөзінен кейін оңына қарай түзелген  сияқты болатын. Бірақ 1937 жылы бәрібір өзгеріп шыға келді.

1937 жылдың қаңтар айының 16-23-і күндері Қазкрайкомның VІІ пленумы өтіп, партия құжаттарын ауыстырудың қорытындылары қаралып, алдағы міндеттер талқыланды. Қабылданған  қаулысында партияның жаулары  кезінде әшкереленбеді деп көрсетіліп, қазақтың төңкеріске қарсы ұлтшылдығына, оған қарай ауытқушыларға қарсы күресті әлсіретпеу талабы қойылды. ВКП(б) Ор­та­лық комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында: “Троцкишілерге қар­сы күресте қазір ескі әдістер – дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек”,– деген нұсқау жасалынды. Осы құжаттардан кейінгі қимыл-әрекеттер шынында қиратқыш күшке ай­нал­ды. Әркім бас сауғалап, аман қалу үшін бірін-бірі көрсету әдісіне  көшті. Оның өзі баспасөз беттерінде ашық жасалды. Олай ете алмағандар жасырын көр­сетіліп отырды. Басында “ұлтшыл”, “алашордашыл” деген шу көтеріліп, бара-бара “халық жауы” дегенмен ұласты да, алақұйын даңғаза жайлап қоя берді.

Бұл жолғы әшкерелеуге бірінші болып Б.Майлин ілікті. Оның 1932 жылғы сыналғанын қайта жаңғырықтырып, жаңа жалалар тағу қарастырылды. Шабыттың шалқар кеңістігіне шығып, шығармалар жазу өрісін кеңейтіп, бұрынғы  шағын жанрлар аясында тоқырап қалмай, кең тынысты повесть, роман, пьесалар өндірте жазып жүрген кезі Бейімбеттің. Енді тиіседі деген ой қаперінде жоқ еді. Аяқ астынан көтеріліп, желдете бастап, құйындата соққан қарадауыл жайпап, жапырып кетеді деген ешкімнің ойына да келмеген болатын.

Газеттер бетінде жарық көрген “Жазушылар ұйымы және жаңа міндеттер”, “Тарихи қаулыдан кейін”, “О положении в Союзе писателей”, “Жинақтар” туралы немесе алашордашыл контрабанданың тағы бір түрі туралы” деген мақалаларда Б.Майлин мен С.Сейфуллин бірінші болып өткір сынға ұшырады. І.Жансүгіров, М.Әуезов те оған ілініп  кетеді.

Бұл мәселені қарау Одақтың партия жиналысына көшіріледі. Сол жылы сондай бірнеше жиналыс өткен. Әсіресе 11-13 шілде күндерінде өткен жабық партия жиналысында “халық жаулары” деген тіркес алғаш қолданылып, бір-бірімен қырғи қабақ болып тарасады. Қойылған міндет – “халық жауларының зиянкестерін, қалдықтарын құрту, оған ымырашылдық қылғандарға сын және өзара сынды жұмсау”. Қалдықтары кімдер? Олар Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров. Ымырашылдар кімдер? С.Мұқанов, М.Әуезов, тағы басқалар.

Сынды өршітуге бұл аз болғандай, енді 7 қыркүйекте Алматы  қаласындағы жазушылардың жалпы жиналысы өтеді. Қаралған мәселенің өзі үрей туғызады: “Ұлтшыл фашистердің әдебиеттегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы”. Зиянкестік жасап жүргендер деп оларды әйгілесе, жас кадрлар деп олардан кейінгілерді есептейді. Осыдан кейін сын басқа, қатал, өш алу реңкіне айналып, газет беттерінде “Совет жазушыларының қатарында жат элементтерге орын жоқ”, “Буржуазиялық ұлтшылдардың бірін  қалдырмай әшкерелеп, жермен жексен қыламыз”, “Ұлтшыл фашист жауларды түп-тамырымен құртайық” деген сияқты мақалалар қаптап кетеді. Солардың қайсысында болмасын Б.Майлиннің “зиянкестігі” айтылмай қалмаған. Оны алашордашыл, ұлтшыл фашист, қазақ халқының нағыз жауы етіп көрсетеді.

Б.Майлин “Қазақ әдебиеті” газетінің жауапты редакторы қызметінде болса да, жыл басынан дерлік  “Аманкелді” көркем фильмін түсірудің басы-қасында жүреді. Достары С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің ұсталып, түрмеге қамалғанын да дер кезінде біле алмайды. Еміс-еміс сыбыс оған да жеткен болуы керек, фильмді түсіріп бітірер кезде бойында қобалжу туған сияқты. Ол сол достарынан кейін ұсталды. Оның себебі – фильмді түсіруде жүргендігі. Соны еске алған Ғ.Мүсірепов кейінгі бір сұхбатында былай деген болатын: “Бейімбет ұсталардан бір-екі күн бұрын Мирзоян маған: “Сәкен мен  Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне, Бейімбет те ұсталайын деп отыр. Материал көп…” деп қынжыла айтты. Сонда мен Мирзояннан: “Онда мына фильмді қайтеміз?”– деп сұрадым… “Түсіре берсін фильмді. Бір амалы табылар, ол фильм керек қой”,– деді ол” (Т.Кәкішев. Ескірмейді естелік. 1994 ж., 276-бет).

Осыдан кейін-ақ Одақ партия жиналысында Б.Майлин мәселесі қаралады. Баяғы көкезу сын, жерден ап, жерге сап төмпештеу. Бұл 1 қазанда болған. Фильмді түсіру аяқталып, 6 қазан күні үйіне келген кеште Бейімбет қамауға алынады. Екі күннен кейін, яғни 8 қазанда Одақта тағы партия жиналысы өтіп, онда Б.Майлинді партиядан шығару мәселесі қаралған. Қабылданған қаулы Президенттің мұрағат қорында сақтаулы. Жиналыс Б.Майлинді халық жауы деп тауып, КП(б)К мүшелігінен шығарған.

Ең бір қияметі – халық жауының түбіріне балта шаппай, түп-тамырымен құртпай болмайды деген көпірме сөзбен түйреген, кеше өзі қолпаштап, өсірген “таланттылардың” әпербақан істері болды. Бұдан бұрын да тобығынан қағып, самғатпай, қанатын қиып тастауға тыраштанған олар енді оның қасиетті, қадірлі басына секірді, суға батырудың  талай айла-шарғысын істеп бақты. Ақыры алып бәйтеректі құлатқандай “жұмыс” бітірді. Тек Ғ.Мүсірепов қана ондай масқаралыққа ұрынбады.

Әркім өз басын сауғалап жүргенде қорғайтын жанның табылуы екіталай. Ондай бір-ақ адам шықты. Ол – Ғабит Мүсірепов. Жоғарыдағы жиналыста, Б.Майлин мәселесін қарағанмен, таяқтың екінші ұшы оған тиді.

Жиналыстағы талқылаудың, алған қаулының негізінде жазылып, газеттерге жарияланған мақалалардан Ғ.Мүсіреповтің қалай сыналғанын айқын аңғарамыз. “Казахстанская правда” газетінің 11 қазандағы санында жарық көрген “В партийной организации Союза писателей” атты мақалада: “Писатель коммунист Габит Мусрепов, бывший в то время заведующий культпросвет отделом ЦК КП(б)К, бил себя в грудь, заверяя тогда партийную группу правления Союза советских писателей Казахстана в том, что он несет полную ответственность и вручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина”,– деп бір шүйіліп алады да, ол “халық жауларын” қорғап келді деп сынайды. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінде 15 қазан күні жарияланған “Халық жауларының жетегіндегі жазушы” мақаласында “ұлтшыл-фашист сұмырайлар қылмысы әшкереленіп, қолға түсті” деп сүйінші сұрағандай боп, Ғ.Мүсіреповті қырына алады. “Ғ.Мүсірепов халық жауы Майлиннің жан аяспас досы. Онымен қойындасып, құшақтасып, бірге тұрып, бірге жүрген адам. Сондықтан да Мүсірепов халық жауы Майлинді қанатының астына алып, қорғап келді. Майлиннің бұрын Алашорданың офицері болғаны, Совет өкіметіне  қарсы күрескені, большевиктерге оқ атқаны, шығармаларындағы контрреволюциялық тұжырымдамалары жайында Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселені дер кезінде көтерсе де, Мүсірепов өзінің қызмет орнын пайдаланып… Майлинді қалайда аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезге дейін ашықтан-ашық сүйеп келеді”,– деп өтірік-шынды араластыра көпіртіп, Ғ.Мүсіреповті жардан құлатуға жақындатады. 16 қазан күнгі “Лениншіл жас” газетінің санында да есеп-шолу беріліп, сондай сын өрбітіледі.

Осы жиналыста болса керек, Ғ.Мүсірепов өзінің айтуынша, былай деген: “Би ағаң халық жауы болса, мені де сол кісінің нақақ жаладан опық жеген тобында деп есептеңдер, жарандар! Бүкіл өмірін туған халқы үшін сарп етіп, қаршадайынан соның мұң-мұқтажын жоқтап, даналық сөзін сұрыптап, хатқа түсіріп, әдебиетінің іргесін қаласып, бүкіл Қазақстан жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген азаматты “халық жауы” деп қаралауға қалайша ауыздарың барады, ар-инабат, намыс деген қайда? Бүгін Бейімбет Майлинді қаралап, оның адал еңбегіне күйе жағып, ғажап дарынын қызғаныштан қаралап отырғандардың ертең-ақ халық алдында, иә, тарих өткелінде қарабет болмасына кім кепіл!” (М.Сәрсекеев. Ғабит Мүсірепов туралы эсселер. “Жұлдыз” журналы, 1992 ж., №11, 110-б.).

Бұл Ғ.Мүсіреповтің ашу-ызаға, ар-намысқа толы көкірегінен ышқына шыққан сөзі. Қарт қаламгер Ғ.Ахмедовтың айтуына қарағанда, Орталық партия комитетінің партия жиналысында Б.Майлин туралы да сөз болыпты. Онда да Ғабит Мүсірепов: “Ол кісіні жақсы білемін, адал ниетті, нағыз коммунист, егер оны жау десеңдер, мені де жау деп санауларыңа болады”,– деген екен (Ғ.Ахмедов. Алаш Алаш болғалы. 110-111-б.б.).

Сол 8 қазан күнгі жиналыстың қаулысында: “Мүсіреповтің ісін КП(б)К Орталық комитеті партия жиналысына  оның партиялығын қарауға жіберу керек”,–  деген бап бар. Мәселе онда қаралды ма, жоқ па, ол туралы ешбір дерек, не құжат қолымызға түспеді. Қалай болғанда да Ғабитті де арандатпай қоймайтын әрекеттерінің барысы аса қауіпті еді. Бірінен соң бірі әшкерелеуге ұшырап, қапасқа түсіп, қуғында жүріп, құрбан болып жатқанда Ғ.Мүсірепов қалай аман қалған деген ойға қалады екенсің. “Батырға да жан керек”, демекші, қанша батылдық, күрескерлік қайрат көрсеткенмен, өзіңнің мойныңа да қылбұрау ілінейін деп тұрғанда қол қусырып, басыңды ұсынып отыра беруге бола ма. Оның амалын тауып, Мәскеуге кетіп, жан тасалағанын жоғарыда келтірілген “Ғабит Мүсірепов туралы эсселер” мақаласынан білдік.

Ғ.Мүсіреповтің аман қалуы Алланың бір рахымынан болған шығар. Ол көзі тірі кезінде көп нәрсеге көзімізді жеткізді. Б.Майлин туралы әлсін-әлсін мақалаларын жазып, сөздерін айтып жүрді. 1957 жылы Бейімбет ақталардан бұрын ол туралы пікір (отзыв) жазып берген де тек Ғ.Мүсірепов. Бұл оның айнымағандығы. Бүкіл өмір бойы бақилыққа кеткенше Б.Майлинді қорғау өз алдына, құрмет тұтып, қастерлеп өтуінің не себебі, не мәні бар? Тек алғашқы кезде жазушы болуына қол ұшын, жәрдемін бергені үшін десек, ол ұшқарылау, келте қайырғандық болар еді. Үңіле қарасақ, екеуі бір тұтас адам сияқты. Олардың ең алдымен табынған кредосы, пір тұтқан асылы – адамгершілік ар мен намыс, жан сұлулығы. Бұл қасиеттерді ешқандай алтынға айырбастамайтынын дәлелдеп, нақты достық қарым-қатынастарымен, дүниетанымдық істерімен көрсете білді. Екеуінің мұраты азамат бола білу болды. Адамгершілік биік дәрежеге көтерілген адам ғана нағыз азамат. Жоғарыдағы жиналыста Ғ.Мүсіреповтің “ар-инабат, намыс қайда” деуі сол азаматтықтың белгісі. Ол Б.Майлинді осындай жағынан жақсы білген, үлгі-өнегесінен үйренген.

Кейін Б.Майлинмен болған кездерін ой елегінен өткізіп, зерделеп, әбден санасында қайнап піскен пікірлерін Ғ.Мүсірепов өзімен бірге ала кетпей, жазып кеткен, өнеге етерлік мінездерін ашып берген.

– Ол жас таланттарды да соншалық көрегендікпен, аңдағыштықпен тауып ала қоятын. Асылы, біздің, оның замандастарының қай-қайсысы болсақ та Бейімбет Майлиннің киелі қолы, яки оның керемет редакторлық қаламы тимей өте алдық демес едік.

– Біздің прозамыздағы  реализм шыңына шыққан шеберлік өзгелердің бәрінен де бұрын Майлин есімімен берік байланысты. Ол – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, әрі прозадағы сүйекті шығармаларды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер жазушымыз. Біздің қай-қайсымыз болсақ та Бейімбет Майлиннің “Шұғаның белгісі” повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз.

Ғ.Мүсірепов жазушы шығармашылығын осылай бағалай келіп, оның баға жетпес адамгершілік, азаматтық бітім-бейнесін төмендегіше сипаттайды: оның қарапайымдылығы, қолының кіршіксіздігі, жүрек лүпілінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантымен тең тізе қосқан еңбекқорлығы…”, “бірдемеге бастық болуға жоламау… ерекше мінезі еді”, “газет, журнал беттерінде қым-қиғаш айтыстар болып жатқан күндерде… бір жазушы туралы  жаман сөз айтқан емес, бет тырнаса, кеудемсоқ сынға ренжіп қарайтын еді…, жиналыстарда сондай ыңғай, белгі білінсе-ақ “кетпейміз бе?” деген бірауыз сөз жазған бір жапырақ қағаз жібереді маған, өзі сытылып шығып, есік алдында күтіп тұрады…”, “бір қасиеті – ғажайып табиғилығы…”, “ол жүріс-тұрысы сабырлы, салқынқанды мінездің адамы, біреуге сен деп керілдесіп жатқанын көрген  емеспін. Бас қатырар тобыр жиыннан аулақ жүретін. Сонымен қоймай өзі де қонақжай болды. Қазақтың сол кездегі көптеген өнер, әдебиет адамдарымен Би-ағаның үйінде таныстым десем артық емес”.

Осының бәрі ұлылыққа тән мінездер емес пе. Амал не, сондай ілуде бір-ақ рет кездесетін адамды сақтап қала алмады, жалаңдаған репрессия мен ұлттық  психологиядағы кертартпалықтың құрбаны етіп жіберілді. Ерлікке пара-пар қимыл жасаған Ғ.Мүсірепов те құтқара алмады, ол  мүмкін де емес еді.
Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ,
журналист.

30 қараша 2001 жыл.